Түлкібас ауданында халықаралық Қарттар күніне және ауданда әжелер алқасының құрылғанына 10 жыл толуына орай, ауқымды іс-шара ұйымдастырылды.
Облыстық ардагерлер кеңесі мен әжелер алқасының мүшелері 10 жылдықпен құттықтауға арнайы ауданымызға ат басын тіреп, ең алдымен Батыс Қытай – Батыс Европа дәлізінде орналасқан қоғам қайраткері Тұрар Рысқұловтың ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, тағзым етті. Келесі кезекте, қонақтарымыз Кәсіпкерлік мектебі ғимаратында орналасқан ауданымыздың ардагерлер кеңесі мен әжелер алқасының жұмыс орнына барып, атқарылып жатқан жұмыстарымен танысып, оң бағаларын берді.
Мерекелік шара аудандық мәдениет үйінде жалғасын тапты. Бұл жерде ауданымыздың мақтанышы, ғалым, Мекемтас Мырзахметұлы бастаған зиялы қауым өкілдері мен ауданымыздағы 13 округ пен 2 кенттен әжелер алқасы мен ардагерлер кеңесі шақырылып, концертік бағдарлама қойылды. Концерттік бағдарлама барысында, зейнет жасына жетсе де, аудан игілігі үшін жастарды тәрбиелеп, оларға бағыт бағдар беру жолында қызмет етіп жүрген ардагерлер мен әжелер алқасының мүшелерін аудан әкімінің орынбасары Ербол Орманов құттықтап, аудан әкімі Нұржан Ізтілеуовтың алғыс хатымен марапаттады.
Аталған шара “Алтын ғасыр” мейрамханасында жалғасын тауып, қазыналы қарттарымызға ақ дастархан жайылып, құрмет көрсетілді. Аудандық мәслихат төрағасы Хамит Байысбаев ардагерлер кеңесі мен әжелер алқасы мүшелерін Түлкібас Ауданының Мәслихатының алғыс хатымен марапаттап, ауданымыздың мәртебесін асқақтатып жүрген қарттарымызға алғыс білдірді.