Тәуелсіздік күніне орай Ордабасы ауданы, Шұбар ауыл округіне қарасты Аққойлы ауылына таза ауыз су берілді. Ақойлықтардың қуанышын бөлісуге аудан әкімі Нұрбек Бадырақов арнайы барып, құттықтауын жеткізді.
— Құрметті Аққойлы ауылының тұрғындары!
Сіздерді Тәуелсіздік күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Мереке қарсаңында ауылға ауыз су құбыры тартылып, ел игілігіне берілмек. Бұл қуанышты сәтті көп күттіңіздер. Ұзағынан болсын!
Өздеріңізге белгілі, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауылдарды дамытуға көп көңіл бөліп отыр. Арнайы тұжырымдамасы да бекітілді. Бұл мақсатқа қазынадан қаржы қаралып, келесі жылдан бастап тиісті жұмыстар бастау алмақ. Яғни, ауыл халқының тұрмыс-тіршілігі жақсарып, ауылдағы ағайынның әлеуетін арттыратын көптеген жобалар жүзеге асырылатын болады. Сол күндердің куәсі болуға нәсіп етсін, — деді аудан басшысы.
Жалпы, ауданда 57 елді мекен бар болса, соның 48 елді мекені құбырлы ауыз сумен қамтылған. Осы жылы 6 ауылға ауыз су тартылып пайдалануға беру жоспарланса, соның біреуі Аққойлы ауылы болатын. Мұнда тиісті жұмыстар өткен жылы басталды. Мердігер мекеме 7 шақырымнан астам су құбырын тартты. Су мұнарасын салды. Нәтижесінде 400-ден астам ауыл тұрғынына таза ауыз су берілді.
Жалпы, 2023 жылы аудандағы қалған 9 елді мекенге ауыз суын тартып, жоспарды 100 пайызға орындауға жоспары тұр.
Аудан әкімінің баспасөз қызметі