Елдің тұрақты дамуы үшін экономиканы әртараптандыру әрқашан басымдыққа ие болуы тиіс. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында елдің өндірістік әлеуетін толық пайдаланудың маңыздылығын ерекше атап өтті.
«Біз ел тағдыры үшін айрықша мәні бар бірқатар жобаны жүзеге асыруымыз керек. Экономиканы әртараптандыру бұрынғыдан да маңызды міндетке айналуда. Бұл ретте металды терең өңдеу, мұнай-газ және көмір химиясы, ауыр машина жасау, уранды конверсиялау және байыту, автобөлшектер және тыңайтқыштар шығару сияқты бағыттарға айрықша назар аударған жөн. Басқаша айтсақ, жоғары деңгейде өңделген өнім шығаратын кластер құру керек» деді ел Президенті.
Экономиканы әртараптандыру – елдің немесе жекелеген аймақтағы экономиканың әртүрлі салаларына инвестиция салу. Мысалы, мемлекет ірі және жүйе құрайтын компанияларға (елдің немесе аймақтың экономикасының дамуына ең көп әсер ететін компаниялар) қолдау көрсете алады.
Өңдеу өнеркәсібінің экономикадағы үлесін ұлғайту – экономиканы әртараптандырудың негізгі міндеті. Осыған байланысты «Қазақстанда экономиканың оңтайлы құрылымы бар ма, бар болса қандай?» деген сұрақ туындайды.
Бұл сұраққа жауап беру үшін Үкімет стратегияларында Қазақстан үшін әлі де эталон болып саналатын ЭЫДҰ-ның (Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы) дамыған елдерін қарастырайық. ЭЫДҰ елдерінің жалпы ішкі өнімін бағалау оңтайлы экономикалық құрылымның жоқтығын көрсетеді. Әртүрлі елдердегі экономика салалары үшін минималды және максималды мәндерде айтарлықтай ауытқулар болуы мүмкін. Мысалы, ауыл шаруашылығының ЖІӨ-дегі ең төменгі үлесі Люксембург пен Швейцарияда сәйкесінше 0,2% және 0,6%, ал, ең жоғары үлес Түркияда 5,5% деңгейінде байқалады.
Басқа салалар үшін ұқсас мәндер келесідей:
– өндіруші өнеркәсіп: Люксембургте, Бельгияда және Францияда минимум – 0,05%, 0,06% және 0,07%, Норвегияда максимум – 22,4%;
– өңдеу өнеркәсібі: ең төменгі – Люксембург пен Австралияда 4,8% және 5,4%, Ирландияда максимум – 34,6%;
– қаржы секторы: минимум – Словакияда – 2,5%, ең жоғары – Люксембургте – 23,6%.
Сонымен қатар, кейбір секторлар елдің экономикасы мен қоғамның дамуы үшін маңызды болғанымен, әртараптандыру тұрғысынан алғанда олар назардан тыс қалып қояды. Мәселен, оған электрмен және сумен жабдықтау кіреді. Бұл салалар көп елдердің экономикасында жоқтың қасы. Ал, тіпті жоқ болса, онда ел өркениеттік дамудың төменгі сатысына сырғып кетеді. Осы мәселелер төңірегінде Президентіміз өз Жолдауында: «Электр қуаты, жылу және
су – тұрмысқа аса қажетті игіліктер. Оны үнемдеп пайдалану керек. Бұл жаңа тұрмыстық мәдениетке айналуы қажет» деді.
Түптеп келгенде, Қазақстан электр қуатын басқа жақтан алмауға тиіс, яғни көршілес елдерге тәуелді болмауы керек. Біздің қазіргі ахуалымыз мәз емес. Бұл – ең алдымен, мемлекеттік қауіпсіздік мәселесі. Жалпы, қай жағынан алып қарасақ та, бұған мүлде жол беруге болмайды.
Жан-жақты ойластырылған су саясатын жүргізу, трансшекаралық суларды пайдалану мәселелерін шешу – Үкіметтің алдында тұрған аса маңызды міндеттер екенін қадап айтты Президент.
Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, егер Қазақстанды ЭЫДҰ елдерімен тікелей салыстыратын болсақ, онда ЖІӨ құрылымында аса көп айырмашылықтар болмайды. Біздің елде, Норвегияны қоспағанда, үлесі ЭЫДҰ-ның барлық елдерінен асып түсетін тау-кен секторы ерекше орын алады.
Сонымен бірге, бұл саланың экономикамыздағы маңызы тек мұнай өндірумен ғана байланысты емес. Сондай-ақ, мұнай өңдеу, оны құбыр арқылы тасымалдау, көтерме сауда түріндегі байланысқан тізбек бар.
Егер мұнай-газ секторын толығымен алып тастасақ, онда экономиканың қалған бөлігінің құрылымы іс жүзінде ЭЫДҰ-ның шартты шектеріне сәйкес келеді.
Қазақстан Республикасының экономикасын ЭЫДҰ елдерімен салалар бойынша салыстырудан тағы қандай мәселелерді көруге болады? Атап айтсақ:
– ауыл шаруашылығының салыстырмалы түрде жоғары үлесі. Бірақ, бұл саланың даму деңгейі туралы ештеңе көрсетпейді. Тек Қазақстанда өзі тұтыну үшін азық-түлік өсіретін ауыл халқы көп.
– білім саласында да осындай жағдай. Саланың жоғары үлесі білім беру жүйесінің даму деңгейімен емес, балалардың көптігімен байланысты.
– экономикада «Голланд ауруы» анық байқалады. Өнімдері экспортқа шығарылмайтын «жергілікті» салалар бар. Олар – құрылыс және жылжымайтын мүлікке қызмет көрсету, сауда және тасымалдау (көбінесе импорттық тауарлар), қызмет көрсету салалары.
Бұдан енді қандай қорытынды жасауға болады? Демек, Қазақстан экономикасын әртараптандыруды бұрын елде өндiрiлмеген және бәсекеге қабiлеттi жаңа технологиялық күрделi өнiмдердi (тауарларды) жасауға бағытталған жаңа құрылымға айналдыру арқылы қарастыру қажет.
Қ.ҚАЛЫҚҰЛОВ,
экономика ғылымдарының кандидаты.