Манипуляцияға толы фактілерді тексеруді кез келген адам қолға алса, меңгеріп кете алады. Тіпті, мемлекеттік органдардың атын пайдаланып фейк тарататын ресрустар болады. Журналистің айтуынша, мұндай фейктер пандемия кезінде, Қаңтар оқиғасы кезінде көп болыпты. «Мысалы, 42 500 теңге жәрдемақы алу кезінде осындай жайттар орын алды. Одан кейін «2022 жылы қаңтар кезінде Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі 50 мың теңгеден ақша таратып жатыр» деген ақпарат шықты. Ол WhatsApp желісінде видео форматта тарады. Ол үшін мынадай қадамдарды орындауыңыз керек, сілтемеден өтіп тіркеуден өтесіз, орындағаннан кейін 30 секундқа ашып қоясыз, администратор сіздің деректеріңізді тексереді деп қадам-қадам бойынша нұсқаулық береді. Сіз оның бәрін орындай берсеңіз, барлық деректеріңізді осы фишинг парақша ашқан алаяқтар пайдаланады.
Мен соны тексеріп көргенде, оны таратқан домен 2022 жылы 12 мамырда тіркелген, тіркеу иесі АҚШ-тың Аризона штаты, Финикс қаласында тұратыны анықталды. Яғни алаяқтар осындай таңбалардың кездейсоқ комбинациясын білдіретін домен атауларының тұтас жиынтығын пайдаланады. Оны Еңбек министрлігі емес, кездейсоқ комбинациялардан тұратын домен жасап шығады. Ол домендер бір күнде бір адамның атына ғана тіркеледі және күнделікті ауысып отырады.
Сонда 50 мың теңге сыйақы туралы хабарламаның Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігіне ешқандай қатысы жоқ екенін білдім. Яғни фишинг сайттарға жатады. Ондай нәрселерге көп адамдар алданып қалады. Былай қарасаңыз, шынымен сенім туғызатын сияқты көрінеді, бірақ шын мәнінде ол жалған дүние», – дейді Халима Тәжіқұл.
Журналистің айтуынша, қазір Украина мен Ресей арасындағы соғыс кезінде де ақпараттық соғыс өте қатты жүріп жатыр. Әсіресе, соғыс басталған кезде, мысалы, Киев мэрі Виталий Кличконың Instagram парақшасының көшірмесі жасалған. Сол клон-парақшада мынадай сөз жазылады: «Киев қаласы қоршауда қалды, қала тұрғындарын эвакуациялау мүмкін болмай жатыр». Осы ақпаратты Украинаның Telegram каналдары да бөліседі. Олардың ешқайсы клон-парақшада 6 ғана жазылушысы бар, өзі 19 адамға ғана жазылғанына, бұған дейін мүлде ақпараттар, жазбалар жарияланбағанына мән бермейді. Бірақ көп ұзамай Киев мерінің әкімшілігі «бұл ресми парақша емес» деп бірден жоққа шығарып, бұл парақша блокқа қойылды.
А.МҰСАБЕКҚЫЗЫ, «Ana tili»