Қазақстанда 2022 жылдың 1 қыркүйегінен бері Әлеуметтік кодекс жобасы аясында пилоттық режимде Отбасының цифрлық картасы іске қосылғаны белгілі. Мақсаты – елдегі әр отбасының әлеуметтік әл-ауқатының деңгейін айқындап және оларға мемлекеттік көмекті автоматты түрде ұсыну. Ол әртүрлі мемлекеттік органнан алынған мәліметтерді жинақтайды.
Нақтырақ айтқанда, цифрлық картаның көмегімен әр отбасыда неше адам барын, отбасының әрбір мүшесіне шаққандағы орташа табысын, жұмысқа жарамсыз жандардың бар-жоғын, баспана, денсаулық жағдайы сынды түрлі факторларды анықтауға мүмкіндік туады. Бұған дейін тұрғындар мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алу үшін құжаттарды көбіне қағаз күйінде тапсырып келгені белгілі. Отбасы деректері цифрландырылған соң қолданыстағы қағаз құжаттар біртіндеп жүйеден алынып тасталады.
Келес аудандық Мансап орталығының директоры Нүрипа Темірбаева бұл жөнінде былай дейді: «Елімізде алғаш рет Әлеуметтік кодекс қабылданғанын білесіздер. Кодекстегі өзгерістердің бірі отбасының цифрлық картасы. Отбасының цифрлық картасы дегеніміз – еліміздегі отбасылардың дербес дерекқоры. Бұл дерекқор мемлекеттік органдардың қазіргі ақпараттық жүйелері негізінде қалыптастырылып жатыр. Оны енгізудегі мақсат – халықтың мемлекеттің қолдау жүйесіне тең қол жеткізуін қамтамасыз ету. Отбасылық цифрлық карта мемлекеттік әлеуметтік саясаттың орта және ұзақ мерзімді міндеттері мен бағыттарын айқындау құралы ретінде белгіленді. Яғни мемлекет кімге, қашан, қандай көмек қажеттігін анықтап қана қоймай, әлеуметтік тәуекелдердің алдын алады. Сондай-ақ, азаматтар ақпаратты SMS-хабарлама арқылы ала алады».
Орталық директорының айтуынша, карта отбасылар немесе отбасы мүшелерінің әлеуметтік мәртебесіне және әл-ауқат дәрежесіне қарап, мемлекеттік қолдаудың қандай түрін алуға құқылы екендігін жеткізіп отыратын электронды жаршы қызметін атқарады. Сонымен қатар, мемлекеттік қолдау проактивті форматта жүргізіледі. Бұл дегеніміз – азаматтарға әлеуметтік төлем мен көмек ақпараттық жүйелер негізіндегі деректер бойынша тағайындалады деген сөз.
Бүгінгі таңда Келес аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі мен ауылдық округ әкімшіліктері бірлесе отырып отбасылармен жұмыс жүргізіп, олардың осы санатқа жататынын немесе жатпайтынын анықтау үстінде.
Б.ДӘРІҚОЖА.