Қазақстанның қасиетті рухани құндылықтарын халық санасына сіңірудің айрықша маңызы бар. Расында біз ұлан-ғайыр жері мен аса бай рухани тарихы бар елміз. Ұлы Дала елінің әр қиырында тәуменді тарихтың бедері тасқа таңбаланған. Жалпы бұл идеяның түп төркіні – киелі мекендер мен өзге де қасиетті жерлерді өзара сабақтастыра отырып, ұлт жадында біртұтас кешен ретінде орнықтыруды меңзейді.
Ескі ескерткіштер, киелі кесенелер, қасиетті қоныстар – өркениеттің өлшемі һәм куәсі.
«Тамаша Түркістандай жерде туған, Түріктің Тәңірі берген несібі ғой», – деп Мағжан ақын жырлаған Түркістан табиғатының сыры да сыйы да мол. Түркістан қаласын түркі халықтары екінші Мекке санайды. Түркістан облысы болып құрылған оңтүстік өңірде тарихи-мәдени мұралар өте көп. Тарихы тереңге жайылған мекеннің туристерді тартатын тұмса табиғаты мен көпшілікті қызықтыратын ескерткіштері жетерлік.
Ел үшін ерекше маңызы бар ескерткіштеріміз бен құнды жәдігерлерімізді келер ұрпаққа көздің қарашығындай сақтап, әрі заман талабына сай жаңғырта отырып аманаттау әрбіріміздің азаматтық – парызымыз. Түркістан қаласы осындай мәдени ескерткіштерге бай екендігімен де ерекшеленеді.
Өңірде тарих және мәдениет үшін айрықша маңызы зор археология және сәулет ескерткіштерінің саны –1249-ды құрайды.
Екі дүниенің есігі атанған Түркістан қаласының ең басты құндылығы – Қожа Ахмет Ясауи кесенесі екені белгілі. Оны әлемнің сегізінші кереметі деп тегіннен тегін атамаған. Бұл сарайлар мен ғибадатханалардың кешені орта ғасыр сәулетінің жауһары, ол ЮНЕСКО-ның Әлемдік мұра тізіміне енген. Осынау баға жетпес байлығының арқасында бүгінгі күні Түркістан – түркі әлемінің мәдени астанасы. Сондықтан да киелі мекен бұдан өзге де республикалық маңызы бар сәулеттік археологиялық ғимараттарға бай. Өңірде 19 сәулеттік, 7 археологиялық ғимарат бар. Оның ішінде жергілікті маңызы бары – 426. Сонымен қатар, 796 тарихи-мәдени мұра объектілері бар. Былтырғы жылы Ақсүмбе қарауыл мұнарасы мен Ишан базар (Ақмешіт) мешітіне тарихи-мәдени сараптама жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде республикалық ескерткіштердің мемлекеттік тізіміне енгізуге ұсынылды. Сондай-ақ, Ұзын ата кесенесінің бүгінгі таңдағы техникалық жай-күйін анықтау жұмыстары жүргізілуде.
«Арыстан бабқа түне, Қожа Ахметтен тіле» деген сөз көпшілікке таныс болар. Оңтүстіктегі туристік маңызы зор орынға келушілердің аяғы жыл он екі ай бойы үзілген емес. Кесене негізінен XIV-XV салынған құрылысқа жатады. Қ.А.Ясауидың рухани ұстазы болған Арыстан бабтың зиратына салынған. Аңыз бойынша, Арыстан баб дүние салғаннан кейін оның денесін ақ бураға артқан да, еркіне жіберген екен. Ақ бура ұзақ жол жүріп, барып шөккен жерге Арыстан баб жерленіп, кесене тұрғызылған. Дегенмен, кейіннен жер сілкінісі салдарынан бұзылып, кейіннен XX ғасырда қайта тұрғызылған. Бүгінде оңтүстікке келетін барша туристің ең бірінші болып табан тірейтін киелі жеріне айналған. Сәулет өнерінің тамаша ескерткіштерінің бірі болып саналатын кесене мешіт, құжырахана, дәлізхана, азан шақыратын мұнара секілді әртүрлі жеке бөлмелерден тұрады.
Түркістан десе еске түсетін негізгі орын – Қожа Ахмет Ясауи кесенесі. Көне түркі ақыны, бүкіл Шығыс жұртына аты мәлім Қожа Ахмет Ясауидың бейіті басына салынған ғимарат бертін келе адамдардың зиярат ететін орнына айналды. Бүгінге дейін сәнін жоғалтпаған, сәулетін сақтаған кесенеге келушілердің саны ешқашан толастаған емес. Аты әйгілі Әмір Темірдің бұйрығымен салынған кесенеге діни ғұламалар, хан-сұлтандар жерленген. Кесене үлкенді-кішілі 35 бөлмеден тұрады.
Қаратау сілемдерінің бөктерінде орналасқан әйгілі Ақмешіт үңгірі де аңызға айналған орындардың бірі. Аңыз бойынша бұл жер кезінде жерасты мешіті болған көрінеді. Жердің астында орналасқандықтан есіктері жабылып, адамдар кіре алмай қалған көрінеді. Уақыт өте келе үңгірдің бір жағы опырылып, жаңа жол пайда болған. Тарихы терең үңгір туралы аңыз көп. Бір нұсқасында жоңғар шапқыншылығы кезінде әйел адамдар мен балалар осы үңгірге келіп бас сауғалағаны айтылады. Үңгірге 10 000 әскер еркін сыйып кеткен деген дерек те айтылады.
«Қазығұрттың басында кеме қалған, ол әулие болмаса неге қалған?»… Бұл кеме туралы, осы орын туралы көпшілік жақсы білсе керек. Киелі Қазығұрт тауында кезінде жер бетін түгел су басқанда Нұқ пайғамбардың кемесі келіп тұрақтаған деседі. Үлкен тау болмаса да, бетін су баспаған орынның сыры көпшілікке әлі күнге жұмбақ. Жалпы, Қазығұрт жері сырын ашпаған, ғажайыпқа тұнған киелі өлке болып саналады.
Түркістан қаласынан бар-жоғы 60 шақырымдай жерде орналасқан тағы бір жұмбағы көп орынның бірі – Үкаш ата кесенесі. Аңыз бойынша Үкаш сахабаның денесіне атса оқ, шапса қылыш өтпеген көрінеді. Біздің даламызға алғаш Ислам дінін әкелген деген деректер бар. Кесененің жанында құдық орналасқан. Бір қызығы, бұл құдық шелегін тастаған адамдарға су береді. Кей адамдардың шелегін қанша тастаса да, бос қайтаратын көрінеді. Бұл осы адамның ниеті мен пейілі, жасаған күнәларына байланысты болады деп жатады.
Түркістан жерінде осы мәдени орындар өте көп. Әрбірінің астарына үңілсең, терең тарих пен сыр жатыр. Рухани тұрғыда дамып, таным деңгейін арттырам деген жандар оңтүстікке келіп, жаңа біліммен сусындап қайтуына болады.
Тарихы бай, тағылымы терең Түркістанның еліміз үшін орны бөлек. Ол бүкіл Орталық Азиядағы ең көне қалалардың бірі. Түркістан – қазақ елінің рухани жүрегі, қазақтың көптеген қабырғалы тұлғалары мәңгіге жай тапқан қасиетті қала. Осында жерленген 164 әйгілі тұлғаның 21-і ел басқарған қырандар, 30-дан астамы қол бастаған батырлар, ауқымды сөз бастаған билер. Түркістан тарихы – күллі қазақтың тарихы. Бүгінде облыс көлемінде 678 мәдениет және өнер мекемесі халыққа қалтқысыз қызмет көрсетіп келеді. Атап айтқанда, 387 кiтапхана, 251 клуб, 24 музей, 3 кәсіби театр, 7 саябақ, облыстық филармония, көркемсурет галереясы, «Оңтүстікфильм» мекемесі, «Түркістан сарайы» концерттік мекемесі халық игілігі үшін жұмыс істеуде. Облыс орталығы Түркістан қаласына көшірілуіне байланысты театр, кітапхана, музей, цирк сынды 12 облыстық мәдениет және өнер мекемесі Шымкент қаласына берілген. Облыс бойынша халықты ұлттық өнерімізбен сусындату мақсатында әртүрлі мәдени іс-шаралар тұрақты түрде өткізіліп тұрады. Әрі аталмыш шаралар аясында әлемдік мәдениет туындылары да көрерменге ұсынылады.
Облыс аумағында 24 музей жұмыс істесе, олардың әрқайсысында экскурсия, көрме сынды көпшілік іс-шаралар жиі ұйымдастырылады. Бүгінде 7268 жаңа экспонат жинақталып, ал жалпы қор 164106 данаға жетті. Ел Президентінің Рухани жаңғыру бағдарламасын жүзеге асыру бағытында облыстық музейлер мен кітапханаларда бірлескен жобалар жүзеге асырылды. Атап айтқанда, «Халық мұрасы – халық қазынасы», «Тарихи қазыналар», «Есімі елімен бірге жасаған», «Ата – баба мұрасын сақтайық», «Туған өлкем тарихы», «Ұлттық әшекей бұйымдары», «Отырар мұралары» жобалары қазақ елінің тарихынан сыр шертетін, әрі жас ұрпаққа берері мол игі істер деп айтуға толық негіз бар.
Мәдени және тарихи мұра – бұл әлемнің әр халқының ғана емес, бүкіл адамзаттың баға жетпес және орны толмас байлығы. Жойылу немесе сыну салдарынан оның кез-келген бөлігінің жоғалуы әлемнің барлық халықтарының мұрасын ортайтқанмен тең. Олардың артықшылықтарына байланысты бұл мұраның кейбір объектілері көрнекті әлемдік құндылыққа ие деп танылуы мүмкін.
Адамзаттың орны толмас мұрасын құрайтын нысандарды анықтауды, қорғауды, сақтауды және танымал етуді мүмкіндігінше қамтамасыз ету үшін ЮНЕСКО-ға мүше мемлекеттер 1972 жылы жаһандық мәдени және тарихи мұраны қорғау туралы Дүниежүзілік мұра Конвенциясын қабылдады. Еліміз осы Конвенцияның толыққанды мүшесі саналады.
Қазақстанның тарихи-мәдени мұрасы жалпыадамзаттық мәдениеттің құрамдас бөлігі, адам интеллектін, этнос қоғамын қалыптастыру мен дамытудың пәрменді тетігі, тарихи жадының аса маңызды қоймасы саналады.
ҚР Конституциясы әрбір азаматтың мәдени өмірге қатысу және мәдениет мекемелерін пайдалану, тарихи-мәдени мұраға қол жеткізу құқығына кепілдік береді. Сонымен қатар, Конституция азаматтарды аталмыш мұраны сақтауға, ескерткіштерін қорғауға міндеттейді. Негізінде тарихи-мәдени мұраны мемлекеттік-құқықтық қорғау қызықты және ағартушылық тарихқа ие.
Қазақ елі Еуразияның этномәдени және рухани байланыстарын тоғыстыратын Орталық Азия өңірінің ажырамас бөлігі ретінде, ХХ ғасырдың 90-шы жылдарынан бері ЮНЕСКО-ның мәдени және табиғи мұраны сақтау жөніндегі қызметіне кірісті. Еліміздің мәдени мұрасының қазіргі жайы ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан салт-дәстүрді сақтау және одан әрі дамыту жөніндегі шаралар кешенін барынша қамтамасыз ету, тарих қойнауында жатқан ескерткіштерді ашу, кесенелерді, көне мешіттерді, ежелгі қалашықтарды консервациялау, қалпына келтіру жөніндегі жұмыстарды жандандыру, солардың базасында жаңа тарихи-мәдени мұражай-қорықтар құру сияқты бірнеше бағытты айғақтайды.
Соңғы жылдары Қазақстанда аталған кешендердің барлық компоненттерінің органикалық өзара байланысын, сондай-ақ олардың түпнұсқалығы мен тұтастығын сақтау бойынша белсенді шаралар қабылдануда. Қираған ескерткіштерді құжаттау және консервациялау, оларды күзетімен қоса аймақтарға бөлу, қысқамерзімді перспективаға арналған менеджмент-жоспарларды жасау және іске асыру бойынша жұмыстар жүргізілуде.