Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» деп аталатын Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауында еліміз үшін аса маңызды саналатын көптеген мәселелер қозғалды. Мемлекет басшысы экономика, өндіріс, саясат, көлік-логистика, жол қатынастары, мәдениет, әлеуметтік сала, білім беру және денсаулық сақтау салалары туралы айта келе, ауыл шаруашылығы саласына ерекше тоқталды. Айта кетейік, ауыл шаруашылығы саласы оңалса, ауыл оңалады. Ал, ауыл ежелден-ақ халқымыздың ұйытқысы, ырыстың бастауы болып саналады.
Біздің ата қонысымызға айналған Егізқара елді мекені облыс орталығы – Түркістан қаласынан онша алыс емес, 90 шақырымдай жерде. Ол Сауран ауданының Майдантал ауылдық округіне қарайды. Аталған ауылдық округтің құрамына Егізқарамен қоса Ынталы және Қаражон елді мекендері кіреді. Осылардың бәрін қосқанда бұл өңірде үш жарым мыңға жуық халық тұрады. Біздің бүгінгі әңгімеміз осы ауылдардың әлеуметтік жағдайы мен инфрақұрылымын қазіргі заман талабына сай жетілдіру бағытында істеліп жатқан жұмыстар жөнінде болмақ.
Елді мекендердің негізгі проблемаларының бірі жол екені айтпаса да түсінікті. Міне, осы жол мәселесі бойынша 2021 жылы Сауран ауданының әкіміне кірген едім. Ол кезде Сауран ауданының әкімі Ғани Рысбеков деген азамат болатын. Ғани Құрмашұлы менің өтінішімді жерде қалдырмады. Егізқараға арнайы келіп, жағдаймен танысты. Жол қатынасының қиындығын өз көзімен көргеннен кейін 10 шақырым жерге тас төсету жөнінде шешім қабылдады. Одан соң 2022 жылдың соңында аудан әкімі ауысып, ол қызметке Ғалымжан Үсенбаев келді. Ол да ауыл тұрғындарының өтінішіне құлақ асып, аудан орталығымен арадағы жолдың қалған 5 шақырымдай бөлігіне тас төсетуге ықпал жасады.
Дегенмен, басшының пәрменін жүзеге асыруға келгенде бүкіл жауапкершілік ауыл әкіміне жүктелетіні мәлім. Осы тұрғыда біздің жолымыз болды. 2021 жылдың күзінде Майдантал ауылдық округіне Жандос Досболов әкім болып сайланды. Жас әкім өзіміздің жерлесіміз, осы ауылдың тумасы екенін естігенде бәріміз қуандық. Көп ұзамай-ақ сол қуанышымыз сүйінішке ұласты. Жандос Мұратұлы жас болса да істің жайын білетін, ауыл жұртының ахуалына жанашырлықпен қарайтын, кішіпейіл, адамгершілігі мол азамат болып шықты. Оның осы қасиеттері елдің бәріне ұнады.
Жаңа әкім сайлана салысымен бірден іске кірісіп, Майданталға қарасты елді мекендердің жағдайын қолға алды. Әрине, бұл ауылдарда жылдар бойы жинақталған, әбден қордаланған проблемалардың өте көп екендігі белгілі. Оның бәрін бірдей шешіп тастай алмайсың. Дегенмен, Жандос Мұратұлы сол проблемаларды ыңғайына қарай біртіндеп шешіп, реттей бастады.
Майдантал халқы негізінен мал және егін шаруашылығымен айналысады. Мұндағы басты проблемалардың бірі – ағын су болатын. Себебі кезінде су қоймасы дұрыс жасалмаған. Бұл мәселе бұрыннан қозғалып келгенімен, облыс, одан кейін ауданның әкімшілік құрылымдары өзгеріп, проблема кейінге шегеріле берген. Ешқандай мекеменің теңгеріміне өтпеген, су жинауға рұқсат берілмеген. Жандос Мұратұлы әкім қызметіне кіріскен бойда осы мәселемен айналысты. Тиісті құжаттарды дайындап, оны облыстық ауыл шаруашылығы басқармасына қарасты «Тұран су» мекемесінің балансына өткізді. Сөйтіп, 2022 жылдың көктемінен бастап қоймаға су жиналды. Соның нәтижесінде елді мекендерге су келді.
– Ынталы елді мекені 100% ауыз сумен қамтылмаған. Себебі, бұған дейінгі жобалар дұрыс жасалмаған. Қазір осы мәселені де шешіп жатырмыз. Жұмыстар аяқталып қалды. Алла жазса, осы қазан айында бұл ауыл толығымен таза ауыз сумен қамтылады. Сонымен қоса бұл ауылға бір ойын алаңшасын, яғни воркаут салдық. Жанында футбол алаңы бар, заманауи үлгідегі алаңша жасадық.
Тағы бір айта кететін мәселе, бұған дейін мұнда ешқандай қоқыс төгетін полигон болмаған. Ауылдың маңайын қоқыс-қалдықтар басып қалған. Соның бәрін ретке келтіру үшін ауылдан 5 шақырым жерден жаңадан полигон салып жатырмыз. Бұл жұмыстар да осы қазан айында аяқталуға тиіс.
2021-2022 жылдары «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша бір көшеге толықтай жарықшам орнатып, жарықтандыру жұмыстарын жүргіздік. Тағы бір көшеге асфальт төселді. Ал, биыл ауылдағы ең үлкен көшелердің бірі – Жангелдин көшесіне жарық тартып жатырмыз, – дейді Жандос Мұратұлы, атқарылып жатқан жұмыстардың мән-жайын білу мақсатында сөзге тартқанымызда. – Осы Ынталы елді мекеніне «Жайлы мектеп» бағдарламасы аясында мектеп салуды жоспарлап отырмыз. Оның құжаттарын толықтай әзірлеп, аудандық құрылыс бөліміне өткізіп қойдық. Аталған бағдарлама бойынша ауданда бес мектеп салынуы тиіс. Соның біреуін біздегі елді мекенге салдырсақ деген ойымыз бар. Ол заманауи үлгідегі 600 орынды мектеп болады.
Одан бөлек, салауатты өмір салтын насихаттау және жастарды спортқа баулу мақсатында спорт кешенін салуды жоспарлап отырмыз. Қазір оның жобалық-сметалық құжаттарын әзірлеп жатырмыз, ол осы қазан айында толығымен дайын болады. 2024 жылғы бюджетке ұсыныс береміз деген ойдамыз.
Біздің ауылымызда Мәдениет үйі, клуб, кітапхана тәрізді қоғамдық орындар да жоқ. Осы мәселені де қолға алып, жобалық-сметалық құжаттарын дайындаудың қамын ойластырудамыз.
Айта берсек бұдан басқа да проблемалар жетеді. Ағын су жүйелері әбден тозған. Бұл жүйелер сол баяғы ескі құжаттармен қалып қойған. Солардың жаңа жобаларын әзірлеу жұмыстарын қолға алдық. Қазір 6 су жүйесінің құжаттары дайындалуда. Олар дайын бола салысымен бірден «Тұран су» мекемесіне өткіземіз.
Жандос Мұратұлының әкім болып келген бойда қолға алған шаруаларының бірі – жол болды. Біздің Cауран ауданының аумағынан «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» автомагистралі өтеді. Содан бізге бұрылатын 20 шақырымдай жол бар еді. Міне, сол жолымыз неше жылдан бері жөнделмей жатқан. Жаңа әкімнің ұйытқы болуымен осы жол биыл жөнделді.
Қаладан жырақта жатқан елді мекендердегі басты проблеманың бірі – интернет және байланыс желілері. Біздің Егізқарамен қоса Ынталы, Қаражон ауылдарында да байланыс сапасы өте төмен. Жандос Мұратұлы жақында осы мәселе бойынша хат дайындап, тиісті мекемелерге өтініш білдіргенін айтты.
– Округке қарасты ауылдарда асфальт төселмеген көшелер көп. Соларды ретке келтіруді, яғни тас және асфальт төсеу жұмыстарын қолға алдық. Биыл Қаражон ауылындағы екі көшеге тас төсейміз. Одан бөлек, қалған екі елді мекендегі жеті көшеге де асфальт төсеуді жоспарладық. Олардың жобалық-сметалық құжаттары жасалып, сараптамаға өткізілді. Келесі жылдың бюджетіне қойып отырмыз.
Одан соң ауылдағы электр желілері де әбден ескірген. Өткен ғасырдың 60-70 жылдарында орнатылған бағаналар тозығы жетіп, шіріп тұр, электр сымдары салбырап, ескіріп кеткен. Тұтас округ бойынша алғанда осындай желілердің 80 пайызы жарамсыз десек те болады. Сол бойынша да заманауи электр сымдарын тартудың жобасын әзірлеп, алдағы жылдың бюджетіне ұсындық. Келер жылы электр бағаналарын жаңартып, жаңа желілер тартамыз, – деді ол.
Жандос Мұратұлы сөзінің соңында ауылдық округ бойынша атқарылып жатқан осындай ауқымды шаруалар жайын айта келе, Егізқарадағы малшылар қонысының хал-ахуалына кеңірек тоқталды. Яғни Егізқара ауылын орталықпен жалғайтын жолдың тағы да 5 шақырымдай бөлігіне тас төселгенін, кейінгі үлгіде жасалған күн батареяларын орнату және сол жердегі тұрғын үйлерге бір орталықтан қуат тарататын шағын электр стансасын салу бойынша жұмыс атқарылып жатқанын жеткізді.
Майдантал ауылдық округіне қарасты елді мекендердің бәрі негізінен мал шаруашылығымен және егіншілікпен айналысады. Барлығының шаруа қожалықтары бар. Ол қожалықтар бүкіл ауданды, қала берді, бүкіл облыс халқын мал етімен, сүтпен, мал азығымен, дәнді дақылдармен және көкөністермен қамтамасыз етуге үлес қосуда. Сондықтан Мемлекет басшысының биылғы Жолдауында айтылғандай, ұланғайыр қазақ жеріндегі ауыл шаруашылығының аядай бөлшегі саналатын Егізқара, Ынталы және Қаражон тәрізді елді мекендерді мүмкіндігінше дамытуымыз керек. Ол біздің еліміздің болашағы үшін атқарылатын аса ауқымды игілікті істің бір парасы болмақ.
Г.ІЛИЯСОВА, І топтағы мүгедек,
Егізқара ауылының тұрғыны. Сауран ауданы.