Телефонға телміріп, өз бойымыздағы қасиеттерді, болмысымызды жоғалтып алатын сәттер де жиі кездеседі. Ал керісінше ешқандай желіде аккаунты жоқ адамдар мен детокс жасайтындар физикалық және психологиялық тұрғыда әл-ауқатын жақсартып, жұмыс істегендегі өнімділігі артқанын айтып жатады.
Орта есепппен алғанда адамдар күніне шамамен 2 сағат 24 минутты әлеуметтік желіде өткізеді екен. Бұл туралы 2020 жылы жүргізілген Hootsuite зерттеуінде айтылған. Ал Pew Research Center сауалнамасы ересектердің 69%-ы Facebook-ті, ал 74%-ы YouTube-ті белсенді түрде пайдаланатынын көрсеткен. Осылайша, танымал платформаларға тәуелді жандардың қатары күн санап көбейіп жатыр. Чикаго университетінің зерттеуі әлеуметтік желілерді пайдалану темекі шегу, ішімдік ішу немесе есірткіге тәуелділік секілді зиянды әдеттерден кем емес екенін көрсетті. Ал Common Sense Media жүргізген сауалнамаға сәйкес, жасөспірімдердің 50%-ы өздерін мобильді құрылғыларына, соның ішінде әлеуметтік желілерді пайдалануға тәуелдімін деп санайды. Бұл тәуелділік олардың оқу үлгеріміне, ұйқысына және жалпы өмір сапасының нашарлауына әсер ететіні анықталды. Ұлыбританиядағы Royal Society for Public Health зерттеуіне сәйкес, Instagram психикалық денсаулық, өзін-өзі бағалау және өз болмысына көңілі толмайтын жастар үшін ең қауіпті әлеуметтік желі болып саналады.
Әлеуметтік желілердің негізгі проблемаларының бірі — олардың үнемі қол жетімділігі және тоқтаусыз қабылданатын ақпарат ағыны. Күн сайын, тіпті әр сәт сайын бір жаңалық оқуға құмармыз. Үнемі әлемде не болып жатқанын бақылап жүреміз. Сіздің желідегі достарыңыз бен оқырмандарыңыз өмірдегі шынайы қарым-қатынасты алмастыра алмайды. Бала кезден бірге өскен не бірге оқыған дос-құрбы, жақын достарыңыздың қолдауы бәрінен маңызды.