Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы негізінде әкімдердің халықпен есепті кездесу кестесіне сәйкес Ордабасы ауданының әкімі Азат Оралбаев Шұбар ауыл округі тұрғындарымен кездесіп, есеп берді.
«Биыл жаз айында өздеріңізбен кездесуде көтерілген ұсыныстар мен өзекті мәселелерді саралап, іске асыру бағытында іс-шара жоспарын жасадық. Жалпы осы есепті жиындардан көше жарықтандыруы, электр жүйесі, жер, интернет, мәдениет, ауыз су саласын қамтыған 16 ұсыныс-пікір түскен болатын. Қазіргі таңда аталған мәселелердың орындалуы бақылауға алынып, оңды шешімін табуда», деді аудан әкімі халықпен кездесуде.
Сондай-ақ, аудан басшысы шұбарлықтармен кездесуде шаруаларды 2,5 пайыздық несие алып, өз бизнесін дамытуға арналған «Ауыл аманаты» жобасына белсене қатысуға шақырды.
«Бүгінгі таңда ауданымыздың Шұбар ауылы осы жобаға еніп отыр. Мемлекеттен берілетін жеңілдетілген несие арқылы шаруаларымыз кәсібін дамытуға, кооператив құрамында жеңілдетілген несие ала алуға, сондай-ақ техниканы лизингке рәсімдеуге болады. Сондықтан бүгінгі кездесуді пайдаланып, ауылдастарды аталған бағдарламаға қатысуға үгіттер едім», деді аудан басшысы өз сөзінде.
Халықпен кездесуде аудан әкімі тұрғындар көтерген мәселе негізінде Шұбар елдімекеніндегі О.Жандосов, Қазақстан көшелеріндегі олқылықтар орнына келгендігін, инфрақұрылым, ортақ жайылым, ойын алаңшаларын салу секілді бірқатар мәселелерді шешу үшін бюджеттен қаржы қарастыру кезінде қосымша уақыт талап ететіндігін жеткізіп, халық талап еткен мәселелер кезең-кезеңімен жүзеге асатындығын жеткізді.
Есепті кездесуден соң Азат әбдіғалиұлы ауылдағы ескірген электр желілері, апатты жағдайдағы көпір, жөндеуді талап ететін көше жолдары, аяқжолдарды аралап, аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімі басшысы мен ауыл әкіміне бірқатар нақты тапсырмалар берді.
Әрі округ әкіміне Құрманғазы Сағырбайұлы, Жандосов көшелерінің бойын ретке келтіріп, жасылдандыруды тапсырды.