Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында «Жергілікті өзін-өзі басқару мәселелеріне, қоғамдық кеңестердің, пәтер иелері кооперативтері мен мүлік иелері бірлестіктерінің қызметін өзгертуге айрықша назар аудару қажет. Тұрғын-үйлер мен қала инфрақұрылымын абаттандыру мәселесін қолға алу керек, деп айтып өткен болатын.
«Бүгінде ауданымызда инфрақұрылымға қатысты мәселенің дені шешімін тауып қойған десек қателеспейміз. Барлық елді мекен ауыз су, газ және электр жарығымен қамтылған. Ішкі жолдардың да қанағатты жағдайы артып келеді. Әрине, бұл бағыттағы жұмыстар бұнымен тоқтамай, кезең-кезеңімен атқарылатын болады.
Біз ендігі кезекте халықтың әл-ауқатын арттыруға, жұмыссыз тұрғындарымызды жұмыспен қамтуға ерекше мән беруіміз керек»- деді, аудан әкімі Нұржан Ізтілеуов Шақпақ ауылдық округі тұрғындары алдында берген есептік кездесуінде.
Басым бөлігі сұрақ-жауап форматында өткен есептік жиынды аудан басшысы жауапты мекеме басшыларымен бірге тұрғындар тарапынан қойылған өтініш-ұсыныстарды жеке-жеке талдап, ол бойынша атқарылатын жұмыстардың барысын түсіндірді.
Кездесуді пайдаланып ауыл тұрғындарына жеке кәсіп ашуға ниетті жандар болса әкімдік тарапынан жеңілдетілген пайызбен несие алуға барлық қолдаулар көрсетілетіндігін жеткізген аудан басшысы, тиісті бөлім басшыларына бұл бағыттағы жұмысты барынша күшейтуді тапсырды.
Кездесуден соң Нұржан Жақсылықұлы, мәслихат төрағасы Хамит Байысбаев, мәслихат депутаты Бейбіт Төлешов, жауапты мамандар және ауыл тұрғындарымен бірге есептік жиында көтерілген мәселелерді шешу жолын талқылау мақсатында нысан басына барып, зерделеу жұмыстарын жүргізді.
Бірінші кезекте округ орталығындағы «Балбөбек» жеке емханасына барып, жұмысымен танысты. Бүгінде 2,5 мың тұрғын тіркелген жеке емхана кеңейтуді қажет етеді. Аудан басшысы жеке кәсіпкерге кеңетуге қажетті құжаттарды толық дайындап, ұсынуын сұранды. Содан-соң тиісті басқарма басшысымен бірге бұл мәселені толық зерделеп, заң талаптарына сай қандай қолдаулар көрсетуге болатынын хабарлайтындығын жеткізді.
Келесі кезекте, аудан әкімі 64 түтіні бар РЗД-114 елді мекеніне табан тіреп, ол жердегі білім мекемесінің жұмысымен танысып, ішкі жолдарының жағдайын бақылады.