Фейк ақпарат әрқашан қандай да бір қақтығыс негізінде жасалады. Әлемде болып жатқан соғыстар, ұлттық немесе діни негіздегі текетірес, ішкі саяси қақтығыстар – мұның бәрі көбінесе осы оқиғаларға түрткі болған жалған ақпаратқа негізделген.
Жаһандық соғыстар, шиеленістер, қылмыс, лаңкестік және жойқын климаттық өзгерістер, саяси, әлеуметтік немесе экономикалық жағдайлар кезінде таратылған ақпарат теріс пиғылда мақсатына жетеді. Біз адам өмірін жеңілдетуі тиіс ғылыми жаңалықтардың өзін манипуляция құралы ретінде қолдана бастаймыз.
Жалған ақпарат таратудағы басты мақсат – халықтың назарын аудару, адамдарды өтірікке сендіру, қоғамда тұрақсыздық тудыру. Сонымен қатар, фактілерді табу жалған ақапаратқа қарсы тұрудың құралы. Алайда нақты фактіге қол жеткізу қиын. Өйткені олар негізінен ғаламтор арқылы таратылады және ол жерден дереккөзді табу кейде мүмкін болмайды.
Бүгінгі таңда көптеген әлеуметтік желілер мен ақпараттық сайттарда таралып жатқан жалған жаңалықтардың аудиториясы екі түрге бөлінеді. Кейбіреулер көңіл көтеретін, сенсациялық сипаттағы ақпараттарға мән бермесе, басқалары жазылғанның бәріне сенеді, тіпті барлық ақпаратты өз тарапынан таратады. Өкінішке қарай оны тоқтату мүмкін емес.
Пандемия кезінде де жалған ақпараттар көп тарады. Мұндайды көрмеген халық есеңгіреп, әрнәрсеге сенгіш болды. Бұл жағдайды да өз мүддесіне пайдаланғандар кездесті. Коронавирустық пандемия біздің әл-ауқатымызға, жұмыс істеу, оқу, қарым-қатынас жасау, тіпті басқа да қажеттіліктерімізді қанағаттандыру — эмоционалдық, әлеуметтік, мәдени, діни, рухани қажеттіліктерімізге әсер етті.
Адам күніне қаншама ақпаратқа қанығады. Оның қаншасы жалған екендігіне де көз жеткізбей жататындар көп. Өйткені біз қарым-қатынас жасау үшін, өмір сүру үшін ақпаратқа тәуелдіміз. Ақпарат қоғамның санасына әсер ету үшін аса қажет қару. Сол үшін шынайы, дер кезіндегі және дұрыс жеткізілген ақпаратты ғана қабылдау маңызды.