Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым» сайлауалды бағдарламасын ұсынғанына бір жыл өтті. Онда ҚР Президенті жаңа тарихи кезеңдегі республиканың негізгі даму бағыттарын белгілеп берген болатын. Атап айтқанда, маңызды құжатта экономика, әлеуметтік сала және өңірлік саясаттағы түбегейлі өзгерістер жөніндегі жоспарлар айқындалған. ҚР Үкіметінде Президенттің сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру барысында әлеуметтік салада қандай нақты нәтижелерге қол жеткізілгені айтылды.
Бар жақсы – балаларға
Таяуда ғана ҚР Президенті «Ұлттық қор – балаларға» жобасын 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап іске қосу үшін заңнамалық түзетулерге қол қойғаны мәлім. Оның аясында Ұлттық қордың инвестициялық табысының 50%-ы 18 жасқа дейінгі барлық бала арасында бөлінетін болады. Бала қаражатты кәмелет жасына толғаннан кейін білім алуға немесе баспана сатып алуға пайдалана алады.
Ал, 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақы мөлшері 60 мың теңгеден 70 мың теңгеге дейін көбейген болатын. Бұл көрсеткіш 2024 жылдан бастап 85 мың теңгеге ұлғаятын болды.
Бала күтімі бойынша мемлекеттік жәрдемақы мен әлеуметтік төлем төлеу мерзімі 1 жылдан
1,5 жылға дейін ұзартылды. Биылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша шамамен 632 мың ата-ана 258 млрд. теңгеден астам сомаға төлем алды.
Бұрын тауар түрінде берілген атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) алушылар қатарынан 1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларға арналған кепілдендірілген әлеуметтік пакет монетизацияланды. 2023 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша 6 млрд. теңгеге 182 мың балаға қосымша төлем тағайындалды.
Түркістан облысында бүгінгі таңда 154,7 мың адам атаулы әлеуметтік көмек алады. Биыл
26 528 отбасыға 10 128,74 млн. теңге көлемінде АӘК тағайындалып, аз қамтамасыз етілген азаматтардың үлесі облыс халқының 7,2 пайызын құрап отыр. Айрықша атап өтер жәйт, өткен жылмен салыстырғанда АӘК алушылар саны 22 пайызға кеміді.
Түрлі инстанцияларға жүгінбей-ақ, проактивті форматта мемлекеттік қолдау көрсетуді қарастыратын Отбасының цифрлық картасы (ОЦК) енгізілді. Әлеуетті қызмет алушыға 1414 бірыңғай байланыс орталығынан SMS хабарлама жіберіледі. Хабарлама алған азамат оған келісемін деп жауап беруі қажет. Өтінішті толтыру және жәрдемақыларды немесе төлемдерді тағайындау автоматты түрде жүзеге асырылады, осыдан кейін қаражат қызмет алушының банк шотына аударылады. Цифрлық карта мемлекеттік органдардың қолданыстағы барлық ақпараттық жүйесіндегі деректер негізінде қалыптасады. Бүгінгі таңда онда 6 миллионнан астам отбасы туралы мәлімет жинақталған.
Отбасының цифрлық картасы ешқандай өтініш жазбай-ақ жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдердің 10 түрін рәсімдеуге мүмкіндік береді:
*еңбекке қабілеттілігінен айырылу бойынша әлеуметтік төлем;
*жұмысынан айырылу бойынша әлеуметтік төлем;
*асыраушысынан айырылу бойынша әлеуметтік төлемдер немесе жәрдемақы;
*мүгедектігі бар бала тәрбиелеп отырған ата-анаға (қамқоршыға) жәрдемақы;
*мүгедектігі бойынша жәрдемақы;
*көп балалы отбасыларға берілетін жәрдемақы;
*«Алтын алқа» және «Күміс алқамен» марапатталған көп балалы аналарға жәрдемақы;
*атаулы әлеуметтік көмек;
*жерлеуге берілетін бір реттік төлем.
Отбасылық цифрлық картаның тиімділігі
ОЦК арқылы зейнетақы төлемдерiн алу, «қандас» мәртебесi тағайындалғаны/ұзартылғаны, мерзiмiнің аяқталуы және жұмыссыз тұлғаларды жұмыспен қамту шаралары туралы автоматты хабарламалар жасалады.
2029 жылға дейін елімізде 3,3 миллионнан астам азаматты жұмыспен қамту үшін 450 мың жаңа жұмыс орнын құру, оның ішінде жастарға 200 мың жұмыс орнын (44%-ын) ашу бойынша жүйелі шаралар қабылданып жатыр. Жұмысқа орналастыру ұлттық жобалар, кәсіпкерлік бастамаларды ынталандыру, мемлекет тарапынан субсидияланатын жұмыс орындары және тағы басқа да жолдар арқылы жүзеге асырылуда.
Жұмыспен қамту картасы шаруаны жеңілдетті
Әкімдіктерде өңірлік жұмыспен қамту карталары бекітілді, соған сәйкес 911 мың адамды жұмыспен қамту жоспарланған. Жыл басынан бері 847 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылды, оның 420 мыңнан астамы – жастар. Уақытша жұмыссыз қалған азаматтарды қолдау жүйесі, оның ішінде жұмысынан айырылу бойынша төленетін әлеуметтік төлемдер көлемін кірістің 45%-ына дейін ұлғайту арқылы күшейтілді. 1 қарашадағы жағдай бойынша 172,3 мың адам 37,8 млрд. теңге сомасында алды.
Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметі бойынша «Өңірлік жұмыспен қамту картасына» сәйкес 109,7 мың жұмыс орнын ашу көзделген-ді. «Кәсіпкерлікті дамытуға арналған ұлттық жобаны» жүзеге асыру аясында 112, 4 мың адамды жұмыспен қамту шараларына жолдапты. Оның 40 мыңнан астамы тұрақты жұмысқа орналасқан. Сонымен бірге биыл 466 инфрақұрылымдық жоба аясында 5 мың жұмыс орнын ашу жоспарланса, өткен 10 айда оның 3 174-і іске қосылған.
Еңбек заңнамасын либеризациялау және жұмысқа алудың жаңа формаларын (қашықтан жұмыс істеу, икемді жұмыс кестесі, жарты күндік жұмыс күні) дамыту мақсатында биылғы 1 шілдеден бастап тиісті түзетулер енгізілді. Осылайша, ресми түрде келесі режимдер пайда болды: бірлескен жұмысқа орналасу, икемді жұмыс кестесі, тараптардың келісімі бойынша 4 күндік жұмыс аптасы (5 күндік немесе 6 күндік жұмыс аптасына кезектестіру құқығымен) және платформалық жұмыс.
Халықтың әлеуметтік тұрғыдан аз қорғалған топтары қатарындағы, оның ішінде мүгедектігі бар кәсіпкерлерге 9 мыңнан астам грант (400 АЕК-ке дейін) берілді. Грант алу үшін business.enbek.kz порталы арқылы «Бастау Бизнес» кәсіпкерлік негіздерін оқуы қажет. Түркістан өңірінде биыл жаңа бизнес идеяларды жүзеге асыруды қолдау мақсатында 2,3 млрд. теңге бөлініп, 1 688 азамат мемлекеттік грант жеңіп алды.
I топ мүгедектеріне күтім жасайтын отбасы мүшелеріне жеке көмекші ретінде еңбекақысын төлеу және жұмыс уақытын еңбек өтіліне қосып тіркеу мүмкіндігі енгізілді.
Қазақстан Республикасы азаматтарының мүддесін қамтамасыз етуге бағытталған ішкі еңбек нарығын қорғау шараларын күшейту аясында 2023 жылы шетелдік жұмыс күшін тарту квотасы өткен жылмен салыстырғанда 21,5%-ға қысқартылды.
Жастарға басымдық берілді
Жетім балаларға арналған 36 ұйым балаларды қолдау орталықтарына трансформацияланды. Балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау, суицидтің алдын алу және олардың құқықтары мен саламаттығын қамтамасыз ету жөніндегі 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспар қабылданды.
Бұған қоса орта білім беру ұйымдарындағы психологиялық қызмет жұмысының жаңа қағидаттары бекітілді. Бұл шаралар тиісті мамандардың тиімділігі мен жауапкершілігін арттыруға бағытталған.
Ақмола, Қостанай, Ақтөбе, Павлодар, Қарағанды, Батыс Қазақстан облыстарында, сондай-ақ, Астана мен Алматы қалаларында психологиялық қолдау орталықтары құрылды. Бұдан бөлек, педагог-психолог қызметі цифрландырылды. Бұл оларға консультациялық көмекке мұқтаж балалармен арнайы жұмыс істеуге мүмкіндік берді.
ҚР Мемлекеттік жастар саясатының 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы қабылданды, ол жастарды әртүрлі мемлекеттік қолдау шараларымен қамтуды кеңейту, жастар кәсіпкерлігін ынталандыру, жұмысқа орналастыруды қамтамасыз ету және тағы басқа шараларды көздейді.
Биылғы 1 наурыздан бастап жас кәсіпкерлерге «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы жылдық 2,5%-бен шағын несие беру көзделген. Барлығы 7,4 мың өтінім қабылданып, 24,1 млрд. теңге сомасына 5,3 мыңнан астам шағын несие мақұлданды.
Дайындаған С.ЖЕКСЕНБАЕВ