“Еңбекақы төлеу қорын көбейткен және салық төлемдерін арттырған кәсіпорындарға қолдау көрсетіледі. Бұл – негізгі талап. Сонымен қатар, мемлекеттен көмек алатын бизнес өкілдерін анықтайтын автоматты жүйе енгізіледі. Мемлекеттік сатып алудың мүлде жаңа жүйесі жасалады. Бағаның төмен болуы ғана емес, тауарлар мен қызметтердің сапасы басты назарда болады. Мемлекеттік және квазимемлекеттік сатып алуды бірыңғай платформаға көшіру қажет. Осының бәрін жүзеге асыру үшін “Мемлекеттік сатып алу туралы” жаңа заң қабылдануға тиіс”, – дейді.
Оның айтуынша, кәсіпкерлерге жер телімдерін ашық әрі жедел бөлудің тиімді тәсілдері айқындалуы тиіс.
“Оны жыл соңына дейін әзірлеу керек. Әрбір аймақ пен елді мекенде бос жатқан немесе мақсатына сай игерілмеген жердің бар-жоғын анықтау қажет. Бұл ақпаратты бизнес өкілдері білуге тиіс. Аталған шаралар кәсіпкерлердің ғана емес, жалпы экономиканың бәсекеге қабілетін арттыра түсетіні анық”, – деді Тоқаев.
Елімізде бұдан былай мемлекеттік қолдауға ие болғысы келген кез келген өнеркәсіптік кәсіпорын соның қайтарымын жасауға міндеттелмек. Бұл туралы ашық үкімет порталында жарияланған «Өнеркәсіпті мемлекеттік ынталандыру шараларын көрсету кезінде қарсы міндеттемелерді айқындау және қолдану жөніндегі қағидалары туралы» деп аталатын бұйрықта атап көрсетілген.
Кәсіпорынға қандай талап қойылады?
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі ұсынған бұйрық құжатына сүйенсек, кәсіпорындарға негізінен мынадай үш талап қойылады: еңбек өнімділігін арттыру, экспортқа бағдарланған тауарлар өндірісін ұлғайту және ішкі нарықтың қажеттілігін қамтамасыз ету.
«Егер бір бағытта бірнеше қарсы міндеттемелер айқындалған жағдайда, алушы қызметінің қаржылық-экономикалық көрсеткіштерін талдау негізінде алушымен және өнеркәсіптік-инновациялық қызметті мемлекеттік ынталандыруға қатысатын өнеркәсіптік-инновациялық жүйе субъектісімен келісім бойынша олардың біреуі немесе бірнешеуі қолданылады», делінген құжатта.
Кәсіпорын жоғарыда аталған міндеттемелерді орындамаса, онда мемлекеттік қолдау шарасы аясында алған қаражатын Ұлттық банктің базалық ставкасына сәйкес кері қайтарады. Сондай-ақ өзіне жүктелген міндеттемені қаншалықты орындай алғаны да ескеріледі. Кәсіпорынның міндеттемелерді орындауы мүмкін болмайтындай жағдайы құжатпен расталса, онда ақшаны қайтарудан босатылады.
Ал енді өнеркәсіп орны атқаруы тиіс міндеттемелерге нақтырақ тоқталайық. Біріншіден, еңбек өнімділігін арттыру бойынша – мемлекет қолдауын иеленген кәсіпорын екі жыл ішінде мемлекет салған 1 теңгеден табыс көлемін кемінде 2 теңгеге арттыруы керек. Екіншіден, ішкі нарық қажеттілігін қамтамасыз ету бойынша – инженерлік-техникалық және өндірістік персонал біліктілігін көтеру талап етіледі. Мысалы, келісім жасалған күннен бастап екі жыл ішінде кемі 5 қызметкердің біліктілігі артуы тиіс. Заңды тұлғаларды қоспағанда инвестициялық жобаларды жүзеге асыру кезінде салық аударымын (ЖТС пен СН) кемінде 10 пайызға ұлғайту қажет.
Егер кәсіпкер жергілікті тауар экспорты мен өңдеуші өнеркәсіп қызметін дамыту мақсатында мемлекеттік қолдауды алса, онда оған мынадай міндеттемелерді орындау жүктеледі. Экспортқа бағдарланған тауарлар өндірісін ұлғайту бойынша – біріншіден, өнімді сату мен қызмет көрсетуден түскен валюталық түсімді екі жыл ішінде кемінде 10 пайызға көбейту. Екіншіден, көрсетілетін мемлекеттік қолдау көлемінен кем емес сомада өнім экспортын қамтамасыз ету.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев отандық ірі бизнес өкілдерімен кездесуінде шұғыл түрде экономикалық саясатты қайта қарау керек деген еді. Сонымен қатар кәсіпкерлерге көрсетілетін барлық көмектің өтемі болуы керегін де еске салған.
«Бұл салықтың толық төленуі, экспортқа шығу, сапалы жұмыс орындарын құру және басқа да мәселелер. Мемлекеттік қолдау шаралары тек кәсіпорын табысын ұлғайтумен шектелмей, жұмыспен қамту және халықтың кірісін арттыру мәселесін де шешу керек. Мемлекеттік қолдау шараларын алып отырған компаниялар мемлекет қаражатын пайдалану туралы есеп ұсынып отыруға міндетті», деді Президент.
Әрине, қолдау шарасының түрі көп. Өнеркәсіптік кәсіпорындарды қолдау негізінен Qazindustry компаниясы арқылы жүргізіледі. Аталған компания қазақстандық кәсіпорын тауарларының шетелде насихатталуын, халықаралық көрме, жәрмеңке, фестивальдарға қатысуын қамтамасыз етті; өнімнің шетелде сертификатталуы, қоймалар мен сауда нысандарын жалға алу сияқты мәселелерді шешті. Әсіресе, кәсіпкерлер тарапынан транспорттық шығындарды өтеу шарасына көп өтініш берілген. Сондай-ақ қызметкерлерді шетелде оқыту, шетелдік мамандарды шақыруға қатысты да мемлекет қисапсыз қаржы бөлді. Компанияның 2020 жылғы мәліметі бойынша, экспорттық шығындарды өтеу көмегін алған кәсіпорындардың (50-ден астам) басым бөлігі тамақ өнеркәсібіне жатады екен. Ал еңбек өнімділігін арттыру бағыты бойынша көлік құрастыру, азық-түлік (30-дан астам) және металлургия (18) саласының кәсіпорындары көш бастаған.
Мемлекет қолдауын алған кәсіпорын қайтсе де қарсы міндеттемені атқаратын болсын дейтін қатаң талаптың қойылуы бекер емес. Елдегі өндірістің санаулы топтың майшелпегіне айналғанын жұрт біледі. Атын атап, түсін түстемесе де, сезеді. Бұл ойымызды Мемлекет басшысының 11 қаңтардағы сөзімен тұздықтасақ та болғандай.
«Мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігі мен қолжетімділігі көп сұрақ тудырады. Қалыптасқан жүйе «Достарыма – бәрін беремін, қалғандарына – заң бойынша» деген ұстаныммен жұмыс істейтін ірі құрылымдарға қызмет көрсетуге бағытталған. Бұл жүйе экономикадағы олигополияны күшейтуде. Ірі кәсіпорындар ерекше артықшылыққа ие болып алған, бәсекені тұншықтырып, реформа жасауға кедергі келтіріп отыр», деген-ді Президент Мәжіліс отырысында.
Осылай дей келе Мемлекет басшысы қаржылық-өнеркәсіптік және құрылыс саласындағы ат төбеліндей топтың жеке банкіне айналып кеткен «Қазақстан даму банкін» де сынға алды. «Үлкен кабинеттерге еркін кіретін мүмкіндіктерін пайдаланып, өз жобаларын жүзеге асыру жолында қолайлы шарттарды алады», деді Президент.
Қысқасы, онсыз да асығы алшысынан түсіп тұрған ірі кәсіпкерлер әрі қарай да бюджет қаржысын еш шектеусіз өз қазынасына құйып келген. Дәл қазір «Қазақстан даму банкінің» шаруасы майшаммен қаралып жатыр. Банктің басшылығында отырған және сол басшылығымен «қыл өтпес» досқа айналған ықпалды топтың да қылғытып келген қаржысы сұраусыз қалмайды. Ендігіде мемлекет қолдауын алған кәсіпорындарға үлкен үш талаптың қойылуы да содан.