Біздің Қазақ мемлекеті бұрынырақта өнеркәсібі де, өндірісі де, ауыл шаруашылығы да кеңінен дамыған ел еді. Тәуелсіздігімізді алып бүкіл жұртымыз болып қуанғанымыздың сол уақыттағы әсерін айтып жеткізе алмаспыз. Түрлі қиындықтардың салдарынан зауыт-фабрикалар тоқтап, ауыл шаруашылығы күйзеліске ұшырап, халқымыз ауыр кезеңдерді бастан кешіргені белгілі. Арада отыз жыл өтсе де сол қуатты өндірісті өнеркәсіп саласы әлі қалпына келе қоймады-ау.
Бұл саладағы осындай олқылықтарды негізге алған Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің биылғы Жолдауында «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдарын» жан-жақты қозғапты. Өндіріс орындарына қатысты маңызды бағыттарды белгілеген Мемлекет Басшысы: «Алдымызда тағы бір өте маңызды міндет тұр. Біз агроөнеркәсіп кешенінде нақты серпіліс жасауымыз керек, еліміз үшін судың маңызы мұнай, газ, немесе металдан кем емес. Көктемгі қарғын суды жинау және оны егістікке жеткенше құмға сіңіріп жоғалтып алмау мәселесі шешімін табуға тиіс. Өйткені оның бәрі — ішкі су қорымыз. Сондықтан, Су ресурстары және ирригация министрлігі құрылады» деді. Аталған министрлік құрылды. Су шаруашылығына қатысты жұмыстар енді бұрынғысынан өзгерек болып жанданатын шығар.
Енді осы суға байланысты өзіміздің аудан жағдайына көңіл аударайықшы. Кеңес дәуірінде Қапшағайды буған соң жүзім, жеміс-жидек кеңшары құрылады. Одан алынған өнімді өңдейтін зауыт салынады деген әңгімені еститінбіз. Бірақ оның соңы суармалы жерлерге жүгері, жоңышқа егуге ауысып кетіп, сол кездегі «Алғабас», Жамбыл атындағы совхоздар мен арнайы мамандандырылған бірлестіктердің дихандары табысты еңбек етті. Бұл іске мектептің жоғарғы класс оқушылары да өндірістік бригадалар құрып үлестерін қосты. Сонда су мүмкіндігінше тиімді пайдаланылды ғой дейміз. Ал қазіргі жағдай қалай? Биыл жөндеуден өтіп жатқан Қапшағай су қоймасынан ертеңгі күні су алатын қанша шаруашылық бар? Олардың қарамағындағы суармалы жер қанша гектар? Оны кім қалай игілікке жаратып жатыр? Шаян ауылы ауыз суды Қапшағай тоспасынан алудан әне-міне ажыратылады. Сонда Қапшағай қоймасындағы судың қоры молаятыны белгілі. Ол байлықты қалай пайдаланамыз? «Судың да — сұрауы бар» дейтін нағыз заман туған кезеңде «Жоба-жоба, екі қос уыс бір кілә» деген долбармен әйтеуір жүре берген жараспас. Су да, суармалы жер де тиімді пайдаланылуға тиіс. Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімі мәлімет жинау ғана емес, ғылыми негізде жұмыс ұйымдастыруды ойластырғаны жөн шығар.
Биыл Жамбылдағы су қоймасы Қапшағайдың жөнделуі есебінен аузы-мұрнына дейін толып, суға кенелді. Оны қалай пайдаландық деген сұрақтың жауабы бар ма? Осы тоспаны саларда Жамбыл мен Тасқұдықтың арасында екі мың гектар суармалы жер бар. Сол суармалы жер толық пайдаланылады дегенді естіп едік. Кейіннен белгілі болғанындай су қоймадан әлгі суармалы алқапқа су апаратын канал (оман арық) жобада қаралмаған ба, әлді басқалай себебі бар ма әйтеуір жасалмай қалыпты. Енді сол қырға су айдайтын арықты іске қосу керек қой. Жамбыл су қоймасына жыл сайын қызыл суды жинап, оны Жиенқұмға қарай ағызып жіберген пайдалы ма әлде?! Біздің мақаламыздың мақсаты — суармалы жерді, суды тиімді пайдалансақ деген пікірге қозғау салу.
Президент Жолдауында: «100-ден астам ірі сүт-тауар фермасы салынып жатқан Солтүстік Қазақстан облысының жетістіктері көпке үлгі» деп ой салатын мысалды алға тартыпты. Тағы да бұрын дейміз ғой. Барлық совхоз орталықтарында (қазіргі ауыл округтерінің орталықтары) тауарлы-сүт фермалары болғаны белгілі әсіресе аға буын өкілдеріне. Соны неге қолға алмасқа? Біздің қалталы жігіттер тек бидай егуге құмартып алған. Бір жыл өнім берсе, екі жыл қуаңшылыққа ұрындыратын (біздің ауданның ауа райының құбылмалылығын ұмытпау керек) осы диханшылық кәсіпті аудан жағдайында басқа салаға, мәселен жоғарыда айтылған тауарлы-сүт фермасына біртіндеп ауыстырып орнықтыруға неге болмайды, қара жердің құнарын қашырып, жыл сайын бетін тырналай бергенше. Сондай-ақ құс фермаларын ашуға біздің шаруаларға не кедергі?
Мен шаруашылықтың маманы емеспін. Айтылып жатқан ұсыныстарымды іске асырудың қиындықтарының да аз емесін сеземін. Бірақ «Тәуекел де дағы, тас жұт» демейтін бе еді халқымыз. Бизнесінде елеулі табыстары бар бірнеше азаматтар бірігіп, қолға алса шіркін деп те мазалайды ғой ойларымыз. «Жас келсе — іске» деп жастарымыздан күтер осындай сеніміміз де мол. «Үміт еткен, жастарым, Сендерге бердім батамды» деп Ыбырай атамыздың айтқанындай түрлі еңбектің ыстық-суығын көрген ардагер ата-апаларың Президенттің Жолдауын оқиды, оқиды да көңілдеріне тоқиды, сөйтіп туған жердің еңсесін көтеру үшін жаңа бастамаларды қолға алады деп жастарымызға — ұл-қыздарымызға сенеді. Иә, елдің ертеңіне, болашағына қатысты күрделі мәселелерді алға шығарған Президент Жолдауын іспен қолдайық.
Б. ҚАЛАУБАЙ,
Бәйдібек аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы.