Келес ауданында суармалы жерлерді коммуналдық меншікте 149 канал мен 145 кашықтқы ағын сумен қамтамасыз етеді. Ал суармалы жерлердің жалпы көлемі 26 314 гектарды құрайды. Суармалы жерлерде негізінен көкөніс, дәнді дақылдары және мал азықтық дақылдар егіледі. Суармалы жерлерді ағын сумен қамтитын аудан аумағындағы ең ұзын канал бүгінгі таңда механикалық тазалаудан өтуде.
— Ұзындығы 37 шақырымды құрайды. Дихандардың басым бөлігі осы аталған каналдан ағын суды пайдаланады. Каналдың су қорғау аймағына егілген ағаш-талдарды қырқу және салынған ғимараттарды бұзу жөнінде тұрғындарға түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Себебі, каналды тазалау кезінде техникаға едәуір қиындықтар туғызатыны белгілі. Биыл Саңырау каналының 37 шақырым жері механикалық әдіспен тазаланатын болады, — деді аудандық су шаруашылығы мекемесінің директоры Жасұлан Қылышбаев.
Қазіргі таңда Саңырау каналынан бөлінетін Шенгелді, Тағай құлақ деп аталатын канал тармақтарын мемлекеттің меншігіне балансқа алу жұмыстары жүргізілуде. Ирригация жүйелері бойынша 2022 жыл қорытындысына сәйкес жалпы ұзындығы 101,2 шақырымды құрайтын 32 каналдар мен қашыртқыларды ағымдағы жөндеу және механикалық тазалау жұмыстары жүргізілген болатын. Сонымен қатар, бүгінгі таңда аудандағы «Тұран-су» мекемесі тарапынан 29 каналдың механикалық тазалау жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі уақытта 29 каналдың жиырмасы жалпы ұзындығы 62,5 шақырымды құрайтын толығымен механикалық тазалаудан өтті.