Президент тапсырмасына сәйкес, агроөнеркәсіптік кешенде мемлекеттік қолдауды жетілдіру мақсатында Созақ ауданының орталығы Шолаққорған ауылындағы «Даңқ» саябағында ауыл шаруашылығы саласындағы дәстүрлі «Алтын күз-2023» шарасы өтті. Жиын аясында арзан бағада азық-түлік өнімдерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы саласындағы заманауи технологиялар мен асыл тұқымды мал түрлерінің көрмесі өтті.
Мерекелік шарада аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков барша еңбек адамдарын құттықтады. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы бойынша жоғары көрсеткішке қол жеткізіп, мол өнім алған үздік ауыл, кент-округ әкімдерін марапаттады. Барлық көрсеткіш бойынша үздік шыққан Шолаққорған ауыл округ әкімдігі 1-орын, Жартытөбе ауыл округ әкімдігі 2-орын, Созақ және Құмкент ауылдық округ әкімдігі 3-орын алды. Жәрмеңкеге тауар әкелуді ұйымдастырған үздік ауыл номинациясымен Тасты ауылдық округ әкімдігі марапатталды.
Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы бойынша жоғары көрсеткіштер көрсеткені үшін — «Бірлік» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің төрағасы Мырзахан Назаров, «Жаңабай» шаруа қожалығының төрағасы Спандияр Жүнісов, «Пернебай» шаруа қожалығының төрайымы Спандияр Әбілқасымқызы, «Алманат» шаруа қожалығының төрағасы Омар Іргебай, «Шегебай» шаруа қожалығының төрағасы Қайырбек Оспанов, «Қайдауыл» шаруа қожалығының төрағасы Бекдауыл Төлепбаев, Таукент кент округінен жеке кәсіпкер Қаншайым Есенгелдіқызы, «Созақ үні» газетінің журналисі Данияр Бек, «Ырыс» Микроқаржы ұйымы ЖШС-нің өкілі Ғалым Сембекұлына аудан әкімі салтанатты түрде алғыс хат табыстады. Жиын соңы аудандық «Мыңжылқы» мәдениет үйі өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласты.
Айта кетейік, биылғы жылы теріскейлік шаруалар мол табысқа қол жеткізіп отыр. Сегіз ай қорытындысымен ауыл шаруашылығы саласындағы жалпы өнім көлемі 12 млрд 260,5 миллион теңгені құраған. Осы жылы 14 393 гектар аумаққа егіс егілген. Оның ішінде: 310 га — бидай, 1049 га — арпа, 769 га — жүгері, 1265 га — мақсары, 494 га — картоп, 482 га — көкөніс, 482 га — бақша, 1 996 га — жаңа жоңышқа егілген.
Ауданда төрт түлік мал басы да көбейіп келеді. Атап айтқанда, 47 777 бас мүйізді ірі қара, 286 364 бас қой, 38 478 бас ешкі, 32 440 бас жылқы, 16 027 бас түйе, 38 637 бас құс өсірілуде.