Түркістан облысы дін істері басқармасының ұйымдастыруымен облыс орталығындағы «Яссы» спорт кешенінде Рухани келісім күні мерекесіне орай спорттық сайыстар ұйымдастырылды. Спартакиадаға қатысушылар спорттың төрт түрінен бақ сынады. Атап айтсақ, кіші футбол, арқан тартыс, кір тасын (гир) көтеру мен қол күрестен (армрестлинг) үздіктер анықталды. Оған облыс көлеміндегі діни бірлестік өкілдері мен мекеме қызметкерлері қатысты.
Бұл іс-шараға ҚМДБ Түркістан облысы бойынша өкілдігі мен, «Сарыағаш медресе колледжі, «Балаби қари» Құран жаттау орталығы, Қоғамдық даму басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ, Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ «Теология» факультеті, Дін істері басқармасының спорттық командалары қатысты.
Турнир жеңімпаздарын марапаттау рәсімі салтанатты жағдайда өткізілді. Марапаттау шарасында Облыстық дін істері басқармасының басшысы Рүстем Сабыржанұлы және ҚМДБ-ның Түркістан облысы бойынша бас имамы Ержан қажы Сматұлы Рухани келісім күнінің маңыздылығына тоқталып, жарысқа қатысушыларға алғысын жеткізді.
Сайыс қорытындысында шағын футболдан ҚМДБ-ның Түркістан облысы бойынша өкілдігі жеңімпаз атанды. Екінші орынды «Сарыағаш медресе колледжі, үшінші орынды Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-дың «Теология» факультеті иеленді. Бұл спорт түрінде «Үздік қақпашы» болып «Балаби қари» Құран жаттау орталығынан Әбу Омар танылса, «Үздік қорғаушы» номинациясы Өтегенов Айдынға (ХҚТУ), «Үздік шабуылшы» атағы Сманов Рахматуллаға («Сарыағаш медресе колледжі), «Үздік ойыншы» номинациясы Абдрахман Бауыржанға (ДІБ) бұйырды. Үздік номинация иегерлерінің әрқайсысына қаржылай сыйлық табыс етілді.
Ал командалық арқан тартыс сайысында «Сарыағаш медресе колледжі топ жарды. Екінші орынды Дін істері басқармасы, үшінші орынды ҚМДБ-ның Түркістан облысы бойынша өкілдігі иемденді. Кір тасын (гир) көтеруде Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ «Теология» факультеті чемпион атанса, екінші орынды «Сарыағаш медресе колледжі командасы, үшінші орынды Қоғамдық даму басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ командасы жеңіп алды.
Қол күресте ҚМДБ-ның Түркістан облысы бойынша өкілдігі қарсылас шыдатпады. Ал Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-дың «Теология» факультеті командасы екінші орыннан көрінсе, үшінші орынды «Қоғамдық келісім» КММ командасы түйіндеді. Жеңімпаздар дипломдармен, қаржылай сыйлықтармен және естелік кубокпен марапатталды.
Еске салсақ, 1992 жылғы 18 қазан күні Алматы қаласында Бүкіләлемдік Рухани келісім конгресінің 1-ші сессиясы өтті. Конгреске қатысушылар қазанның 18-ін рухани келісім күні – қақтығыстар мен жанжалдарға шектеу қою, татулыққа талпыну, жақын адамдарға қайырымдылық пен жәрдем жасау күні деп жариялауға шақырған манифест қабылдады.