Қариялар – елдің қазынасы, даналықтың қайнар көзі. Сөзі мірдің оғындай асыл қарттарымыз – кей жағдайда тоқтау салатын ақылшымыз, ал кей кезде жанымызға медеу болатын қамқоршымыз екені сөзсіз. Данагөйлеріміз елдің тілеуін тілеп ғана қоймай, ұрпақ тәрбиесіне де үлес қосады. Біз де ата-әжелеріміздің «Отаныңа адал бол» деген өсиетін орындап, еңбек етіп келеміз. Жүздерінде күлкіні көру үшін бар күш-жігерімізді арнаймыз, бас иеміз. Олардың батасын алу – мен үшін мәртебе. Оларды құрметке бөлеу – біздің парызымыз. Сондықтан 1 қазан – Халықаралық Қарттар күні мерекесі ерекше атап өтілуі тиіс деп ойлаймын.
Бүгінде мемлекетпен кепілдендірілген төлемдер көлемі жыл сайын көтерілуде, облыстық және жергілікті бюджеттер қаржысы есебінен де түрлі әлеуметтік қолдаулар ұйымдастырылып келеді. Мәселен, 80 жастан асқан 359 жалғызілікті қарияның зейнетақыларына ай сайын 1 айлық (3450 теңге) есептік қөрсеткіш мөлшерінде үстеме ақы төленіп отырады. «Қамқорлық» акциясы шеңберінде 8,7 мыңға жуық ардагерге қолдау көрсетілді. Атап айтқанда қоғамдық көліктерде тегін жүруге, электр мен газдың және судын ақысын төлеуге, дәрі-дәрмек алуға қаржылай көмек берілді. Бұл бірер мысал ғана.
Түркістан облысында облысында 2023 жылғы 1 қазандағы жағдаймен 185 611 мың зейнет жасындағы қарттар мен ардагерлер тұрады. Оның 14-і Ұлы Отан соғысының ардагерлері болса, 4 мыңнан астамы тыл еңбеккерлері. Биыл Ұлы Отан соғысы Жеңісінің 78 жылдығына арналған мерекелік шаралар өткізіліп, ардагерлерге бір реттік материалдық қолдаулар қарастырылды. Жалпы 4858 адам осы көмекті алды.
Қазіргі таңда облыстың аудан және қалаларында 17 ардагерлер ұйымы бар. Олардың барлығы қызметтік ғимаратпен толық қамтамасыз етілген. Егде жастағы азаматтарымызды сауықтыру мақсатында «Ардагерлер үйі» мен «Мейір» ардагерлер үйлері қызмет көрсетеді. 8 мыңға жуық қария денсаулығын түзеуге және өмір сүру сапасын жақсартуға мүмкіндік алып отыр. Ал, жалпы осы күнге дейін 5060 ардагер демалды. Демалу мерзімі 14 күнге белгіленген. Бір жылда 20 рет қабылдау ұсынылады. Бейнеттің зейнетін көруге лайықты ардагерлеріміз орталықтарда түрлі медициналық және белсенді қызмет түрлерін алады. Олардың қатарында тұз шахтасы және рефлексотерапия сынды сапалы қызметтер бар. Облыс аумағында 13 «Белсенді ұзақ өмір сүру» ашылып, тұрақты жұмыс істейді. Жетісай, Мақтаарал, Ордабасы, Отырар, Келес,Сарыағаш, Сауран, Созақ, Түлкібас, Шардара аудандары мен Арыс,Кентау, Түркістан қалаларында орналасқан орталықтарда 11 мыңнан астам зейнеткер қамтылған.
Жалғызілікті қарттарды әлеуметтік қолдау бойынша басқармаға қарасты зейнет жастағы жалғызбасты қарттар мен бірінші, екінші топтағы мүгедектігі бар адамдарға стационарлық жағдайда қызметтер көрсететін Шымкент қаласында орналасқан «№2 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы» КММ-сі (бұдан әрі –Орталық) қызмет көрстуде. Аталған орталықта 162 қызмет алушы бар. Оның ішінде 95-і жалғызілікті қарттар болса, қалған 67-і мүгедектігі бар адамдар. Ал, одан бөлек аудан, қалаларда 22 үйде әлеуметтік көмек көрсету бөлімшесі іске қосылған. Жалпы саны 2116 жалғызілікті қарт адамдар күндізгі уақытта үйде қызметтер көрсету жағдайындағы қызметтермен қамтылуда.
Қарттар күні мерекесіне орай облыс көлемінде «Ардагелерді-ардақтайық» атты іс-шаралар жоспары бекітілген. 1083 ардагер мен теңестірілгендерге әлеуметтік қолдаулар көрсетілетін болады. 29 қыркүйек күні облыстық деңгейде облыс әкімінің қатысуымен «Фараб» кітапханасында «Халықаралық қарттар» күніне орай мерекелік іс-шара өткізу жоспарлануда. Жиын аясында әлеуметтік-экономикалық дамуына қажырлы еңбек сіңірген зиялы қауым өкілдері, Ұлы Отан соғысының ардагерлері, тыл және еңбек ардагерлерімен жүздесіп, еркін пікір алмасады. Іс-шара барысында еңбек жолымен үлгі болып жүрген ардагерлер, облысқа еңбегі сіңген бірқатар еңбек және тыл ардагерлері, зиялы қауым өкілдері алғыс хаттармен марапатталады.
Асыл діңгегіміз саналатын қарияларымызды әрқашан ардақтап, қастерлеу, олардың өнегелі істерін насихаттауды жас ұрпақ санасына сіңіру – баршамызға ортақ міндет.
Мереке иелерін шын жүректен құттықтай отыра, зор денсаулық, қажымас қайрат және амандық тілеймін. Әр күндеріңіз шуақты да берекелі болсын.
Әсия Құралқызы ТЕМІРБАЕВА,
Түркістан облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы