Шымкенттегі 226 ана үйден шықпай-ақ кәсіп жасаудың көзін тапқан. Бірі кондитерлік өнім пісіріп сатса, енді бірі тігін тігумен айналысады. Арасында балалар массажисі, SMM, шаштараз, дефектолог-логопед мамандығын меңгергендері де бар. Бұған «Бақытты жанұя» орталығы ұйытқы болып отыр.
Жыл басынан бері 664 азаматша әлеуметтік жағдайларын жақсарту үшін тегін курс оқып, кәсіптің қыр-сырын үйренген. Оның 303-і арнайы сертификат иеленсе, 361-і сертификатсыз білімдерін жетілдірген.
«Бизнес бастау» мемлекеттік бағдарламасы аясында 12 ана грант иегері атанды. Кәсіп ашып, ісін бастап кеткен оларға бүгінде мамандар тарапынан құқықтық көмек көрсетілуде.
Сондай-ақ әлеуметтік көмек алатын 29 453 жанға онлайн және офлайн форматта ЭЦҚ кілттері ашылып, «aleumet.egov.kz» сайтына тіркелуге мүмкіндік жасалған.
Шымкент қаласының тұрғын үй басқармасы және «Отбасы банк» АҚ-мен бірлесе отырып 1 324 анаға тұрғын үй мәселесі бойынша ақпараттық кеңестер ұйымдастырылса, «Бақытты жанұя» орталығына келген 342 азаматшаның құжаттары «kezekte.kz» порталына қойылды. Соның ішінде 14 ана «Бақытты отбасы» бағдарламасы арқылы баспаналы болды.
Айтып өтейік, «Отбасы банк» АҚ-мен «Бақытты жанұя» орталығы мекемесі арасында әріптестік меморандум түзілген. Осының негізінде орталық ғимаратында арнайы бөлме жасақталып, банк мамандары аналарға қызмет көрсетуде.
Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі