«Спорт — денсаулық кепілі» атты ұранмен Мақтаарал ауданы әкімінің кубогы үшін 16 жастан асқан азаматтар арасында өткен Мақтаарал ауданының біріншілігі өз мәресіне жетті.
Аудан әкімі Бақыт Асановтың бастамасымен маусым айында басталған додаға 2 кент пен 9 ауылдық округтің құрама командалары қатысып, жалпы саны 60 ойын өткізілген. Сондай-ақ, 200-ге жуық спортшы жарысқа тартылып, ондаған төрешілер төрелік жасаған.
31 тамыз күні аудан біріншілігінің жартылай финалы және финалы кезеңдері өтіп, 3 ай бойы өткен жарыстың жүлдегерлері анықталды. Марапаттау рәсіміне қатысқан аудан әкімінің орынбасары Бейсенбай Төребеков жүлдегерлерді құттықтап, арнайы марапаттады.
«Ең біріншіден, Қазақстан Республикасының Конституциясы күні құтты болсын! 3 ай бойы тартысты да қызықты өткен Мақтаарал ауданының біріншілігі бүгін өз мәресіне жетіп отыр. Ауданның бұқаралық спортының дамуына атсалысып, жаздың шіліңгір ыстығына қарамай жасыл алаңнан табылған баршаңызға аудан әкімінің атынан және өз атымнан алғысымды білдіремін!» — деді Бейсенбай Тасболатұлы.
Аудан біріншілігінің қорытындысы:
І орын — Атакент кенті;
ІІ орын — Жамбыл а/о;
ІІІ орын — Ж.Нұрлыбаев а/о;
Үздік ойыншылар:
Үздік ойыншы — Орал Орынбасар (Атакент кенті);
Үздік шабуылшы — Тойбек Құшаров (Достық а/о);
Үздік қақпашы — Нұрқасым Раман (Ж.Нұрлыбаев а/о);
Айта кетейік, марапаттау рәсімінде Б.Төребеков Алматы қаласында қол күресінен жасжеткіншектер, жасөспірімдер, жастар, ересектер және мүмкіндігі шектеулі жандар арасында өткен 44-ші Әлем Чемпионатында күміс жүлдегер атанған Бақдәулет Серікбай пен қола жүлдегер атанған Қанат Мырзабековты да марапаттап өтті.