Түркістан музыкалық драма театры III маусымын ашты. Жаңа маусымның шымылдығы «Келіндер көтерілісі» қойылымымен түрілді.
Әлемнің 14 елінің сахнасында қойылып, елеулі туындыға айналған бұл шығарма 40 жыл өтсе де маңыздылығын әлі жойған жоқ. Алғаш рет Мұхтар Әуезов атындағы Қазақтың Мемлекеттік Академиялық драма театрының сахнасында 1978 жылы 15 сәуірде көрсетілген болатын. Өзбекстан Республикасының көрнекті жазушы-драматургі Саид Ахмадтың шығармасын аударған — Асқар Сүлейменов.
«Келіндер көтерілісі» комедиясы Түркістан музыкалық драма театры сахнасында жаңа заманауи келбетке ие болды. Қойылымның инсценировка авторы және режиссеры — Дәурен Серғазин. Театрдың көркемдік жетекшісі — Айнұр Көпбасарова. Балетмейстер — Мадина Мұратбекова.
Комедияда ене мен келін арасындағы қарым-қатынас қана емес, жалпы қоғамда орын алып отырған мәселелер де көрсетілді. Астарлы әзілге толы комедия көрермен қауымды күлкіге қарық қыла отырып, терең ойға батырды. Қойылымнан соң түркістандық театрсүйер қауым тік тұрып өнерпаз ұжымға құрмет көрсетті.