Киелі қаламыз Түркістан – Түркістан облысының орталығы болып бекітілгеніне бір жарым жылдың көлемі болып қалды.
Міне, осы уақыт төңірегінде рухани астанамыз адам айтса нанғысыз көріктеніп, көркейіп келеді. Салынып жатқан құрылысты, жаңғырып, жақсарып жатқан жолдарды көріп, сөзсіз сүйсініп таңданасың. Түркістанды бір сөзбен түйіндеп түйіп айтар болсақ, көріктеніп, көркейіп жасыл желек жамылған ну қала, сұлу қала болып келеді.
Түркістанның төрт жақ бағытында көше-көшенің, жол-жолдың бойына бүкіл облыс халқы жұмыла жасыл желек ағаштарын егіп шықты. Баршасына рахмет, Алла разы болсын. Күні ертең олар көгеріп, көктей өсіп, қаламызға көрік беріп, ауамыздың таза болуына кепіл. Таза ауа, таза су дертке шипа, емге дауа. Қаламыздағы жол бойындағы «жабайы базарлар» келмеске кетіп, автокөлік тұрағындағы аялдамалар көрікке көрік беріп, гүлденіп келеді.
Қазіргі таңда Түркістан сөзсіз гүлденіп, түрленді. Жол бойы жасыл желек жамылып, қызыл ала, көк көп гүлге оранды. Мұны тиісті еңбек адамдары күтіп баптауда. Туған қаламызға әрбір азамат сүйіспеншілікпен, құрметпен қарауы керек. Иә, еккен ағаштарға, өсіп өніп тұрған көкжелек шым мен гүлге қамқорлық керек.
Аялдамаларда кейбір тұрғындар көре тұра темекі қалдығын басқа да пісте, қағаз қалдықтарын өсіп тұрған көгалға тастай салады. Сол аялдамада қоқыс тастайтын темір жәшік тұр. Көпшілікті кінәлаудан аулақпын. Біздің көпшілік мәдениеттілікке, әдептілікке, сыпайылылыққа әлі дайын емес сияқты. Олай дейтінім, бұл келеңсіздікті көріп тұрып көзді жұмып өтіп кете береміз.
Менің сыныптас, қимас, сырлас досым, марқұм Әбдіғани Құрмантаев азаматтық борышын 60 жылдардың соңында Германия елінде өтеді. Ол елдің тәртібі бойынша адамдар бір-біріне сыйластықпен құрмет көрсетеді екен. Жол-жөнекей темекі тұқылын және т.б. қоқыстарды тастаған адамға оны көрген азамат: «Азамат, азаматша қоршаған ортаны ластау ұят. Тастаған затыңызды алыңыз, тиісті жерге апарып қойыңыз»,-деп ізет көрсетеді. Әлгі азамат ағат тірлігіне кешірім сұрап, тастаған затын алып, тиісті жерге қояды.
Айтар ой-пікірімнің тобықтай түйіні: Әрине сізді не басқаны бір іске мәжбүрлеп немесе мұқтаж ету емес. Баршамыз болып барды бағалап, ортақ мүдде – ел мүддесін ойлап, туған қаламыз Түркістанды көркейтіп, рухани бай қала болуына атсалысайық.
Көп болып көрген – білген келеңсіздіктердің қай түрі болсын алдын алып, болдырмайық. Бұл біздің иман байлығымыз, ертеңгі күні көркейіп, гүлденіп, жарқырап тұрар таңшолпанындай шамшырағымыз. «Көп қолдаса көл» дегендей, сол көлге бір тамшы болса да нәрлі, ойлы ой-пікірлерімізбен өз үлесімізді қосайық.
Мәдібек ТІЛЕУБАЙҰЛЫ, қала тұрғыны, зейнеткер.