Бәйдібек ауданының орталығы Шаянда тұратын Гүлгүл Тәшенова он саусағынан өнер тамған жан. Гүлгүл негізінен қыз жасауын дайындаумен айналысады. Айта кетейік, ол біраз жыл бұрын жол апатына түсіп, бір қолынан айрылған…
Гүлгүлге бұл жағдай ауыр тиді. Өмір бір сәт тоқтап қалғандай көрінген. Құдай жанын қалдырған соң өмір сүру керек, тіршілік ету керек. Бойдағы қажыр-қайратын жинап, еңсесін көтерді. Тігін ісі оған жат емес еді. Әрекетсіз отыруды жөн көрмей, ескі тігін машинасын іске қосты. Сыңар қолымен ине ұстау қиын тисе де, табандылығының арқасында біртіндеп қолын жаттықтырды. Қазір ол тігін тігіп қана қоймайды, ою ойып, құрақ құрайды. Қажет болса кесте де тоқиды.
– Қолөнер – күнкөрістің амалы ғана емес, өнер. Ол – қол мен қиялдың еңбегі. Бұрынғы әжелеріміз оқымай-ақ он саусағынан өнер тамған ісмер болды емес пе?! Киіз, текемет, сырмақ, алаша секілді төсеніш бұйымдар жасайтын апаларымыз ел ішінде көп еді. Тіпті қоржын, аяққап, сырмақ, түскиіз жасайтын аналарымыздың шет жағасын өзіміз де көріп өстік. Ою ойып, кесте тігетін ісмерлер ел ішінде әлі де бар. Солардың көпшілігімен араласамын, бір-бірімізден үйренеміз. Ою ойып, үлгі пішу, кесте тігу, құрақ құрау секілді өнерді бойжеткен кезімізден-ақ аналарымыз үйретті. Анам: «Іс тігіп, қазан ұстай білген қыздың абыройы артық болады» деп отыратын. Анамның осы тәрбиесі бүгінде кәдеме жарап тұр, – дейді ол.
Қорқасоқтамай кәсіп бастап кету он екі мүшесі сау адамның өзіне де оңай емес. Үшінші топ мүгедектігі бар Гүлгүл де алғашқыда қатты қиналды. Бірақ алған бетінен қайтқан жоқ. Сөйтіп бірте-бірте шаруасы оңала бастады. Қазір тапсырыс көп, жұмыссыз отырмайды. Үйде отырып қыз жасауын және басқа да бұйымдар тігеді. Қажетті мақта, мата, жіп секілді керек-жарақты Шымкент базарларынан қарыштайды.
Гүлгүлдің айтуынша, бүгінде қыз жасауына құрақ көрпе қосатындардың қатары көбейген.
– Қазақтың салт-дәстүрінде терең философиялық тәрбие бар. Мысалы, үшбұрышты мата қиығы су, жер, ауаның бірлігін білдіреді. Яғни адамға ең қажетті құндылықтың бірігуі. Одан қалса құрақ көрпелер бөлмеге ерекше сән беріп тұрады. Әр матаны өз ретімен қиюластырып, өрнектей білу де үлкен өнер, – дейді кейіпкеріміз.
Ол бизнесін дамыту үшін қайтарымсыз негізде берілетін грантқа құжат тапсырып, 1 млн. 380 мың теңге ұтып алды. Оған кәсібіне керекті құрал-жабдығын түгелдеді. Бүгінде ол көрпе-төсек қана емес, мектептердің тапсырысы бойынша бірыңғай формалар да тігеді.
– Қазір жұмыс жоқ деп қарап отыратын заман емес. Әрекетке берекет бар. Аудандық әкімдік мүмкіндігінше қолдау көрсетті. Енді ерінбей еңбек ету өзімізге байланысты. «Қыбырлаған қыр асар» деп бабаларымыз бекер айтпаған ғой. Аузымыздан ақ май ағып, шылқып отырмасақ та, тапқанымыз күнкөрісімізге жетеді. Осыған да қанағатпен шүкіршілік етіп отырмыз, – дейді кейіпкеріміз.
Үнемі өзін-өзі дамытып, алға ұмтылған, бизнесін жолға қою үшін түрлі қиындықтармен бетпе-бет келіп, мақсатына біртіндеп қадам басып келе жатқан қайсар келіншек қандай құрметке де лайық.
П.Сапар
Сурет: Қ.Шерім.