«Мемлекет басшысының «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты биылғы Жолдауында аграрлық салаға аса зор мән берілгені мәлім. Аграрлық саланың инвестициялық-инновациялық тартымдылығын арттыра отырып, зор игілігін көруге болады. Сондықтан ел Президенті Үкімет алдына Қазақстанды Еуразия құрлығындағы басты аграрлық орталықтың біріне айналдыру міндетін қойды. Осы биік мақсатқа жетеміз десек, ең алдымен өнімді жоғары деңгейде өңдеуді үйренуіміз қажет. Алдағы үш жыл ішінде агроөнеркәсіптегі өңделген өнім үлесін 70 пайызға жеткізу көзделіп отыр. Жолдаудан туындайтын міндеттерді жүзеге асыруда біздің өңірдің қандай мүмкіндіктері бар? Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Тұрғанбек Оспановпен осы мәселелер жөнінде сұхбаттасқан едік.
– Дамудың басты драйвері – ауыл шаруашылығы саласы десек, өнімдерді қайта өңдеу деген мәселе әлі де ақсап келеді. Ендеше, әңгімемізді облыстағы ет, сүт, астық өнімдерін терең өңдеу және өндірістік жылыжай шаруашылықтарын дамыту жөнінен бастасақ. Бұл бағытта өңірде қандай шаруалар атқарылуда?
– Бүгінгі таңда облыста 22 жеміс-көкөніс, 8 ет және 23 сүт өнімдерін қайта өңдейтін кәсіпорын жұмыс істейді. Алайда, аталған кәсіпорындардың басым бөлігінің технологиялық жабдықтары ескі. Содан да бәсекеге қабілетсіз. Атап айтқанда, жеміс-көкөніс өнімдерінің небәрі 0,23%-ы, ет өнімдерінің 12,3%-ы, сүт өнімдерінің 13,6%-ы қайта өңделуде. Осы ретте тұрғындарды отандық өнімдермен қамтамасыз ету бағытында 2027 жылға дейін жалпы сомасы 329,1 млрд. теңгені құрайтын 110 инвестициялық жобаны іске асыру көзделуде. Оның ішінде биылғы 7 айда құны 10,6 млрд. теңгені құрайтын 26 жоба іске қосылып, 334 жұмыс орны ашылды. Атап айтқанда, 200 ірі қараға арналған (2 жоба – 1 300 млн.теңге) тауарлы сүт фермасы, мал бордақылау алаңдары (5 жоба – 1 920 млн.теңге), 490 гектар танапты жаңбырлатып суару (4 жоба – 515 млн.теңге), 2,1 гектар фермерлік жылыжай (5 жоба – 2 356 млн.теңге), балық өсіру (5 жоба – 2 413 млн.теңге), сүт өңдеу цехы (4 жоба, 828,0 млн.теңге), мал сою цехы және бекеті (2 жоба – 1 300 млн.теңге) салынып, іске қосылды. ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі қайта өңдеу кәсіпорындарын құру немесе кеңейту жобалары бойынша инвестициялық субсидияны 2024 жылдан бастап 50%-ға ұлғайтуды жоспарлауда. Осы арқылы біз өңдеу көлемін 2027 жылға қарай кемінде 40-50%-ға арттыруға қол жеткіземіз деп межелеп отырмыз.
Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесі негізінде облыста ірі тауарлы сүт фермаларын құру үшін биыл республикалық бюджеттен 6 млрд. теңге бөлінді. Ал, 2024-2026 жылдар аралығында 135,8 млрд. теңге бөлуге өтініш жіберілді. Бұл қаржыға басым бағыттағы 62 инвестициялық жоба жүзеге асырылмақ.
– «Ауыл аманаты» жобасы алдағы уақытта да жалғаса ма?
– Халық табысын арттыруға бағытталған «Ауыл аманаты» жобасы бойынша облыста 11,6 млрд. теңгеге 2 018 жоба мақұлданып, 7,2 млрд. теңгеге 1 297 жоба қаржыландырылды. Осы бағыттағы жұмыстар жалғасуда. Жоба аясында 65 кооператив құрылды. Алдағы үш жылда да бұл бағдарлама жалғасады. Республикалық бюджеттен тағы 100 млрд. теңге қаржы бөлу мақұлданды.
– Жақсы жаңалық екен. Ал, әртараптандыру бағытында қандай жұмыстар жүргізіліп жатыр?
– Егін шаруашылығында құрылымдық және технологиялық әртараптандыру, басым дақылдардың егістік алқаптарын кеңейту бойынша жұмыстар жалғасын табуда. Агроөнеркәсіп кешенінде сұраныстың артуына сәйкес егіс құрылымын қалыптастыруда рентабельділігі жоғары дақылдарға басымдық берілмек. Атап айтқанда, тек оңтүстік өңірлерде егілетін мақтаны әртараптандырудың кешенді шаралары атқарылуда. Агро-өнеркәсіп кешенін дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған Тұжырымдамасы бойынша 2027 жылға дейін мақталық алқаптар 46,3 мың гектарға дейін қысқартылып, 80 мың гектарға түседі. Мақта плантациялары рентабельділігі жоғары жүгері және мал азығы дақылдарымен алмастырылады. Сөйтіп, жергілікті тұқыммен 100% қамтамасыз етуге күш салынады. Мәселен, мақта дақылы 15 мың гектарға қысқартылып, оның орнына дәндік жүгері, мал азығы дақылдары егілді.
– Жолдауда бұл саланы агроғылымсыз өркендете алмайтынымыз айтылды. Оңтүстік өңірде ғалымдардың ашқан жаңалықтары ауыл шаруашылығы саласына қаншалықты енгізілуде?
– Қазақстан аграрлы мемлекет қатарына жататындықтан, ел экономикасын өркендету ісінде негізгі салмақ ауыл шаруашылығы мамандарына түседі. Сондықтан бүгінгі таңда ғалымдар мен өнім өндірушілер бірлесе жұмыс істесе жоғарғы нәтижеге жететініміз анық. Биылғы 4 тамызда облыста халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізіліп, Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы ғылымдары академиясының филиалы ашылды. Қазіргі таңда ғалымдармен бірлесіп, саланы инновациялық дамыту, оның ішінде тұқым шаруашылығын, қайта өңдеу саласын және мамандардың біліктілігін арттыру бағыттарын жүйелендіруді қарастырудамыз.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысының өкілеттіктерді орталықсыздандыру, оның ішінде жергілікті атқарушы органдардың өкілеттіктерін кеңейте отырып, мемлекеттік басқару жүйесін қайта жүктеу тапсырмасы аясында Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығына (НАНОЦ) қарасты Түркістан облысында орналасқан үш ғылыми-зерттеу мекемесі мен бір мамандандырылған тұқым шаруашылығын («Оңтүстік-Батыс мал және өсімдік шаруашылығы ҒЗИ» ЖШС, «Мақта және бақша ауыл шаруашылығы тәжірибе стансасы» ЖШС, «Красноводопад ауыл шаруашылығы тәжірибе стансасы» ЖШС және «Қарабау» тәжірибелік-өндірістік шаруашылығы» ЖШС), оларды күтіп ұстауға жыл сайын республикалық бюджеттен бөлінетін қажетті қаржыларымен Түркістан облысының коммуналдық меншігіне өткізу жөнінде ұсыныс енгізілді.
– Тозған техникамен де алысқа бара алмасымыз анық…
– Иә. Машина техникалық паркін жаңалау бойынша өңірімізде бірқатар жұмыстар атқарылуда. Облыста 23 889 ауыл шаруашылығы техникасы бар. Оның ішінде 11 499 трактор, 1 619 комбайн, 10 771 тіркеме, қопсытқыш және тағы басқа да ауыл шаруашылығы техникалары бар. Бірақ, 16 565 техниканың тозығы жеткен. Яғни 70%-ының пайдалану мерзімі 10 жылдан асып кеткен. Мемлекеттік қолдаудың арқасында техника паркі соңғы жылдары ұдайы жаңартылуда. 2018 жылы – 575, 2019 жылы – 1 006, 2020 жылы – 1 159, 2021 жылы – 1 193, 2022 жылы 1 293 техника сатып алынды. Сөйтіп, жаңалану үлесі 3%-дан 5,7%-ға жетті. Бұл жұмыстар тұрақты жалғасын табады. Биылғы 7 айда 356 техника сатып алынды. Оның алтауы астық және мақта жинайтын комбайн болса, 350-і – трактор. Инвестициялық субсидия бойынша жергілікті бюджет есебінен шығыстарды өтеуді 25%-дан 35%-ға дейін ұлғайтуға мүмкіндік бар.
– Мемлекет басшысы атап өткендей, біздің ел трансшекаралық су көздеріне тәуелді. Сондықтан суды пайдалануды жан-жақты ойластырып барып жүргізбесе, қиын болады-ау…
– Шынында да, бұл – күрделі мәселе. Биыл көршілес мемлекеттердің су қоймаларында су деңгейінің өткен жылмен салыстырғанда кем жиналуына байланысты оңтүстік өңірлерінде, оның ішінде Жетісай, Мақтаарал аудандарында ағын су тапшылығы қатты сезілді. Аталған аудандар суды толықтай Өзбекстан Республикасынан басталатын «Достық» мемлекетаралық магистральды каналынан алады. Бір жылдық лимиті 1 116 млн. текше метр болса, нақты алынғаны 754 млн. текше метр болды. Сөйтіп, белгіленген су көлемінің 67 пайызын ғана пайдаландық. Ал, суару маусымында 820 млн. текше метр ағын су босатылу қажет болса, небәрі 498 млн.текше метр ағын су (61%) алынды. Су тапшылығын болдырмау үшін машиналық сусорғы арқылы каналдан қосымша 59,3 млн.текше метр су тасталды. Бұдан бөлек, суару маусымында 42 тік дренажды ұңғыма іске қосылып, 1,9 млн. текше метр су берілді.
Қазақстан Республикасының Су кодексіне сәйкес еліміздің заңдарында белгiленген тәртiппен трансшекаралық суларды пайдалану мен қорғау мәселелерi бойынша шет мемлекеттермен және халықаралық ұйымдармен ынтымақтастықты Қазақстан Республикасының Үкіметі жүргізеді.
Облыста су үнемдеу технологиясын пайдаланатын алқап 30,2 мың гектарды құрайды. Оның ішінде 21 мың гектары тамшылатып суару технологиясы, 9,3 мың гектарына жаңбырлатып суару машиналары орналастырылған. Бұл технологиялар ағын су үнемдеумен қатар, өнімділікті 2-3 есеге артыруға да мүмкіндік береді. Ағын судың тапшылығы, сондай-ақ, аталмыш жүйедегі инфрақұрылымның тозуы – өңірдегі өзекті мәселелердің бірі.
Облыстың коммуналдық меншігінде 26 су қоймасы, 6 023 шақырым канал, 2 556 шақырым қашыртқы бар. Оның ішінде 4 350 шақырым каналдың (72%), 2 174 шақырым қашыртқының (85%) тозығы жеткен. Осыған орай су нысандарын қалпына келтіру жұмыстарын жандандыру үшін Үкіметке мемлекеттік сатып алуды бір көзден жүргізу туралы ұсыныс енгізілді. Қажетті қаржының басым бөлігін республика қазынасынан бөлу жөнінде жаңадан құрылған Су ресурстары және ирригация министрлігіне тиісті бюджеттік өтінімдер жолданады.
Түркістан қаласы өңірлерінде ағын су тапшылығын түбегейлі шешу үшін «Боралдай» (сыйымдылығы 50 млн.текше метр, жобалық құны 15 млрд. теңге), «Бәйдібек ата» су қоймаларын салу (68 млн. текше метр, жоба құны – 16,9 млрд. теңге) жобалары әзірленді. Бұл жобалар Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында су саласын дамытудың 2024-2026 жылдарға арналған кешенді жоспарының жобасына енгізілді. Соның нәтижесінде суару маусымында «Бөген» су қоймасына қосымша
130,0 млн.текше метр су жеткізіліп, Түркістан өңірі кепілді тіршілік нәрімен қамтамасыз етілмек. Сонымен қатар, стратегиялық маңызы бар 2 су қоймасын (Бөген, Қосқорған) күрделі жөндеуден өткізу үшін олардың жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленуде.
– Әңгімеңізге рахмет! Істеріңізге сәтілік тілейміз!
Сұхбаттасқан С.ЖЕКСЕНБАЕВ