Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес, Бәйдібек ауданының әкімі Ерлан Нұрмахановтың есепті кездесуі Ағыбет ауылдық округінен басталды.
Жиында жүргізген аудан әкімінің аппарат басшысы Алмасбек Нақыпбеков бұған дейінгі кездесулерде тұрғындар тарапынан айтылған ұсыныстардың орындалуы мен атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен таныстырды.
Ағыбет ауылдық мәдениет үйінде өткен кездесуде округке қарасты төрт елді мекеннің тұрғындары әкімге өздерінің талаптары мен ұсыныстарын жеткізді. Олардың ішінде көпірді жөндеу, жер, электр бағаналарын ауыстыру, ауыз су, ішкі көшелерге тас төсеу, мәдениет үйі мен футбол алаңшаларын салу және басқа да әлеуметтік мәселелер бойынша сұрақтар қойылды. Тұрғындар тарапынан қойылған сұрақтарға сала бойынша аудан әкімінің орынбасары мен бөлім, мекеме басшылары, ауыл әкімі тарапынан жауаптар берілді.
— Жыл басында бекітілген кестеге сәйкес, бүгін арнайы өздеріңізбен кездесіп отырмын. Сіздердің бүгінгі кездесуде айтылған ұсыныстарыңыз бен өтініштеріңіз назарға алынады. Хаттамаға енгізіліп, зерделеуді қажет ететін бірқатар мәселелерді анықтап, орындау жөнінде жауапты басшыларға тапсырма бердім. Көтерілген мәселелерді шешуге күш салып, әрбір өтініш бойынша тиісті жұмыстар жүргізілетін болады, – деді Ерлан Нұрмаханов.
Ағыбеттік тұрғындар жаңа әкімнің жұмысына сәттілік тілеп, ел үмітін ақтайтынына сенім білдірді.
Жиынға облыстық мәслихаттың депутаты Ғ.Қапалбаев, аудан әкімінің орынбасары, аппарат басшысы, халық қалаулылары, дербес бөлімдер мен мекеме басшылары, ауыл тұрғындары қатысты.
Содан кейін, бекітілген кестеге сәйкес аудан әкімі Ерлан Нұрмаханов бүгін Шақпақ ауылында Алғабас ауылдық округі тұрғындарымен кездесті.
Жиынды аудан әкімінің аппарат басшысы А.Нақыпбеков биылғы жылы Алғабас ауылдық округі тұрғындарымен өткен кездесулерде тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелердің орындалуы мен атқарылып жатқан жұмыстардың барысынан хабардар етті.
Кездесу сұрақ-жауап түрінде өтіп, Алғабас ауылдық округі тұрғындары аудан басшысына бірқатар өзекті мәселелерді жеткізді. Шақпақ елді мекендегі жүргізіліп жатқан ауыз су мен газ құбыры құрылыстарының аяқсыз қалмауы, электр жарығының жиі өшуі, интернет желісінің нашарлығы, жедел жәрдем көлігінің кешігіп келуі, Бозарық каналын тазалау, мәдениет үйі мен спорт кешенін салу, көшелерге камера орнату, Қазата ауылындағы Қапшағай су қоймаға жөндеу жұмыстарының баяу жүргізіліп жатқандығы, ағын су мен ауыз су және басқа да бірқатар мәселелер айтылды. Жиын барысында айтылған ұсыныс-пікірлерге жауапты қызметкерлер тарапынан жауап берілді.
— Бүгін таңертең «Қапшағай» су қоймасының жөндеу жұмыстарымен таныстым. Жауаптылармен, мердігермен кездесіп, су қойма құрылысының баяу жүріп жатқандығын ескерттім. Округте бірінші кезекте басталған, құрылысы жүріп жатқан жұмыстардың барлығы аяқсыз қалмайды. Биылғы және келесі жылға өтпелі құрылыстардың барлығы бақылауда. Бүгінгі кездесуде айтылған ұсыныстарыңызға жан-жақты талдау жүргізіліп, орындау үшін тиісті жұмыстар жүргізілетін болады, — деді аудан әкімі Ерлан Заипұлы.
Жиынға облыстық мәслихаттың депутаты Ғ.Қапалбаев, аудан әкімінің орынбасары, аппарат басшысы, халық қалаулылары, дербес бөлімдер мен мекеме басшылары қатысты.
Есепті кездесуден кейін аудан әкімі бір топ тұрғынды жеке қабылдап, өтініштерін тыңдады. Тұрғындар тарапынан көтерілген әрбір мәселе назарға алынды.