Елді елең еткізер оқшау ой болмаса да, ескі сөзді ескерер есті оқырманды ойландырар деп осы тақырыпқа қалам тербедік.
Дала мәдениетінің мәйегі – ұлттық киім. Қазақ ер мен әйелді, ер жеткен ұл мен бойжеткен қызды киген киіміне қарап-ақ ажырата білген. Сол киімдердің ең қасиеттісі – орамал. Қазіргі қоғамда орамалдың аты «орану» болып өзгерді. Тақия киіп тұлымы желбіреп, шашбау тағып жүретін бойжеткендерге шәлі салып шаршата бергенше, келіндердің басына ақ орамал тағып, сәлемін салып жүру керек екенін неге сөз етпейміз? Ақ босаға аттап бөтен елге келін болып барғаннан кейін қыз баланың өмір сүру тәртібі өзгереді.
«Шашыңды жауып, басыңнан орамал тастама, орамал күйеуіңнің тілеуі, үлкендерге иіліп сәлем салуды үзбе, ұрпағыңның тілеуі» дейтін әжелеріміз. Әлгі әурет жайлы әңгімені үдете бермей, жас ұрпаққа әжелеріміздің осы екі насихатын-ақ түсіндіре алсақ та жаман болмас едік-ау.
Күйеуінің амандығын ойлайтын әйел өзі де орамалсыз жүрмес. Үлкенге иіліп сәлем салған сайын батасын алып жақынын таниды, ал, бата баласына дариды. Дала дәстүрінің тәрбиелік мәні де, ислам дінінің діңгегіне нәр берер дәні де осы ұстаным емес пе?!
Қазақы болмысымыздан алыс кетпей, ата дәстүрімізді болашаққа саф алтындай сақталған күйінде жеткізе білсек, дамудың даңғыл жолы алдымыздан жарқырай көрінеді емес пе?
Ері мен елінің тілеуін тілеген әрбір АНА ақ орамалын арындай таза ұстап, кір шалдырмас.
А.ЛЕУБАЕВА,
айтыскер ақын, сазгер.