Бүгін Түркістанда 4 күн бойы түркітілдес мемлекеттердің назарында болған II Түркі универсиадасының жабылу салтанаты өтті. Аталмыш сайысқа Қазақстан, Әзербайжан, Қырғызстан, Түркия, Өзбекстан және Мажарстаннан 500-ден астам студент-спортшы қатысты. Жас спортшылар 7 спорт түрінен, атап айтқанда үстел теннисі, шахмат, волейбол, футзал, дзюдо, еркін күрес, грек-рим күресі бойынша өзара бәсекеге түсті.
Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-де өткен жабылу салтанаты ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің құттықтау бейнеролигімен басталды. Министр тілегінде «II Түркі универсиадасы – бауырлас елдердің ынтымағы мен бірлігін, татулығы мен достығын тағы да паш етті. Бұл сайыс спорттық бәсекемен қатар, шынайы достықтың да жарқын үлгісін көрсетті. Түбі бір түркі халқының тарихы мен дәстүрі, қуаты баршамызға ортақ мығзымас құндылық екені сөзсіз» делінген.
Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбеков өз кезегінде универсиада да жеңіске жеткен барлық мемлекет спортшыларын құттықтап, әрбірі өз елінің мақтанышы, үміт артқан ұрпағы екенін жеткізді.
– Спорт саласы – намыс пен қайратты, күшке қуат, білекке күш, жүрекке сенім арттыратын рух деп білеміз. Сол рухпен бүгінгі күні тарихы тамырлас түркі елдерінің жастары киелі қаламыз, түркі мемлекеттерініңң рухани астанасы – Түркістанда бас қосуы біз үшін үлкен мәртебе, – деді.
Кеш Түркі универсиадасының туын келесі елге табыстау рәсімімен жалғасты. ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасары Ақерке Абылайханқызы мен Қазақстан Ұлттық студенттік спорт одағының вице-президенті Мұхтар Есқалиев III Түркі универсиадасын өткізу үшін туды Қырғызстан Республикасы өкілдігіне салтанатты түрде табыс етті.
Әрі қарай арнайы дайындалған концерттік бағдарлама көпшілікке ұсынылды. «Атамекен» ұлт-аспаптар фольклорлық ансамблі Дәулеткерейдің күйі «Көроғлы» мен түркі халықтары музыкасынан попурри орындап, көптің рухын көтеріп, зор қошеметке бөленді. «Би сұлтан» би ансамблі II Түркі универсиадасы бауырластық пен ынтымақтың айқын көрінісі екенін дәріптейтін «Достық» биін мың бұрала биледі. Түркістанның әнұранына айналған – «Түркістаным Тұраным» әнін жиылған көрермен қосыла шырқады.
Осылайша достық пен татулықты бейнелеген, бауырлас елдердің спорттық дүбірлі додасы өз мәресіне жетті. Көңілді кеш түркі тілдес мемлекеттердің бір-біріне деген шексіз құрметі, ыстық ықыласы мен ізгі тілегінің көрінісін бейнелеп, баршаға қуаныш сыйлады.