Экономикада басты міндеттердің бірі – жол инфрақұрылымын дамыту. Республикалық маңыздағы ғана емес, ауыл-аймақтағы автожолдардың өзі тақтайдай тегіс, сапалы салынуы қажет. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осыған баса мән беріп, Үкіметке тиісті тапсырма берген болатын. Енді жылдан-жылға жол құрылысына бақылау күшейіп келеді.
Келес ауданына қарасты Алпамыс батыр ауылдық округіндегі ішкі көшелерге асфальт төселіп, гүлзар аумағы абаттандырылуда. Атап айтқанда Ақжол елді мекеніндегі Абай көшесіне (1,4 шақырым) асфальт төсеу жұмыстары жүргізіліп, ағымдағы жылдың мамыр айында пайдалануға берілді. Сонымен қатар, осы көшедегі гүлзарға қосымша орындықтар орнатылса, Қауыншы елді мекені, Б.Майлин көшесіндегі жарықтандыру шамдары толығымен жаңа шамдарға ауыстырылды. Бұл туралы Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаевтың Алпамыс батыр ауылдық округінің тұрғындарымен кездесуінде айтылды.
— Алпамыс батыр ауылдық округіндегі маңызды мәселелерді шешу бағытында арнайы іс шара жоспары бекітіліп, жоспарға сай жұмыстар атқарылуда. Өткен кездесуде көтерілген алты мәселенің өз шешімі табылды. Атап өтсем, Ақжол ауылындағы спорт алаңшасының құрылысы аяқталып, ел игілігіне табысталды. Сонымен қатар, Қауыншы елді мекеніндегі Т.Тәжібаев көшесіне (1,2 шақырым) асфальттау жұмыстары жүргізілуде. Ағымдағы жылдың қазан айында пайдалануға беру жоспарлануда. Қауыншы елді мекеніндегі Қажымұқан көшесіне (2,0 шақырым) тас шағал төселіп, пайдалануға берілді, — деді Жәнібек Есенұлы.
Аудан басшысы өткен кездесулерде көтерілген түйіткілдердің ішінде жергілікті тұрғындардың ауылшаруашылығы мақсатындағы жерлерді пайдалануға алу мәселесі көтерілгенін, бүгінгі таңда сұраныс қанағаттандырылғанын атап өтті.
— Өткен жолы өткен кездесуімізде өздеріңіз тарапынан Алпамыс батыр ауылдық округінің Ақжол ауылында кооператив банкротқа ұшырап, жер телімін мемлекеттік балансқа өткізгенін, ендігі кезекте алдағы конкурста сол жерлерді қайта алу үшін, ауыл тұрғындарына басымдық беру мәселесін көтерген едіңіздер. Нәтижесінде Келес ауданы әкімінің қаулысына сәйкес, жергілікті азаматтардан құралған «Ер-тайыр» және «Ұлы Дала 2017» кооперативтеріне суармалы жерлер 10 жылға жалға берілді, — деді аудан басшысы.
Бүгінгі кездесу барысында атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттерін бөліскен аудан әкімі тұрғындар тарапынан көтерілген сұрақтарға жауап беріп, ұсыныстарын тыңдады.