Түркістан облысы Сарыағаш ауданы кәсіпкерлік саласы бойынша алдыңғы қатарда. Аудан тұрғындары қол қусырып қарап отырмай, қайтарымсыз грант алып түрлі жұмыстың көзін тауып, кәсіпке айналдырып отыр.
осы орайда, Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев солардың бірқатарын аралап, жұмыс барысымен танысты, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған 4tagan.kz ақпараттық агенттігі.
Әкім ең алдымен Бауыржан Бекеевтің Сарыағаш қаласында орналасқан жеңіл көлік жиһаздарын химиялық тазалау орталығына ат басын бұрды. Ондағы қызу тіршілікпен танысып, қайтарымсыз грант алып кәсіп бастаған кәсіпкердің жұмысына сәттілік тіледі.
Сонымен қатар, аудан әкімі 2020 жылы қайтарымсыз грант алып кәсібін бастаған Қызылжар ауылдық округінің тұрғыны Гүлмайдан Абдибекованың тігін шеберханасының жұмысымен танысты. Кәсіп иесі аудан әкіміне жұмыс барысын баяндап, алдағы жоспарларымен бөлісті.
Содан соң, әкім Ақжар ауылдық округінің тұрғыны Нурия Азимбаеваның ем-дом қабылдайтын орталығына барды. Қайтарымсыз грант алып кәсіп ашқан Нурия 29 жасқа дейінгі жұмыссыз жастарға қайтарымсыз грант беріп, қолдау-көмек көрсететін мемлекеттік бағдарламаға өз ризашылығын білдірді.
— Қайтарымсыз грант – аудан тұрғындарына кәсіп бастауға үлкен көмек. Тұрғындардың әл-ауқатын көтеру арқылы біз өңірдің әлеуметтік экономикалық ахуалын жақсарта аламыз. Кәсіпкерлер – ауданның тірегі. Сіздерге жағдай жасау – біздің міндетіміз. Шағын және орта бизнес дамыса, кәсіпкерлік өркендесе, ауданда экономикалық даму да, тұрақтылық та болары сөзсіз, — деді аудан әкімі.