Домбыра – қазақ халқының ең кең тараған екі ішекті, көп пернелі музыкалық аспабы. «Домбыра» атауының шығу тарихы жайлы ел арасында айтылатын әңгіме көп. Домбыраның шығуы туралы қандай да бір болжам жасау үшін біз «ДОМБЫРА» сөзінің этимологиясына жүгінуіміз керек. Белгілі зерттеуші Хайролла Жүзбасовтың пікірінше, «Домбыра» сөзі «депбура», «дэлбура», «дембура» («дэл», «деп» – қазақ тілінде – дәл, «бура» – бұра, келтір) сөздері арқылы жасалған. Барлық түркі халықтарында домбыра тәрізді аспаптардың болуы олардың тарихи, мәдени жағынан өзара байланысын көрсетеді. Бұл аспапты қазақтар, ноғайлар, өзбектер, башқұрттар – «домбыра», тәжіктер – «домбурак», моңғолдар – «домбор», түріктер – «саз», түрікмендер – «дутар», қырғыздар – «комуз», татарлар «кобуз» деп атайды. Қазақтың халық аспабы домбыра XIV ғасыр жазбаларында кездеседі.
Қазіргі кезде домбыраның 20-дан астам түрі бар. Мәселен, ән мен күй домбырасы, торсық, тұмар кең шанақты (екі нұсқасы), балдырған, балашық, шіңкілдек, аша, үш ішекті, қуыс мойын, шертер. Домбыраның құрылысы бірнеше бөліктен тұрады: басы, құлақтары, пернелер, мойын, шанақ, бетқақпақ, ілгек және ішектер. Домбыра аспабы халықтық кәсіби өнердің туып қалыптасуына, өркендеуіне негіз болған. Байжігіт, Құрманғазы, Дәулеткерей, Тәттімбет, Сейтек, Қазанғап, Сүгір, Тоқа секілді даңқты күйшілердің төкпе, шертпе күй дәстүрлерінің тууы, дамуы осы домбыра аспабымен тікелей байланысты. Олардың мұрасын бүгінгі күнге жеткізген Дина Нұрпейісова, Әбікен Хасенов, Науша Қашағанов, Махамбет Бөкейханов, Төлеген Момбеков, Мағауия Хамзин, Қали Жантілеуов, Сәдуақас Балмағамбетов, Лұқпан Мұхитов сынды күйшілерді айтуға болады. Домбыра – тек күй тартуға ғана емес, ән айтқанда сүйемел үшін қолданылатын аспап. Біржан сал, Ақан сері, Жаяу Мұса, Мұхит, Мәди, Кенен Әзірбаев, Әміре Қашаубаев, Манарбек Ержанов, Жүсіпбек Елебеков, Ғарифолла Құрманғалиев, Қайрат Байбосынов секілді есімі елге белгілі әншілер домбыраның әнге әр беріп, әншіге демеу болатынын дәлелдеді. Бүгінде «Руханият Әбу Нәсір әл-Фараби» музейінде қазақтың атақты ақын-домбырашылары Әселхан Қалыбекова, Қызыл жырау, Елеусіз Байырбеков, Көпбай Омаров, Төлеген Момбеков, Сүгір Әлиұлының домбыралары сақтаулы тұр.
Музыка зерттеушісі Мұрат Әбуғазы алғаш домбыраның шыққан жері Алтай тауы дегенді айтады. Белгілі түркітанушы ғалым Қаржаубай Сартқожаұлы Моңғол Алтай тауының сілеміндегі Жарғалант-Қайырқан жотасындағы үңгірден домбыра тектес екі ішекті, тоғыз пернелі көне саз аспабын тауып алған. 2008 жылы моңғолдың Дандар деген бір шопаны мал жайып жүріп, үңгірге кездеседі. Тарих пәнінің мұғалімін ертіп келіп, үңгірдің ішін қарай бастайды. Бір кезде 21 жебесімен сақталған қорамсаққа көздері түседі. Содан кейін археологтарды шақырады. Ц.Төрбат бастаған археологтар тобы Нүкін-хад (Үңгіртас) үңгіріне барып, қазба жұмысын жүргізеді. Олар бір апта қазып, табылған жәдігерлерді Ұлан-Батыр қаласына әкеледі. Ц.Төрбаттың бұл мақаласында қазба жұмысының нәтижесін көрсетіп, саз аспабының суретін, басқа олжалармен (адамның қаңқа сүйегі, ер, үзеңгі, садақ, қорамсақ, оқтар) бірге жариялаған. Неге екені белгісіз, саз аспабы туралы толық сипаттама берілмеген. Археолог Ц.Төрбат неміс зерттеушілерімен бірігіп, жинақ («Current Archaeological Research in Mongolia», Bonn. 2009.) шығарады. Онда да домбыраның сипаттамасын жазбайды. Моңғолияға жасаған экспедиция кезінде түркітанушы Қаржаубай Сартқожаұлы саз аспабы туралы мәліметті алады. Бірақ, археолог Ц.Төрбат оны қызғанып, моңғолдардың «ат қобызы» (Морин-хуур) деп қоймайды. Көне жәдігерді көрсеткілері келмейді. Қаржаубай Сартқожаұлы ебін тауып, оның шертпелі домбыра екеніне көзін жеткізеді. Бұл домбыраны біздің елден Қаржаубай Сартқожаұлы мен Жантегін Қаржаубайұлы ғана көрген. Қазір ол Моңғолиядағы Ұлттық музейде тұр. Аспаптың шанағына бұғының, бұланның бейнелері ойылып салынған. Тас бетіндегі түрік ескерткіштерінен еш айырмашылығы жоқ. Пішімі Алтай домбырасына келеді. Оның ысып үн шығаратын аспап емес, шертпе аспап екендігін жіңішке мойнынан, екі құлағы мен пернесінен, тиек сипаттамаларынан көруге болады. Сондықтан оны ат қобыз емес деуге толық негіз бар. Шанақтың бірінші бетінде иненің көзіндей үш тесік бар. Үлкен тесігі шанақтың сыртқы бетіне айшық таңбамен ойылып салынған. Айшық – керей тайпасының таңбасы. Саз аспабындағы жазуды алғаш рет берлиндік түркітанушы ғалым Peter Sieme оқыған. Оны Қаржаубай Сартқожаұлы тәржімалаған. Аспаптың мойнында «Жұпар күй әуені бізді сүйіспеншілікке бөлейді» деп жазылған. Байқап қарасаңыз «күй» деген сөзден-ақ сол дәуірде күйдің болғанын аңғаруға болады.
Жарты әлемді шарлап, көрген қызықты деректерді жазбаша қалдырған орыс саяхатшысы А.Берг қазақ даласына келгенде ерекше таңқалысын жеткізіпті. Ол: «Қазақ елі – қонақжай халық. Мұнда келген мейман ән қанатында қалқып, сиқырлы музыкалық аспап үнімен ғажап күй кешеді» дей келе, әр қазақ домбыраны кие тұтып, қадірлейтінін жазыпты. Осыдан-ақ, домбыраның қазақ ұлты үшін аса қастерлі екенін бағамдауға болады.
Ж.ӨСКЕНБАЕВА,
«Отырар» мемлекеттік археологиялық музей-қорығының ғылыми қызметкері.