Халықаралық қарттар күніне және «Қала күні» мерекелеріне орай Кентау қаласында футболдан 40 жастан асқан әуесқой ардагерлер арасында қала әкімінің кубогі үшін турнир өтті.
Жарысқа қатысушылардың айтуынша, оларды спортқа, футболға деген махаббат біріктіреді. Сондай-ақ достарымен кездесіп, жақсы уақыт өткізуге мүмкіндік алады.
– Ардагерлермен жиі жиналып, футбол ойнаймыз, бой сергітеміз. Әдемі кездесулер, жақсы қарым-қатынасты бізге осы турнир сыйлайды. Ойын қиын берілді. Қарсыластарымыз мықты команда, соңына дейін берілмей ойнадық. Мұндай спорттық шаралар ардагерлерді қолдап, оларға мереке сыйлайды, – деді футбол ардагері Ерлан Әмірбеков.
Доп додасына қос командалар жоғарғы дайындықпен келгенін көрсетіп, тартысты өткен ойын нәтижесінде үздік қақпашы, үздік қорғаушы,үздік шабуылшы номинация иегерлері анықталып, оларға арнайы дипломдар мен естелік сыйлықтар табыс етілді.