Қайырымдылық – жүректегі мейірімнің сәулесі. Яғни, біреуге көмек көрсету, қайырымдылық жасау – адам жанының ізгілігінен, рухани дүниесінің байлығынан, ішкі әлемінің жарықтығынан шығатын игі іс. Кешегі аптада аудан орталығындағы №12 жалпы орта мектепте ұстаздар қауымының ұйымдастыруымен «Жүректен-жүрекке» қайырымдылық шарасы өтті. Аталған шараға аудандық мүгедектер қоғамының төрағасы Қуаныш Ерназар, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бас маманы Буажар Есбосынова, аудандық «Өскен өңір» газетінің директор-бас редакторы Сәбит Лаханов, мектеп директоры Данияр Тілепов, мектептің ата-аналар комитетінің төрайымы Қырмызы Әбдиева, бір топ ата-аналар мен ерекше күтімді қажет ететін балалар қатысты.
Шараның мақсаты – ерекше күтімді қажет ететін балаларға мерекелік көңіл күй сыйлау, оларды қоғамға бейімдеу жұмыстарын жандандыра түсу. Қайырымдылық шарасының алғы сөзін алған мектеп директоры Данияр Тілепов шараның мақсатына тоқталып, жоғарыда аталған балалар үшін бар жағдай жасалатынын, олардың қатарларынан кем болмауы үшін жұмыс жасап жатқандарын нақты мысалдармен атап өтті.
– Бұл балалар мүмкіндігі шектеулі емес, алтын балалар. Алланың берген сыйлары. Ерекше қабілетті балалардың болашағынан зор үміт күтуге болады. Дендеріңіз сау, отбасыларыңыз аман болсын, – деді аудандық мүгедектер қоғамының төрағасы Қуаныш Ерназар.
Шараға бас-аяғы 6 бала шақырылды. Жүздері бал-бұл жанған бүлдіршіндер өздеріне көңіл бөлген аға-әпкелеріне алғыстарын жаудырып, балалық ақ тілектерін айтты. Бұдан бөлек, мектеп мұғалімдері мен оқушылар кеш қонақтарына ән шырқап, би билеп өз өнерлерін ортаға салды. Мектептің ата-аналар комитетінің төрайымы Қырмызы Әбдиева балаларға сыйлықтар тарту етті. Ал, ата-аналар болса, балаларға қуаныш сыйлаған азаматтарға ризашылығын білдіріп, алғысын жаудырдырып, шығармашылық табыс тіледі. «Армандар орындалады» демекші, шара соңында балалар армандарын ақ парақтарға жазып, шарға байлап, әуеге ұшырды.
Қуанса – бала қуансын. Бұл балалардың келешекте қоғамның қамқорлығын сезініп өсуіне, ер жетіп еңбекке жарағанда еліне қызмет етуіне жол ашады.
Сонымен бірге, Елімізде әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлерінің күні 2011 жылы белгіленіп, қазан айының соңғы жексенбісінде атап өтіледі. Аталған мерекелік күн биыл да өз дәрежесінде өтті. Осы күні Шардара қаласының әкімі Олжас Айдосов ауданымызда әлеуметтік сала бойынша еңбек етіп жүрген бір топ сала мамандарын арнайы қабылдап, мерекелік сый-сияпат табыс етті.
«Бұл мереке – бүгінгі таңда тұрғындарымыздың әл-ауқатын арттырудағы өзіндік зор үлесі бар, өзінің жанқиярлық еңбегімен, қажымас қамқорлығымен қарттарға қызмет етіп, мүмкіндігі шектеулі жандарға, аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға баға жетпес көмек көрсетіп жүрген мамандардың мерекесі.
Қоғамымыздың, өміріміздің тұрақтылығымен әл-ауқаты көп жағдайда халықтың әлеуметтік қорғалу деңгейіне, әлеуметтік кепілдіктерге байланысты болса, оның жүзеге асуы әлеуметтік қорғау жүйесінің мамандарымен тікелей байланысты» — деп қала әкімі Олжас Айдосов арнайы мамандарды мереке күндерімен құттықтап, Алғыс хаттар табыстады.
Марапат алған жандар азды-көпті еңбектерін бағалаған жандарға алғыстарын білдірді.