Елімізде мемлекеттік қолдау аясында кәсібін дөңгелетіп отырған жандар қатары көбеюде. Биыл қайтарымсыз грант жобасы аясында әр кәсіпкерге бөлінген сома көлемі 1 млн 380 мың теңгені құрап отыр. Атаулы жоба жаңа бизнес идеяларды жүзеге асыруға арналған мемлекеттік гранттар аясында өтеді. Алайда биыл қайтарымсыз грантқа үміткерлер тізімінде жастар мен қатар 50 жасқа толған азаматтарда да қатысуға мүмкіндік алды. Айта кетейік мемлекеттік қолдауға зейнет жасына таяған азаматтар «Күміс жас» жобасы арқылы қол жеткізе алады. Аталған жоба өткен жылы зейнеткерлік жасқа дейінгі азаматтарды жұмыспен қамтуға жәрдемдесу мақсатында іске қосылған болатын. Осы тұста қайтарымсыз грант аясында жұмыс бастаған түркістандық жас кәсіпкер Сымбат Тойынбековамен әңгіме өрбіткен болатынбыз.
– Сымбат ханым, бұл кәсіпті бастауға не түрткі болды және қанша уақыттан бастап айналысып келесіз?
– Менің негізгі мамандығым дәрігер-эпидемиолог. Алайда кондитерлік салаға келуіме әкем себепкер болды. Түрлі тәтті тағамдарды әзірлеуге бала кезімнен әуес болдым. Сол қабілетімді байқаған әкем маған ылғи да қызым сен аспаз бол, тағамдарды дәмді жасайсың деп айтатын. Дегенмен мен өз қалауыма қарсы келіп, дәрігер боламын деп шештім. Адамның қалауы адастырмайды дегім келеді себебі өз қызығушылықтарыма араға біраз жыл салып қайта оралдым. Тұрмыс құрған соң, декреттік бала күтімінде жүргенде түрлі торттар пісірумен айналысып бастадым. Кәсібімнің жалғасуына қолдау білдіріп, жол сілтеген әлеуметтік кәсіпкер, Рухабза Халдарбек еді. Бүгінде жеке кондитерлік студиям бар. Қарамағымда әзірге бір адам жұмыс жасайды. Мереке күндері тапсырыстар көбейгенде жаныма тағы да екі-үш қыз алып жұмыс жасаймыз. Үйде отырып, бір ай көлемінде 30-ға жуық торт пісіріп табыс тапқан кездер болды. Бір кәсіптің нағыз маманы болу оңай емес. Олай дейтінім мен он ай көлемінде қарапайым пешке пісіріп жүрдім, бір күні ол жарамай қалды. Сонан соң жинап жүрген ақшаларыма үлкен италияндық пеш, комбайн сатып алдым. Яғни нөлден бастап көтерілдім десе де болады.
-Қайтарымсыз грантты қалай және қанша теңге көлемінде ала алдыңыз? Қазіргі таңда курс ашып мастер кластар өткізесіз бе?
– Алғашында бұл кәсіппен мен үйде екі жылдай айналыстым. Сол аралықта пісіруге қажетті құрал-жабдықтардың барлығын түгендеп алған болатынмын. Кәсіпті кеңейту мақсатында мемлекеттік грантты ұтып алуға өтінім тастадым. Арнайы оқып, сертификат алдым. Қайтарымсыз гранттың басты шарты жоба дайындау екені белгілі. Сонымен қатар, жобаны ойдағыдай қорғап шықтым. Нәтижесінде 1 млн 225 мың теңгені ұтып алдым. Бүгінде бір айда 400 мыңға жуық табыс табамын. Ал мереке күндері екі есе табыс тауып жатамыз. Жиі мастер клас өткізіп тұрамын, білгенімді қыздарға үйрету мақсатында торт пісіру курстарын өткізіп тұрамын. Курста 12 қызға арналған, балды торт атты авторлық тортымды жасап үйретемін. Бүгінде онлайн, оффлайн түрде курстар өткізіп жүрмін. Осы кәсіпке келмес бұрын мен саудамен де айналыстым, Қытаймен Түркиямен бизнес қазір қыз-келіншектердің арасында үлкен кәсіпке айналды. Бүгінде біздің студияда күнделікті торттармен қатар жартылай пісірілген өнімдер сатылымға шықты, міне осылайша бастаған кәсібіміз кеңейіп келеді.
– Кәсібінің нәсібін көріп жүрген азаматша ретінде жеке бизнеспен айналысқысы келетін жастарға қандай кеңес берер едіңіз?
– Жеке кәсіппен айналысқысы келетін немесе бизнесті жаңадан бастаған жандарға, жеке студиясы бар жас кәсіпкер ретінде айтарым, ең әуелі қорқыныштан арылу керек. Сонан соң дұрыс армандай білу, алға қойған мақсатына қалайда болсын жете білу керек. Сонымен қатар өзінің ұнатқан ісі болуы маңызды. Егер, сүйіп жасайтын ісің болса шаршау дегенді ұмытасың. Бастысы еңбектену қажет, қандай да бір жетістіктің артында көзге көрінбейтін алып еңбек тұрады емес пе? Арман-мақсатқа жету оңай емес. Сол жолда қорқынышыңды жеңе білсең, еңбектенсең, бәрін де тепе-теңдікте алып жүрсең ғана соңында нәтижеге қол жеткізе аласың.
– Мемлекет көтерген бастамаға көңіліңіз қаншалықты толады? Грантты ұтып алу барысында қандай да бір қиындықтар туындаған жоқ па?
– Мемлекеттік қолдауларға көңілім жүз пайызға толады. Себебі бәрі де әділ өтті. Өзім оқыдым әрі сертификат алдым. Сүйікті ісім болғандықтан жобаны қорғау барысында аса қиын болған жоқ, онда қойылған сұрақтарға да қиналмай жауап бердім. Яғни мен жобамды кондитерлік студия ашқым келеді, маған қолдау керек деп ұсынған болатынмын. Соның арқасында бүгінде жеке студиясы бар кәсіпкер атандым. Айта кетсем, осы сынды жобалар кәсіп бастағысы келіп жүрген жандарға таптырмас мүмкіндік. Өйткені үйінде жүріп-ақ, өз ісінің маманы атанып жүрген жандар, я болмаса өз қабілетін ішінде тұншықтырып жүрген адамдар, яки көп табысқа кенелгісі келетін адамдар өте көп. Осы сынды мемлекеттік қолдаулар жылда жалғасын тапсын дегім келеді. Бұл әрбір адамға ерекше шабыт береді, және жеке тұлға ретінде қалыптасуға үлкен септігін тигізеді. Грантты ұтып алу кезінде ешқандай қиындықтар туындаған жоқ, себебі маған жан-жақты қолдаулар көп болды. Ең әуелі Алланың қалауымен, сонан соң еңбегімнің арқасында қазіргі таңда жеке кәсіпкер атанып отырмын.
– Риясыз сұқбатыңызға рақмет! Еңбегіңіздің жемісін көре беріңіз!
Нұрсұлу ҚУАНЫШҚЫЗЫ.