Жетісай ауданының әкімі Серік Үсенұлы Мамытовтың тапсырмасымен ауданға инвестиция тарту арқылы әлеуметтік-экономикалық ахуалды жақсарту, өндірістік кәсіпорындардың санын арттыру, тұрғындар арасында жұмыссыздық деңгейін төмендету бойынша тиісті жұмыстар атқарылуда.
Нақтырақ айтар болсақ, ағымдағы жылы ауданда құрылысы біткен 9 жобаның есебінен 2,3 млрд теңге, жыл соңына дейін аяқталуы жоспарланған 19 жобаның есебінен 5,6 млрд теңге, сондай-ақ, 2023 – 2024 жылдары жоспарланған 13 жобаның есебінен 37,1 млрд теңге инвестиция тартылып, жаңадан 1301 жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр.
Ауданда индустриялды аймақтың болмауына байланысты Асықата кентінің шекараларын кеңейтуге арналған іс-шаралар аясында ауданның және сырттан келетін кәсіпкерлердің инвестициялық жобаларына қажетті жер учаскелерін бөліп беру мақсатында аудан әкімдігімен Асықата кентінің жаңа шекарасынан 50 га жерді ауданның меншігіне қайтару және резервке алу үшін аталмыш жер учаскелерінің пайдаланушыларымен заң аясында тиісті жұмыстар атқарылуда.
Одан бөлек, Жетісай қаласындағы резервке алынған 12 га жерден шағын өндірістік паркін (технопарк) ұйымдастыру үшін «Turkistan» әлеуметтік кредиттік корпорациямен келіссөздер жүргізілуде. Бүгінгі таңға жоспарланған шағын өндірістік паркінің құрылысына қажетті 5 га жер телімі белгіленіп, барлық инфрақұрылым желілерінің қосылу нүктелері ұсынылды. Сондай-ақ, жобаны «Кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ арқылы қаржыландыру үшін тиісті жұмыстар атқарылуда. Жоспарланған паркте барлық инфрақұрылыммен қамтылған өндірістік жайлар тиімді бағамен аудан кәсіпкерлеріне жалға беріліп, 15 инвестициялық жобаны іске асыру, 200 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған.
Сонымен қатар, ауданда мақта кластерін дамыту мақсатында үстіміздегі жылғы шілде айында облыстың мақталы аудандарынан құралған делегация Қытай және Өзбекстан елдерінде кең тараған тоқыма кәсіпорындарының тәжірибесімен танысып қайтты. Өзбекстанға жасалған сапар барысында Жетісай ауданы әкімдігі мен Наманган қаласындағы «TST GROUP» компаниясы және қытайлық «Viltop Textille Machinery» компаниясының басшыларымен ауданда тоқыма өнеркәсібін дамытуға келіссөздер жүргізілді. Аталмыш шет елдік компаниялардың басшылары 22 шілде күні Жетісай ауданына келген іс-сапары барысында жүргізілген келіссөздер бойынша өңірде 2023 – 2025 жылдары тоқыма өнеркәсібін дамытып, бірінші кезекте 5 мың тонналық тоқыма фабрикасын салу, екінші кезекте 5 мың тонналық мата тоқу фабрикасын салу, ал, үшінші кезекте тігін фабрикасын салу арқылы аудан экономикасына 41,5 млн АҚШ доллары көлемінде инвестиция тарту жоспарланған. Бүгінгі таңға бірлескен кәсіпорынның құжаттары әзірленіп, әділет басқармасына тіркелген. Жобаға қажетті жер учаскесін қарастыру, қаржылай және инфрақұрылыммен қамту бойынша қолдау жұмыстарын жүргізу мақсатында жобаны индустриалды картаға енгізу үшін тиісті құжаттар әзірленуде. Одан бөлек, жобаны өнеркәсіпті дамыту қоры арқылы қаржыландыру үшін тиісті құжаттар әзірленіп, тапсырыс берілді.
Аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Данияр Толыбаевтың мәліметінше биылғы жылдың 7 айында ауданға тартылған 11 020 млн теңге инвестицияның 4 589,6 млн теңгесі бюджеттік инвестициялар болса, 6388,3 млн теңгесі бюджеттік емес инвестициялар. Өңдеу өнеркәсібіндегі негізгі капиталға салынған инвестициялардың көлемі 105,4 млн теңгеге жетіп, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 120,5 пайызға артқан.