Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев кәсіпкерлікті жүйелі түрде қолдау мақсатында бірқатар тапсырмалар беріп, дәстүрлі Жолдауларында ерекше пәрмен беріп отыр.
«Қарапайым заттар экономикасы» мемлекеттік бағдарламасы аясында Түркістан облысында кәсібін кеңейтіп, жұмысын сәтті жүргізіп жатқан өндіріс орындарының саны артуда.
Орта және шағын бизнесті дамыту – өңірдегі жұмыссыздықты жоюда, нарықты халыққа қажетті тауарлармен толтыруда, өңірлердің экономикасын тұрақтандыруда шешуші фактор. Сондықтан да еліміздегі шағын және орта бизнесті дамыту мәселесіне жан-жақты жағдай жасалып, Түркістан облысының әкімі Дархан Амангелдіұлы тарапынан да айрықша назар аударылып отыр. Осы тұрғыда қабылданған мемлекеттік бағдарламалар мен жан-жақты қолдаулар жеке кәсіппен шұғылданамын, кәсібімді кеңейтемін деушілерге мол мүмкіндіктерді қарастырған.
Төлеби ауданы, Зертас ауылының тұрғыны Жаһангер Асылбек – жастайынан еңбекке араласқан жан. Жасы отызға жетпеген жігіт бүгінде адал еңбегімен күнін көріп, отбасын асырап отыр.
– «Ауыл – біздің алтын діңгегіміз», «Ауыл – алтын бесігіміз» деп ауылды мақтай бергеннен ештеңе шықпас. Ауылдың жағдайын жасап, экономикасын көтеру өзіміз секілді жігіттердің қолында. Сол арқылы өзіміздің де материалдық жағдайымызды жақсарта аламыз, – дейді ол.
Жаһангерге адал еңбектің наны тәтті болатынын әкесі Бауыржан үйреткен.
– Бәріміз ауылдан шықтық, ауылдың тұрмысын бір кісідей білеміз. Бала күнімізде әке-шешеміз кетпен-күрекпен-ақ арықтың суын егіндікке, бау-бақшаға бұрып жабатын. Сол арықтардың көмегімен тал-дарақты көгертіп, кейін жемісін де жедік қой.
Анамыз шілденің ыстығында табаға нан жауып, жер ошаққа дәмі тіл үйірер ас әзірлейтін. Дайын газы мен тау қопарар техникасы тапшы заманда ата-анамыз қара жұмыспен күн кешті.
Әкем қорадағы азын-аулақ малына шалғы орақпен-ақ шөп жинап алатын. «Қазақтың «қолы қимылдағанның аузы қимылдайды» деген дана сөзі бекер айтылмаған» деп отыратын. Сол тәрбиенің жемісін ержеткен соң көріп отырмын. Бүгінгі істеп жатқан жұмысымды да әуелде әкем бастап, жөн-жолын нұсқап, тура бағыт берді, – дейді кейіпкеріміз.
Ол ауласына мақсары майын шығаратын шағын аппарат орнатып, уақытпен санаспай еңбек етіп жүр. Жылына 200-300 тонна шамасында мақсары майын алады. Одан қалған жемін мал бордақылайтындарға сатады.
– Мақсары майының пайдасы көп. Ауылдағы жеке шаруа қожалықтары жылда мақсарысын бізге өткізеді. Біз одан май шығарамыз. Көршілес Сайрам ауданының тұрғындары мақсары майы мен қалған қалдығын пышақ үсті бөліп алады. Мақсарының қалдығы да төрт түлікке таптырмас азық.
Одан бөлек мал азығы үшін жылына 100 тоннаға жуық мақта шитін сығып, өнім аламыз. Оған да сұраныс жоғары, – дейді ол.
Кәсіпкер тек шаруа қожалықтарына ғана алақан жайып отырған жоқ. Ол ауыл азаматтарының бос жатқан жерін жалға алып, өзі де мақсары егеді. Бұл айтуға оңай болғанмен, жеңіл шаруа емес.
Қазір көзін тауып еңбек еткендердің, қолынан іс келетіндердің заманы. «Жұмыс жоқ» деп көше кезіп, аяқкиім тоздырып, әке-шешенің мойнына масыл болып отыратын кез емес. Ауылды қаз-қалпында, берекелі күйінде сақтап қалу үшін барлық мүмкіндігімізді толық пайдалануымыз керек. Әрине, қиыншылық бар. Түрлі кедергілер мен «әттең» дегізетін келеңсіз жағдайлар да кездеседі. Бірақ еңбектің парқын білген адам түбінде бақытқа кенеледі деп сенемін. Жеңілдің астымен, ауырдың үстімен жүруді уақыт көтермейді. Біреуге иек артып өмір сүргеннің мәні жоқ. Еріншектік пен селқостыққа бой алдырмау керек. Маңдайыңнан тер төгілмей табысқа жетуің неғайбіл.
Үкімет тарапынан беріліп жатқан жеңілдіктерге жүгінбеген.
«Үкімет тарапынан беріліп жатқан түрлі қолдаулардан хабарым бар. Бірақ ол үшін әрекет жасаған жоқпын. Арзандатылған несие алып кәсібімді ұлғайтсам да болар еді. Бірақ не де болса жетістікке тәуекел етіп, маңдай теріммен, білек күшіммен жеткенді жөн көрдім. Әсілінде барды қанағат еткеннен артық береке жоқ» дейді ол.
Еңбекқор жан уақ мал бордақылаумен де айналысады. Бүгінде қорасын қошқарға толтырып, бордақылап отыр.
– Малды семірткен соң базарға шығарамын. Тіпті тұрақты алушыларым базарды күтпей үйден-ақ алып кетіп жатады. Бұл бейнеттің тірлігі тынымсыз болғанымен, азды-көпті пайдасы да бар. Тек еңбектен қашпау керек. Қолына күрек алғанды ауыл аш қалдырмайды, – дейді Жаһангер Асылбек.