Түркістан облысының құрылғанына төрт жылдан асты. Жұртшылық, әсіресе, Түркістан қаласын абаттандыру және жасыл қалаға айналдыру бағытындағы жұмыстарға дән риза. Облыс орталығы әлеуметтік-экономикалық және архитектуралық орталыққа ғана емес, жасыл желегі жайқалған, экологиясы жақсарған шаһарға айналып келеді. Көгалдандыру жұмыстары тоқтаусыз жалғасып жатыр. Түркістанда жергілікті климатқа тез бейімделетін көшеттер мен көпжылдық шөптер, гүлдер гүлдейтін шөптерді өсіруге мән берілген. Атап айтқанда, шаһарда көлеңке беретін әрі тез өсетін қарағай мен акация ағаштары, үлкенжапырақты шегіршін, үйеңкі отырғызылды.
Түркістан қаласының «Жасыл белдеуінде» жеміс ағаштары да өсірілуде. Бұл жұмыстарға агрономдар, мамандар, кәсіпкерлер, қала тұрғындары атсалысуда. Осы ретте қаланы 32 секторға бөліп, аудан, қала әкімдіктері мен басқармаларды жауапты етіп, жұмысты жүйелеу өз жемісін беру үстінде. Облыс, қала басшылығы әр секторды аралап, қаланың абаттандыру және көгалдандыру жұмыстарын тұрақты түрде тексеріп тұрады. Барлық секторда жұмыс қарқыны жоғары. Қала күн сайын қоқыстан тазартылып, гүлзарлар, саябақтар жайнай түскен.
Аяқжолдар мен веложолдар, субұрқақтар елге қызмет етуде.
Қала аумағындағы жасыл аумақтарға су жүйесі жүргізіліп, тұрақты түрде суарылып жатыр. Жасыл желектерді күнделікті суару үшін қала аумағына гидранттық жүйе жүргізілген. Бүгінде 32 секторда үш кезеңмен жұмыс жүргізіліп, 1600 га жерге 60 мыңнан астам көшет егілген. Қалада сенбіліктер өткізу, тұрғындардың экологиялық сауаттылығын арттыру бағытындағы іс-шаралар дәстүрге айналған. Сектор жұмысына жауапы азаматтың бірі, Отырар ауданы Талапты ауыл округі әкімі аппаратының қызметкері Дәурен Партаев Түркістанды түлетуге үлес қосып жүргеніне қуанышты.
«Облыс әкімінің тапсырмасы бойынша, Отырар ауданы әкімдігі жауапты сектордағы Құлыншақ ақын көшесінің тазалық, көріктендіру, көгалдандыру жұмыстарымен айналасып жатырмыз. Керемет өзгерістерді көрдік. Қаланың болашағы жарқын», – дейді отаншыл азамат.
«Жасыл белдеуге» тағы да барып, бақылаудан өткізген егілген көшеттердің уақтылы суғарылуына аса мән берілуі керектігін, сонда ғана іс нәтиже беретінін айтты. Ұрпақ үшін пайдалы бұл бастама үздіксіз жүзеге асырыла беретінін жеткізіп, азаматтарға жұмысты жанашырлықпен, сергектікпен атқаруды тапсырды.
Шаһардағы жағымды өзгерістерді Түркістан қаласының тұрғыны Әшім Алдабергенов жоғары бағалайды.
«Бұрынғыға қарағанда бұл жерде көп өзгеріс болып жатыр. Көгалдандыру, тазалық, абаттандыру жұмыстары өте жақсы. Облыс болғалы осындай жақсылықтарға куә болудамыз. Бұрын бұл «Жасыл белдеу» мен жаңа шағынауданның орны дала-тұғын. Даланы көркейтіп, жағдай жасап жатқан үкіметке рахмет», – дейді тұрғын.
Түркістанның тумасы, қала париоты Баян Бұлдырықова «Қазір туристер де көп келіп жатыр. Оның бәрі адамды қуантады. Мемлекет басшылығына, әкімшілікке ризашылығымды білдіремін. Қазір қалада мәдениет жоғарылап келеді. Көгалдандыру, абаттандыру жұмыстары арқылы Түркістанның экологиясы жақсара түсетініне сенімдімін», – дейді.
Айта кетейік, биыл Қазақстан Республикасының Үкіметі Түркістан облысын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарын мақұлдады. Түркістан қаласын дамытудың 1-кезеңі аяқталып, негізгі әлеуметтік инфрақұрылымы қаланды. 123 нысанның құрылысы аяқталды. Түркістан қаласын дамытудың ІІ кезеңі аясында 109 жоба іске асырылады. Бұл мақсатқа 1,3 трлн теңге инвестиция бағытталады. Бұл қолдау мен жоспарлар Түркістанды Орта Азиядағы ең көрікті шаһарлардың біріне айналдыруға серпін беретіні сөзсіз.
Әсіресе, абаттандыру, көгалдандыру жұмыстары қарқынды. Жан жадыратар жаңалықтар мен көз қуантатын өзгерістерді ел қазірдің өзінде сезіп-біліп отыр. Түркістанды дамыту бағытындағы жұмыстар жалғаса береді.