Бәйдібек аудандық ардагерлер кеңесі жылдық жоспарлар негізінде жұмыс жүргізуде. 1 қазан — Халықаралық қарттар күні мерекесіне ұйым мүшелері өздерінің белгіленген кестелеріне сәйкес, көптеген қоғамдық іс-шараларды ұйымдастырды.
«Сайлау елді бөлетін емес, біріктіретін науқан болуы керек» деген Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың тұжырымдамасына сәйкес, жергілікті жерлердегі ардагерлер ұйымдары аудандық ардагерлер ұйымының басшылығымен, «Аmanat» партиясымен бірлікте сайлау науқанындағы ұйымдастыру жұмыстарына белсене қатысты. Нәтижесінде Парламент Мәжілісіне Ұласбек Сәдібеков, облыстық мәслихатқа Ғабиден Қапалбаев сайланды. Аудандағы он үш округтен түскен мәслихат депутаттарына үміткерлер ортасынан он адам «Аmanat» партиясынан сайланды.
Аудандық ардагерлер кеңесі тұрғындардың сұраныстарына байланысты Шаян ауылында ауызсуға, көгалдандыруға және ауыл тазалығына қатысты басқосу өткізіп, оған аудан әкімінің орынбасары Бағдатбек Жанғазиев, тиісті бөлім басшылары қатысып, пікір алмасып талқыланды. Жыл бойына мерекелік күндерге байланысты мәдени көпшілік іс-шаралар ардагерлер ұйымдарының қатысуымен барлық ауыл округтерінде өткізілді.
Әжелер алқасының құрылуының 10 жылдығына байланысты іс-жоспар жасалынып, соған сәйкес Бөген ауылдық округінде «Бата беру», Жамбыл ауылдық округінде «Тұсаукесер», Борлысай ауылдық округінде «Құда түсіп, сырға салу», Көктерек ауылдық округінде «Бесікке салу», Боралдай ауылдық округінде «Беташар» атты тақырыптарда ұлттық дәстүрлерді ұлықтау жұмыстары іске асырылып, 4-тамыз күні облыстық ардагерлер кеңесінен келген қызметкерлердің қатысуымен мерекелік іс-шараның қорытындысы жасалды.
Алғабас ауылдық округінде бұрын болған халық театрының ардагерлерімен халықтың кездесу кеші ұйымдастырылып, оған белгілі өнер қайраткері Татьяна Бурмистрова, аудандық ардагерлер кеңесінен Әтір Әлиева, Серікбай Тұржан, Мейрамкүл Ормаханова, Өркен Тұрлыбеков қатысты.
Боралдай ауылдық округінде ақын-ұстаз, еңбек ардагері Дүйсенбек Тұрғанбековтің 75 жасқа толуына байланысты аудандық және ауылдық ардагерлер ұйымдарының ұйымдастыруымен оқырмандармен кездесуі өткізіліп, ақын еңбек етіп, зейнеткерлікке шыққан Қаратау мектебінің ұжымы әріптестеріне құрмет көрсетті. Аудандық ардагерлер кеңесі мен әжелер алқасының ұйымдастыруында Ақбастау ауылдық округінде «Келіндер ілтипаты» тақырыбында конкурс өткізіліп, оған облыстық ардагерлер кеңесінен жауапты қызметкер қатысты. Аудандық ардагерлер кеңесі білім бөлімі басшылығымен бірлесе отырып, Ғани Мұратбаев атындағы мектепте «Әкелер мектебінің» төрағалары мен мектеп директорлары орынбасарларының қатысуында тәжірибе алмасу семинарын өткізді.
Үстіміздегі айдың басында Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына кезекті Жолдауын жасады.
Осы Жолдауда белгіленген нақты міндеттерді іске асырудың жағдайына ардагерлер кеңестерінің мүшелері де өз үлестерін қоса береді.
Бахарам ПАЗЫЛОВ,
аудандық ардагерлер кеңесінің хатшысы.