Тарихи тұлғалар
- Қазақ хандары. Кесенедегі тізімде олардың саны – 21, бұл әбден талқыға түсіп, қайта-қайта тексеріліп, сонау 1998 ж. қалыптасқан тізім.
Біздің қателігіміз – сол тұста тарихи романдарда, әдебиетте келтірілетін деректерге онша мән бермегеніміз болып отыр. Мұхтар Мағауиннің «Қазақ тарихының әліппесі», «Аласапыран» атты еңбектері мен Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділері», Софы Сматавтың «Елім-ай» романы және т.б. авторлардың еңбектері «Көркем әдеби шығармалар, олардағы кейіпкерлердің дені ойдан шығарылған, оқиғалары тарихи мерзімделуі жағынан ақсап жатыр» деген пікірге арқа сүйеп тарихи романдар, публисцистикалық проза зерттеу аясынан тыс қалып келді. Дегенмен, соңғы жылдардағы «Мәдени мұра» мемлекеттік жобасы (2004-2014 ж.ж.) аясында және бұрыннан белгілі тарихи деректер мен шетел архивтерінен жиналған енапат тарихи материалдарды талдап, зерттейтін «Деректану» пәнінің жедел дамуы арқасында бұрынғы біржақты қателіктерімізді мойындауға тура келеді.
Мысалы, жоғарыда кесене мен оның маңында жерленген хандар 21 тұлға десек, бүгін оны 22-деп түзетуге тура келеді, себебі, кесенеде ең алғаш жерленген хан Тәуекел де, ең алғаш сұлтан Қайнар Күшек. Бұл екеуі де 1598 ж. Бұхара түбіндегі соғыста алған жарақаттан қайтыс болып, Есімхан өзі ұйымдастырып, басқа да қаза тапқандарды кесене іргесіне әкеліп жерледі делінген «Көшпенділер» романында. [1. -3-409]
Алайда, Қазақ хандығына қатысты тұлғалар ретінде ең алғаш болып кесенеде жерленгендер деп Аман бике ханым Жәнібек хан қызын және Жәнібектің шөбересі Ондан сұлтанды айтуға тиіспіз.
Аман бике 1519-1520 жж., ал, Ондан сұлтан 1583-1585 жж. қайтыс болған, кесенедегі Кіші Ақсарайда Аманбикенің құлпытасы сақталған, тағы бір адам аты өшіп қалған таста «…сұлтан… 1582 ж.» деген жазу бар, мүмкін, осы тас Ондан сұлтанның тасы болуы да ғажап емес, өлген жылын «1583-1585» қателесіп жүрген өзіміз шығар.
Ал, 1598 ж. келсек Түркістанға тек Тәуекел мен Қайнар – Күшекті ғана емес, көптеген басқа да ерлерімізді әкеп жерледі делінген кітапта. Берекет Кәрібаев өзінің «Тәуекенл хан» атты еңбегінде «ханның жарлығына сәйкес бүкіл қазақ жерінен 120 сұлтан атқа отырды» деп жазады, яғни, қазақтың бетке тұтар қаймағы түгел жиналған бұл әскердің саны 100 мыңға жетіп жығылған. [2. -10] Қара халықтан шыққан әскермен қоса 120 сұлтанның біразы қаза тапқаны анық. Мысалы, Ондан сұлтан ұлы Қайнар-Күшек Тәуекел ханның 70-80 мыңдық әскерінің авангардын, яғни, алғы шебіндегі ең бірінші болып жауға шабатын, және жау әскерінің соққысын бірінші болып қабылдайтын бөлігін басқарды дейді тарихи деректер. Бұл бөлімге кілең батыр да батыл, найзагер мен қылышкер, көзмерген мен қол мергендер іріктеліп алынатын, және шайқаста ең көп шығынға ұшырайтиындар да осылар.
1598 ж. Тәуекел ханмен бірге кесене маңына Қайнар-Күшекпен қоса көптеген сұлтандар, олардың серіктері – ондаған хас батырлар да жерленген десек қателеспейміз.
Қызылордалық Бақытжан Мұқарамұлы Ахметбектің «Сыр өңірінің батырлары» деген еңбегінен алынған батырлардың тізімінде X ғасырдан XIX ғасырға дейінгі аралықтағы 482 батырдың есімдері келтірілген. Осылардың ішінен 14 батыр XVI ғасырда, немесе XVI ғ. II жартысы мен XVII ғ. I жартысында өмір сүргендер, яғни, 1598 ж. соғысқа қатысуы мүмкіндер деп есептейміз, бірақ олардың 7-і ғана XVI ғ. қайтыс болғандар, алайда, жылдары белгісіз. Ал, осы 482 батырдың Түркістанда жерленгендері Алшын Текей Батыр Қарпықұлы, Найман Бөрібай батыр Сарыұлы, Қоңырат Сырғақ батыр Ниязұлы ғана, алайда, бұлардың барлығы XVII-XVIII ғғ. өмір сүрген адамдар.
Жоғарыдағы XVI өмір сүрген 7 адамның есімдерін атап өтейік: Қожа Бақсайыс атанып кеткен Саид Қамаладдин батыр; Шөмекей, Шөмен, Қаракесек, Алшын Бозғұл батыр; Байғана батыр, мерген; Қара Қыпшақ Торы батыр; Төртқара (Қарамашақ) Әлімұлы, Қаракесек, Алшын Тоқпан батыр Ораз қажы ұлы; Төртқара (Қарамашақ) Әлімұлы, Алшын Сейітқұл батыр-би-хан, Тоқпан ұлы; Көтенші, (Тәңірберген) Қоңырат, «Құйысқансыз» атанған Қожамберді батыр Аманбайұлы; Найман Қаптағай батыр, міне осы адамдар ғана 1598 ж. соғысқа қатысып қаза табуы мүмкін, қалған жетеуі соғысқа қатысқан-қатыспағаны белгісіз, XVI туып XVII ғ. бірінші жартысында өмірден озғандар. [3. Интернет сайты. 8-19]
Енді кесене маңындағы әр кездері табылған жер асты құрылыстары-мүрдеханалар, кесене мен сағана-төртқұлақтарға келейік.
Біздің қолымызда Өзбекстан реставраторларының қолымен сызылған кесене мен оның айналасынан 1952, 1957, 1958 жылдары табылған жер асты құрылыстарының план-сызбасы сақталған. Олардың алғашқысы – Рабия сұлтан Бегім кесенесінің жер бетіндегі іргетасы мен жер астындағы склеп – мүрдеханасын археолг К.А. Шахурин 1952-1957 жж. аршып зерттеген (сызбада – VIII). [4-192]
Екіншісі 1957 ж. кесененің шығыс бетіндегі жер тегістеу жұмыстары кезінде кездейсоқ табылған, Археолг Н. Усманходжаев зерттеген үлкен жер бетіндегі төртқұлақ сағана мен солтүстік бұрыштағы жер астындағы склеп – мүрдехана (сызбада – IV, V).
Үшіншісі 1958 ж. аршылып Н.Б. Немцева зерттеген сегіз бұрышты кесене мен қазіргі күні Есім хан кесенесі деп жүрген Әзірет Сұлтанға қарама қарсы орналасқан екі құрылыс (сызбада І,ІІ).
Төртінші 1957 жылы түсірілген кесене айналасының топопаланында ІІ номерімен берілген белгісіз ескерткіш (сызбада-ІХ), планда мұны да «мав. Есимхана»деп белгілеген. [5-49]
Бесінші 1974 жылы терең дренаж (5-9 м. дейін) қазу кезінде экскаваторшы С.Манасуевтың қиратып жіберген жер асты склеп – мүрдеханасы (сызбада – ІІ).
Алтыншысы 1975 жылы кездейсоқ табылған, кесененің батыс бетінде жер астында орналасқан екі жер асты склеп – мүрдеханалары (сызбада-ҮІ,ҮІІ).
Енді бұл құрылыстар жайлы кеңейтіп талдайық. Алғашқы Рабия Сұлтан бегім кесенесін 1971 жылы Т.Н.Сенигова да, одан кейін «Казпроектреставрация» мамандары да бірнеше рет зерттеп 1980 ж. бастап қайта қалпына келтіру жұмыстары басталды. Кесене астындағы склеп-мүрдеханада Рабия сұлтан-бегім, оның немересі Келді Мұхаммед сұлтан және оның Мастура ханым деген қызы мен Мүбәрәк шах сұлтан, Құл Мұхаммед сұлтан деген ұлдары жерленген.
Екінші 1957 ж. аршылып зерттелген құрылысты 1974 ж. топопланда (1-сурет) «Сагана» деп атаған, архитектуралық сөздікте «Сагана – надгробная прямоугольная ограда» деген анықтама береді, яғни, бұл жер бетіне тіктөртбұрышты планда қаланған дуал қоршау-қазақша «төртқұлақ» деп аталатын құрылыс. Өкінішке орай, бұл құрылыстың да дәл ортасымен ені бес, тереңдігі сегіз метрлік дренаж арығы 1974 ж. қазылған, нәтижесінде XVIIIғ. салынған құрылыс түгел жойылған. Көлеміне қарағанда (8,1 х 7,8 м) өте үлкен сағана жанұялық, яғни, ең кемі 4-6 адам жерленген деп есептейміз.
2014 ж. осы жерге жүргізілген қазба жұмысы құрылыстың ірге тасының фрагменттері ғана сақталғанын көрсетті. Біздің ойымызша мұнда 1771 ж. қайтыс болған Әбілмәмбет хан, 1783 ж. қайтқан Әбілмәмбет хан ұлы Әбілфейіз хан, 1797 ж. қайтыс болған Әбілмәмбет хан ұлы Тәуке хан, 1798 ж. қайтыс болған Әбілмәмбет хан ұлы Болат хан және Әбілмәмбеттің інісі Сәмеке хан ұлы Есім хандар (ол да 1798 ж. қ. б.) жерленген. Алайда, бұл тек гипотеза ғана, ал, шындық архив қойнауында жатуы мүмкін (сызбада – ІҮ).
Ал, осы беттегі 1957 ж. табылып Н. Усманходжаев зерттеген солтүстік бұрыштағы жер асты склеп-мүрдеханасы (1-сурет-Ү) 1997 ж. қайта аршылып зерттелді. Бұл мүрдехана үстіне кесене салынбаған, өлшемдері 4,12х4,10 см, биіктігі 255 см. Еденіне бір ересек адам мен өте жас сәбидің мәйіттері ашық қойылған, бұл барлық мүрдеханаларға тән белгі. Ер адамның бас сүйегінде қарудан (сүңгі не айбалта) қалған тесік бар, сірә, соғыста қаза тапқан болуы керек. Құрылыс айналасынан табылған керамика ХҮІ ғ. тән. Тарихи деректерде Ондан сұлтанның баласы Қайнар-Күшек сұлтанға да жер асты мүрдеханасы салынғаны жайлы дерек бар, қазақ халқының игі жақсылары жерленген Үлкен Ақсарайға қарама-қарсы 5 м жерге салынғанының өзі мұнда тегін адам жатпағанын көрсетеді. Мүрдехана үстіне сағана – төртқұлақ тұрғызылғандығы байқалады.