Мемлекет басшысы «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына Жолдауында – келер жылы 100 мың жасты жұмысқа орналастыру. Қазіргі жұмыссыз жүрген жастарды кәсіппен баулып, жұмыспен қамту – ұлттың болашағына жасалып жатқан үлкен қадам. Сондай-ақ, Жолдауда Мемлекет басшысы қарапайым еңбек адамдарына құрмет көрсету туралы айтты.
Осы орайда, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың мемлекеттік бағдарламаларды ұлттық жобаларға трансформациялау жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында түрлі бағытта жобалар кешені әзірленген болатын. Соның бірі — Кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы. Аталған жоба кәсіпкерлік белсенділікті арттыруға, кәсіпкерлердің өсуін жеделдетуге, халықтың табысын арттыру, халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдау мақсатында, сонымен қоса бәсекелестікті дамытуға бағытталған.
Адамзат қоғамы әртүрлі мақсатқа арналған тұрақты өнім шығармайынша және оны үнемі дамытып отырмайынша өмір сүре алмайды. Ал, өндірісті өз кезегінде машинаның қолданылуынсыз елестету мүмкін емес. Осы орайда қоғамдағы автокөлік санының артуы, оған деген техникалық қызметтің сұранысқа ие болатыны анық.
Бәйдібек ауданындағы автокөлікке заманауи техникалық қызмет көрсететін жанның бірі — Алтынхан Ергешұлымен өзара сұхбаттасудың реті келіп көкейдегі сұрақтарымызды қойған едік.
Алдымен өзіңіз жайлы айтсаңыз?
— Шаян ауылының тумасымын. М.Әуезов мектебінің түлегімін. Отбасылымын.
— Кәсіби мамандығыңызға тоқталып өтсеңіз?
— 2000-2004 жылдары «Қазақ-Араб» университетін «қазақ және шет тілі» мамандығы бойынша тәмәмдағанмын. Иран мемлекетінде «Араб және Парсы тілі» мамандығын бітіргенмін.
— Еңбек жолыңыз…?
— Еңбек жолымды М.Әуезов IT лицей мектебінде (1999 жылы) «Араб тілі» пәнінің мұғалімі болып бастадым. 2004 жылы осы мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқардым. Бір кәсіпті бастау көптен көкейімде жүрді. Бірақ, қандай кәсіп? Қалай бастаймын? – деген сұрақтар үнемі мазалайтын… Осылай өз сұрағыма өзім жауап таба алмай жүргенімде, Темірхан ағам автокөліктердің қозғалтқышын ауыстыратынын, бірақ көліктің электр-тогын анықтау, жөндеу жағынан қиналғанын айтты әңгіме барысында. Осы орайда, ол маған қолқа салды: — Сенің техникадан хабарың бар, Астанаға барып осы бір электр жағын үйреніп келсең, сосын бірлесе жұмыс атқарар едік, — дегенде, өзімнің де көкейде жүрген сұрақтардың жауабын тапқандай болдым. Келісімімді бердім.
— Жеке қызмет көрсету орталығын тұрғызу, оның жұмысын жолға қою оңай болмаған шығар?
— Ия, әрине! Алғашында Шаянның ішіндегі бір-екі орталықты жалдап алып, жұмыс жасап көрдік. 2019 жылы толықтай жеке кәсіпкерлікке бет бұрдым. Астана қаласында білімімді жетілдіріп келдім. Осы қызметті толықтай меңгерген соң, өзіме жеке қызмет орталығының керектігін сезіндім. Елімізде жаппай пандемия, карантин басталып, осындай кәсіпкерлік жұмыстар тоқырауға түскен кезінде, мен осы қызмет көрсету орталығының құрылысын тұрғызып алдым. Міне, енді, жеке өзімнің қызмет орталығым бар «Аллаға сансыз шүкір».
— Бүгінгі күні көрсетілетін қызметтерге тоқталсаңыз?
— Бүгінгі күні автокөліктерге диагностика, қозғалтқыштарды ауыстыру, электрик сынды қызмет түрлері көрсетілуде. Қазіргі таңда көрсетілетін қызметтің негізгісі: артқы жетектегі барлық «Toyota» автокөлігінің қозғалтқыштарын орнату.
Орнатылатын қозғалтқыштардың түрлері:
1. 3 куб 2 JZ VVT-I;
2. 4 куб 1 UZ VVT-I;
3. 4 және 3 кубтық 3 UZ VVT-I т.т
— Қанша автокөлікке қызмет көрсеттіңіз немесе жөндедіңіз және сізге тапсырыстар қайдан келіп жатыр?
— Бүгінге дейін 46 автокөлікке қозғалтқыш орнатып, толықтай ауыстырып, жабдықтадым.
Негізгі тапсырыстардың басым көпшілігі Қызылорда, Жетісай, Алматы, Байқоңыр қалаларынан келеді. Ауыстырылған қозғалтқыштардың ішінде аудандық «жедел жәрдем» станциясының «JAC» автокөлігі де (қозғалтқышы — 2 кубтық турбо) болды.
Бұл көлік 2019 жылы қолданысқа берілген екен. Бүгінгі күнге дейін қозғалтқышқа екі қайтара толықтай жөндеу жұмысы жасалса да 8 ай қызмет көрсете алмаған. Бұл автокөлікке (2 JZ VVT-I) қозғалтқышы 3 кубтық орнатып бердім. Қазіргі таңда халық игілігіне қызмет етуге толықтай тапсырылды.
Е.ӘБДІБЕКҰЛЫ, Шаян ауылы.