Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев пен облыстық мәдениет және туризм басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаев «JANA LEP!» өнерпаздарымен кездесті. Жиында аталған шығармашылық топпен бірге «Құстар қайтып келеді» атты мюзиклдың дайындық жұмыстары талқыланды.
Мюзиклдің желісі — Түркістанға бет бұрған үлкен көштің, оның ішінде бір шоғыр жастардың Түркістандағы жаңа өмірі жайлы болмақ. Кездесу барысында облыс әкімінің орынбасары жас өнерпаздарға өңірдің мәдениет саласының дамуына зор үлес қосады деген сенімін жеткізді.
Айта кетейік, Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен Түркістан облысы мәдениет және туризм басқармасына қарасты «Конгресс Холл» көпсалалы кешеніне 100-ден астам мәдениет қызметкеріне штат берілген болатын. Соның нәтижесінде еліміздің түкпір-түкпірінен бас қосқан жас мамандар«JANA LEP!» атты өнер ұжымын құрған. Сондай-ақ, жұмысқа қабылданған өнерпаздардың арасынан вокалдық, классикалық, дәстүрлі «Алқоңыр» ансамблі жасақталып, «Самғау» би ұжымы іріктелді. Қазіргі таңда өнер ұжымы түрлі мәдени-көпшілік шараларда өнер көрсетіп жүр.