Бүгінгі қоғам алдындағы басты мақсат – өмірдің барлық саласында белсенді, шығармашылық іс-әрекетке қабілетті, еркін тұлға тәрбиелеу. Ертеңгі бәсекеге қабілетті тұлғалар – бүгінгі партада отырған оқушылар. Олар – еліміздің ертеңі, дамыған елдермен иық тіресіп, тереземізді тең ұстап, әлемдік бәсекеде үкілі үмітімізді ақтайтын ұрпақ.
Ұстаз – келер күннің ұстасы. Балалардың қалыптасып келе жатқан дүниетанымының, өмірге деген көзқарасының иесі. Біздің бүгінгі болмысымыз әліппені оқытып, қолға қалам ұстатқан кешегі ұстаздарымыздың еңбегі. Ендеше, ұрпағымыздың ертең қандай адам болып өсетіні мұғалімдердің бүгінгі еңбегінің жемісі болмақ.
Ел Президенті Қасым Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында «Сапалы орта білім алу – әрбір баланың мызғымас құқығы. Мұндағы ең түйінді сөз – «сапа». Сондықтан білім сапасын жақсарту және мұғалімдердің біліктілігін арттыру ауадай қажет» деп білім саласын дамытуға, оқыту сапасын арттыруға ерекше назар аударып, тиісті жұмыстар жүргізу қажеттігін айтты. Бұл Президенттің білім саласына және оның қызметкерлеріне деген жанашырлығы.
Бүгінгі таңда «Педагог мәртебесі туралы» Заң аясында мұғалімнің мерейін өсіріп, мәртебесін көтеру, оқыту мен тәрбие жұмысын жетілдіре түсуіне жағдай жасау және өзге де мәселелерді заң шеңберінде шешу жөнінде көптеген жұмыстар атқарылып жатыр.
Ұрпақ тәрбиесі ұстазға байланысты. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» дегендей өнегелі ұстаздан жақсы шәкірт шығатыны сөзсіз. Шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, тәлім-тәрбие беру, жақсы қасиеттерді бойына дарытып, адамгершілік рухта бағыт-бағдар беруде ұстаздың еңбегі зор. Сондықтан да ол әрдайым ерекше тұлға ретінде бағаланады. Білім көшін жылжытып келе жатқан ұстаздар қауымына құрмет арта бермек! Ертеңгі мемлекеттің болмысы – ұстаздың бүгінгі тәлімінде.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында ертеңгі күнге деген бағыт-бағдарымыз айтылып, экономикалық дамуымыздың таяу жылдардағы эволюциясы айқындалды. Өте ауқымды, нақты әрі кешенді іс-шаралар жоспарланып отыр. Жолдауда жұртшылықты алаңдатып, толғандырып отырған көптеген өзекті мәселелер толыққанды қамтылды. Жолдауда адал азамат және тұғырлы тұлға болудың негізі бала кезден қалыптасатынына, жас ұрпақтың қауіпсіз әрі алаңсыз өмір сүруін қамтамасыз етуге, кәмелетке толмағандарға жасалған зорлық-зомбылықтың кез келген түріне қатысты жазаны күшейту керектігіне нақты тоқталды. Жол, ғимарат, киім-кешек, азық-түлік, яғни барлығы балалар үшін қауіпсіз болу керектігіне, сонымен қатар өскелең ұрпақтың психологиялық саулығы негізгі мәселе екендігіне назар аударды.
Білім беру мекемелеріндегі психологиялық қолдау қызметін институционалды түрде күшейтіп, бірыңғай сенім телефонын ұйымдастыру керектігін тапсырды. Зорлық-зомбылыққа және қысымға, яғни буллингке тап болғандарға көмек көрсетуге арналған бағдарламалар дайындау туралы айтып өтті.
Сапалы орта білім алу – әрбір баланың мызғымас құқығы. Мұндағы ең түйінді сөз – сапа. Сондықтан білім сапасын жақсарту және мұғалімдердің біліктілігін арттыруға көңіл бөлу керектігіне айрықша тоқталды. Бүгінгі таңда еліміз бойынша 4 миллонға жуық балалар мектептерде білім алып жатса, осыған байланысты мемлекет басшысы демографиялық өсім білімге деген сұранысты арттыратынын, мемлекеттік білім саласына қатысты жұмыста тұтастық, яғни жүйенің жоқтығы, тіпті өзара байланыстың үзілгендігін қадап айтты. Үкіметке бес жастан асқан балаларға арналған «Келешек» атты бірыңғай ерікті жинақтау жүйесін енгізуді тапсырды. Осы жинақ пен «Ұлттық қор – балаларға» жобасының қаражаты қосылғанда жас ұрпақтың сапалы білім алуына мүмкіндік туатынын ерекше атады.
Мемлекеттің дамуы Президенттің Жолдауындағы сөз бен орындаушылардың ісіне жалғасса ғана қарқын алатынын естен шығармайық. Жолдауда айтылған әр мәселенің өзегінде халқымыздың бүгіні мен болашағы бар. Қазіргідей алмағайып әлемде өмір сүріп, мемлекетімізді нығайтып, ұрпағымызға адаспайтын тура жол көрсетсек, қуатты мемлекеттің негізін қалаған болар едік.
Ғ.МЫРЗАЛЫ,
Төлеби ауданы білім және ғылым қызметкерлері
кәсіподақ комитетінің төрағасы, аудандық қоғамдық кеңестің мүшесі.