Биыл 19 наурызда кезектен тыс сайлау өтіп, Мәжіліс пен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының құрамы жаңарғаны белгілі. Содан бергі уақытта сегізінші шақырылымның депутаттары өз өкілеттіктерін жүзеге асыру үшін ілкімді істердің тереңіне бойлап, жұмыстарына білек сыбана кірісіп кеткен. Халық қалаулылары алдағы бес жылда жергілікті атқарушы органдармен бірлесе отырып, әрбір депутаттың сайлауалды бағдарламасында айтылған және тұрғындардан түскен ұсыныстар мен сын-ескертулер негізінде оң нәтижеге қол жеткізуді көздеп отыр. Осы орайда Отырар аудандық мәслихатының төрағасы, Отырар ауданының құрметті азаматы Уәлихан ҰЗАҚОВПЕН сұхбаттасудың сәті түсіп, елдің тыныс-тіршілігі, кешегі Президент Жолдауынан туындайтын міндеттер туралы әңгімелескен едік.
– Уәлихан Жамалханұлы, аудандық мәслихат төрағасы болып алғаш рет сайланып отырсыз. Әрине, өзіңіз осы ауданның тумасы болғандықтан әрі туған жерде түрлі лауазымды қызметтерде жұмыс істеген соң өңірдің түйткілді проблемаларымен етене таныссыз. Алдымен түрлі сала өкілдері қамтылған аудандық мәслихат пен оның осынау алты ай мерзім ішінде атқарған жұмыстары туралы қысқаша тоқтала кетсеңіз?
– Қазіргі уақытта сегізінші шақырылым депутаттары белсенді жұмыс үстінде. Бүгінгі күні жергілікті өкілді органның құрамында 13 депутат бар. Оның біреуі – Қазақстан Халық партиясынан, қалған 12 депутат «Amanat» партиясының мүшесі.
Жаңа құрылған аудандық мәслихаттың төрағалығына өзім, бюджет және экономикалық даму мәселелері жөніндегі тұрақты комиссия төрағасы болып Асан Аралбай, әлеуметтік-мәдени даму және депутаттық этика мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның төрағасы болып Мұхтар Есжанов сайланды.
Жаңа құрамдағы мәслихат 6 айдың ішінде қыруар проблема шешіп тастады деуге болмас, дегенмен, атқарылған жұмыстар бар. Бүгінге дейін мәслихаттың 5 сессиясы өтті. Онда жалпы саны 28 мәселе қаралды. Осы аралықта мәслихат аудан, ауыл округтерінің бюджеттерін қарап, бекітті. Сайлау комиссияларының босаған орындары жаңа мүшелермен толықты. Бұған қоса тұрғын үй, коммуналдық мәселелер, жер қатынастары, құрылыс, туризм салаларына қатысты шешімдер қабылданды.
– Депутаттық бақылау, қадағалау жұмыстары бойынша не айтасыз?
– Аудандық мәслихат депутаттарының ұсынысымен мәслихаттың уақытша комиссиясы құрылды. Оған 7 депутат мүше болып, аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары бөлімі мен оған бағынысты мекемелердің
2022 жылы атқарған жұмыстары мен алда тұрған міндеттері туралы зерделеу жұмыстары жүргізілді.
Атап айтқанда, мәслихат депутаттары 38 елді мекеннің 15-інде болып (Көксарай, Жанкел, Аққұм, Ызакөл, Маяқұм, Балтакөл, Қостерек, Шәуілдір, Темір, Арыс, Көкмардан, Шытты, Қоғам, Талапты, Ақкөл), жоғарыда аталған бөлімнің абаттандыру, көшелерге тас төсеу, асфальттау, ауыз сумен қамту жұмыстарымен танысты. Халық қалаулылары өз көздерімен көрген кемшіліктер бойынша тиісті мекемелерге сын-ескертпелер жасады.
Ендігі кезекте өз құзіреті шеңберінде уақытша комиссияның қорытындысына сәйкес аудандық мәслихаттың алдағы сессиясында тиісті шешімдер қабылданып, ұсыныстар енгізілетін болады.
– Депутаттар тарапынан нақты қандай жұмыстар атқарылғанын айтып өтсеңіз? Өзіңіздің сайлауалды бағдарламаңыз жайында не айтасыз?
– Жалпы, барлық депутат шама-шарқынша елдің гүлденуіне, дамуына атсалысып жатқанын айта кету керек. Оларды бөліп-жарып айту да қиын. Сондықтан аттарын атап, түстерін түстемей-ақ қояйық. Мысалы, Шәуілдір ауылынан сайланған бір депутат сайлауалды уәдесін орындап, кәсіпкерлерді тарту арқылы аудан орталығында 3 көшені жарықтандырып, елді мекен ішінде арық тарту жұмыстарын ұйымдастырып берді. Тағы бір халық қалаулысы Балаларды қорғау күніне орай демеушілік жасады. Жоғарыдағы екі азамат қалталарынан қаржы шығарып, аудандағы зағиптарды қасиетті жерлерге зиярат жасатып келді. Бір депутатымыз ауыл биі екеуі кәсіпкерлерді тарта отырып, қазан айында бір отбасыға үй әперуді жоспарлап отыр. Осы секілді басқа да депутаттарымыздың қолға алып жатқан тірліктері баршылық. Бұл жерде депутаттың өз қалтасынан қаржылай көмектер ұйымдастыруы шарт емес. Бүгінде елде қайырымды кәсіпкерлер жетерлік. Сондай іскер азаматтармен қарым-қатынас жасау керек. Саусақ бірікпей, ине ілікпейді. Сондықтан жұртқа ортақ істе жомарт жандарды біріктіріп, жұдырықша жұмылдыра жұмыс істеуге болады деп ойлаймын. Әйтпесе, ауданның бюджет көлемі шексіз емес. Тек бюджетке қарап, қол қусырып отыруға әсте болмайды.
Мен өз бағдарламам бойынша жұмысты Жамбыл атындағы мектеп-лицейін орталық жылу жүйесіне қосу мәселесінен бастадым. Жылу құбырларының қысымдаудан өткізілуі мен ішінара жаңаруына кәсіпкерлерді тарттым. Кәсіпкер 6,5 млн. теңге қаржысын осы қайырымды іске бөлді. Бүгінде 70-80 пайыз жұмыс атқарылды. Екінші мәселе – балалардың заманауи футбол алаңын салу. Үшінші кезекте көпқабатты тұрғын үйге инвестор тарту керек болып тұр. Қазіргі уақытта ауданда 2 мыңдай адам тұрғын үй кезегінде тұрғанын айта кетейік. Биыл 1 қыркүйек күні «Amanat» партиясында қоғамдық қабылдау өткіздім. Сол жерге тұрмысы төмен ата-аналар келді. Осы жиыннан соң 8 баланы киіндіріп, мектепке қажетті керек-жарағын алып бердім. Бір қарт анаға үйінің төбесін жабуға қажетті материалдық көмек берілді. Сондай-ақ, кешегі оқу жылының басталуына орай акция өткіздік. Сол іс-шарада тағы 20 оқушының керек-жарағын түгендедім.
Аудан орталығында «Балдәурен» деген балабақша бар. Сол жерден өтініш түскен соң дефектологиялық кабинетті қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуді ұйымдастырдым. Балабақшаға баратын кішкене жол бар еді. Ойқыш-ойқыш жол жауын жауса көпшілікті әбіржітіп жіберетін. Сол жолды демеуші жігіттер асфальттап берді. Бір көшеге жарық тартуды қолға алып, жақында аяқтадым. Көше тұрғындары қуанып қалды. Жаңағы Жамбыл мектебінде екі класты толық жөндеуден өткізіп, жаңа парта, тақта, орындықтар алып бердік. Бұл да мұғалімдердің өтініші еді. Басқа да қолға алып жатқан істеріміз баршылық. Мен олар туралы қазір әңгіме қылуды қалап отырған жоқпын. Өйткені, арық айтып, семіз шыққан мен үшін де, ел үшін де жақсы. Сондықтан біткен істер туралы алдағы уақытта орайы келіп жатса, айта берерміз.
– Халық қалаулыларының ауызбіршілігі қандай?
– Ешкім де депутаттарға «бәрің бір үйдің баласындай тату-тәтті тұрыңдар, біріңнің айтқаныңды екіншің қолдап кетіңдер» деп тапсырма бере алмайды. Өмірде принцип дейтін мәселе болады, көзқарас деген мәселе болады, ондай жағдайда объективті, негізделген келіспеушіліктер мен тартыстардың болуы заңдылық. Бәрі бірдей бас шұлғып, қол көтере берсе, онда оның несі мәслихат? Әр депутаттың әр мәселеге байланысты жеке көзқарасы, ұстанымдары мен пайымдары бар. Өз сайлау учаскелеріне көбірек тартқысы келеді. Ал, жалпы істе, түптеп келгенде, ел мұраты жолында бір болу керек деп есептеймін.