Түркістан облысында елді мекендерді табиғи газға қосу жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізіліп жатыр. 2023 жылдың басында жалпы облыс бойынша 832 елді мекеннің 465 елді мекені (55,9 %) немесе 1 537 588 тұрғын (72,6 %) табиғи газбен қамтамасыз етілді. Өткен жылы 107 нысанның құрылысына қаржы бөлініп, оның ішінде 62 нысанның (50 е.м., 3-АГТС, 3 жеткізуші газ құбыры, 12 шағын аудан, 115 845 тұрғын) құрылысы осы жылы аяқталады. Қалған 45 нысанды 2024 жылы іске қосу жоспарлануда.
Осы ретте, Ордабасы ауданы, Төрткүл ауылдық округіне қарасты Қызылжар және Елшібек батыр ауылдары табиғи газға қосылды. Ауылдастардың қуанышын бөлісуге аудан әкімі Азат Оралбаев, аудандық мәслихат төрғасы Бақдәулет Жұмабеков арнайы қатысып, тұрғындарды жаңа жыл қарсаңындағы қуанышты жаңалықпен құттықтады.
– Баршаңызды алда келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Мерекеге орай Қызылжар, Елшібек батыр ауылдарында ақжолтай жаңалықтың куәгері болып отырмыз. Қуаныш құтты болсын! Газ жүргізу жұмыстары түрлі қиындықтарға қарамастан сала мамандарының еңбегінің арқасында толық аяқталды. Келесі кезекте жеке секторларға көгілдір отын тартуға байланысты құжат рәсімдеп, ертерек үйге кіргізуді қолаға алу керек, – деді аудан әкімі.
Қызылжар ауылына газ құбырларын тарту жұмыстарын «КомпанияГазСтрой» ЖШС 2022 жылы бастады. Газ құбырының ұзындығы 21,596 шақырымды құрайды. Бүгінгі таңда құрылыс-монтаждау жұмыстары аяқталған. Енді 1 888 тұрғыны бар ауылда 306 Абонет табиғи газбен қамтылады.
Елшібек батыр ауылына газ құрылысы жұмыстарын «SAT Construction» ЖШС 2022 жылы бастап, ауылға 8,891 шақырым газ құбырын тарту жұмыстарын жүргізді.
Бүгінгі таңда құрылыс-монтаждау жұмыстары аяқталды. Енді 798 тұрғыны бар ауылда 114 абонет табиғи газбен қамтылады.
Айта кетейік, ауданда 9 елді мекені табиғи газбен қамтылған. Биыл аудан бойынша тағы 25 елді мекенінде газ жүйесінің құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Жоспардағы кестеге сәйкес жыл соңына дейін 17 елді мекенге газ тарту жұмыстары аяқталады. Нәтижесінде елді мекендерді газбен қамту көрсеткіші 47 пайызға жетпек.