Ордабасы ауданының әкімі Азат Оралбаев ауыл тұрғындарының өтініші бойынша Б.Исаханов ауылы аумағындағы Арыс-Түркістан каналындағы көпірдің қазіргі жағдайын аралап көрді.
Есепті кездесуде ауыл азаматтары тарапынан көпір құрылысын жаңарту, төрт түлік өтетін өткел салу бойынша ұсыныс-пікір айтылған болатын.
Аудандық Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөліміне арнайы тапсырма берген аудан басшысы канал арнасына салынған ескі көпірді техникалық тұрғыда тексеруден өткізіп, қауіпсіздік шаралары сақталмаған жағдайда жаңадан құрылыс жобасын ұсынуды жүктеді. Ал, ауыл округ әкіміне ауыл тұрғындарына ыңғайсыздық тудырмас үшін канал үстіне салынған ескі көпір жолына тас төсеу керектігін айтты.
Сонымен қатар аудан басшысы Азат Әбдіғалиұлы қыс, көктем айларындағы су тасқынының алдын алу мақсатында Арыс өзенінің арнасын бұру бойынша жүргізіліп жатқан құрылыс алаңын аралап, мердігер мекеме басшылары, төтенше жағдай қызметкерлерімен пікірлесті.
Айта кетерлігі, бірнеше жылдан бері күз-көктем айларында Арыс өзені арнасынан асып, жағалаудағы тұрғындардың шаруашылық, тұрғын үйлік мақсаттағы жерлерін су шайып кеткен болатын.
Қазіргі таңда Б.Исаханов елді мекенінен өтетін Арыс өзенінің арнасын түзету бойынша құрылыс жұмыстары жүргізіліп, 517 метрлік арна түзету, 11 метрлік дамбы көтеру, 317 метрлік тас төсемесін төсеу бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Облыстық бюджеттен күз-көктем айларында төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында қаржы бөлініп, өзен арнасына жақын орналасқан Ынталы, Аққойлы, Шұбар, Береке, Жусансай, Қажымұқан, Темірлан, Төреарық ауыл, елді мекендерінде құрылыс жұмыстары жүргізілді.