Қазақстан Республикасының Президенті
Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылғы 3 наурыздағы №826 «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес аудан әкімдері тоқсан сайын көшпелі кездесу өткізуі тиіс.
Аталған Жарлыққа сәйкес Ордабасы ауданының әкімі Нұрбек Бадырақов Шұбарсу елді мекенінің тұрғындарымен кездесті.
Халықты толғандыратын әлеуметтік мәселелерге баса назар аудара отырып, ауданды, оның ішінде Шұбарсуды жаңғыртудың негізгі бағыттарына тоқталды және проблемалық мәселелерді шешудің жолдары мен мерзімдерін түсіндірді.
Аудан әкімі шұбарсулықтарды “Ауыл аманаты” пилоттық жобасы аясында Шұбарда қолға алынғалы жатқан 40 мың басқа арналған мал бордақылау алаңына үлес қосуға (мал бордақылау) айналысуға шақырды. Ниет білдірген азаматтарға тиісті жер телімдері қарастырылатынын және 2,5% несие рәсімдеуге мамандар тарапынан қолдау білдірілетіндігін жеткізді.
Кездесуде Шұбарсу ауылдық округінде ауыз су, газ тарту, жол салу, білім беру нысандарының құрылысы бойынша атқарылып жатқан жұмыстары да кеңінен баяндалды. Атап айтар болсақ, “Жайлы мектеп” Ұлттық жобасы бойынша Шұбарсуда 2024 жылы екі мектептің құрылысы басталып, оларды 2025 жылы пайдалануға беру көзделіп отыр. Одан бөлек 4 жекеменшік мектептің құрылысы басталған.
Сонымен қатар ағымдағы жылы бірнеше көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Ұзындығы 17 шақырымды құрайтын 30 ішкі көшеге тас төселеді. Бірқатар көше жарықтандырылады.
2024 жылы Шұбарсу 100% табиғи газбен (халық саны — 36 660) қамтылады деп жоспарлануда. Қазіргі таңда елді мекенді газдандыру жұмыстары бес кезең бойынша жүргізілуде. Сондай-ақ Шұбарсуды осы жылы (2023 ж.) толық ауыз сумен қамту көзделіп отыр.
Аудан әкімінің баяндамасынан кейін кездесу сұрақ-жауап форматына көшіп, тұрғындар тарапынан экология, денсаулық сақтау, әлеуметтік көмек, жол, абаттандыру, мал шаруашылығы мәселелері бойынша сауалдар қойылып, олар бойынша жұмыс жүргізу үшін тиісті сала мамандарына нақты тапсырмалар берілді.
Кездесудің соңында аудан әкімі тұрғындарға жеке мәселелері бойынша қабылдау өткізді.
Аудан әкімінің баспасөз қызметі