Кез келген жұмыс орындарында еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау мәселесі басты назарда болуы тиіс. Еңбек шарттарын жақсартуға, қауіпсіз технологияларды енгізуге, жеке қорғанысқа, өндірістегі жазатайым жағдайларды алдын алу тәртібін орнатуға, жұмысшылардың денсаулығын қорғау, қауіпсіздік және еңбекті қорғау саласында заңнама талаптарын сақтауға бағытталған шаралар үнемі бақылауда болу керек.
«Түркістан облысы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төраға орынбасары Айдар Бахтыбаев пен Түркістан облысы бойынша ауыл, орман шаруашылығы табиғат және жануарлар әлемін қорғау қызметкерлерінің кәсіподағының жергілікті қоғамдық бірлестігінің төрағасы Сапарғали Шолданбаев, Түркістан облысы Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының «Жасыл желек» КММ-нің бастауыш кәсіподақ ұйымында қауіпсіз еңбек жылына орай, еңбекті қорғау және еңбек заңнамалары тақырыбында семинар өткізді.
Семинар барысында кәсіподақ мүшелеріне еңбек қатынастарын реттеу, еңбекті қорғау және техника қауіпсіздігін сақтау, өндірістік жазатайым оқиғалардың, еңбек дауларының алдын-алу, еңбек адамына құқықтық көмек көрсету жөнінде мағлұматтар берілді.
Өз кезегінде сөз алған төраға орынбасары Айдар Бахтыбаев 2023 жыл — «Қауіпсіз еңбек жылы» деп жариялауына орай, еңбеккерлерге еңбекті қорғау және техника қауіпсіздігін сақтау, өндірістік жазатайым оқиғалардың, еңбек дауларының алдын-алу, еңбек қатынастарын реттеу және кәсіподақ мүшелеріне құқықтық көмек көрсету жөніндегі мәселелерін тілге тиек етті.
Бұдан бөлек, кәсіподақ мүшелеріне жұмысшылардың еңбек мүдделері мен құқықтарын қорғау мақсатында Түркістан облысы кәсіподақтар орталығы» жанынан құрылған «Татуластыру орталығы» және «Заң клиникасы»-ның жұмысына тоқталып, қандай да бір мәселе төңірегінде заңгерлердің көмегіне жүгініп, тегін құқықтық кеңес алуға болатынын жеткізді.
Жиын соңында кәсіподақ мүшелері пікір алмасып, өз ойларында жүрген сұрақтарын қойып, оларға тиісті жауаптарын алды.
Айта кететін жайт, мекемеде 73 адам еңбек етеді. Барлығы жүз пайыз кәсіподақ мүшелері.