Түркістан қаласы облыс орталығы болғаннан бастап қаланы көгалдандыру мәселесі күн тәртібіне қойылды. Жергілікті билік сол арқылы қаланың микроклиматын жақсартуды мақсат етті. Себебі қала жазда аптап ыстығымен, атмосфералық жауын-шашынның тапшылығымен сипатталады. Жыл бойы шығыстан жел соғатыны тағы бар.
Бүгінде қалада көгал аумағы 524 гектарды құрайды.
Қаланы көгалдандыру бағытында былтыр күзде 100 мыңнан аса түп ағаш егілген болатын. Олардың 80 пайызы жерсінді. Осы жылғы күзде 120 мыңнан астам ағаш егу жоспарланып отыр.
Түркістан қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі таратқан деректерге сүйенсек, күздік маусымда егілетін ағаш көшеттері интродукцияланған, қаланың климатына төзімді. Егілетін ағаш көшеттерінің мыңнан астамы жеміс ағаш болады.
Күздік маусымда «Отырар» ықшамауданына — 29 мың, Әкімшілік-іскерлік орталық аумағында — 32 мың, әуежайға баратын жол бойына — 13 мыңнан астам көшет егу жоспарланып отыр. Сонымен қатар Б. Саттарханов даңғылы, «Денсаулық» саябағы, Шекті Тілеу, Баялиев, «Фараб» кітапханасының айналасы мен Кентау тас жолы, Майкотов және айналма жол бойын көгалдандыру қолға алынады.
Қаланы көгалдандыру бойынша Түркістан облысы Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы тарапынан да қолдау көрсетілуде. Қалада егілген ағаштардың басым бөлігін қысқа қарағаш, айлант, ірі жапырақты қарағаш, үйеңкі, ясень, тұт ағашы, форзиция, аморфа, богрянник, қарағай, айва, сириялық раушан, сирень, боз арша, акация, софора, форзиция, алма, терек және өзге де ағаштар құрайды.
Өз кезегінде Түркістан қаласы әкімдігі инфрақұрылым және коммуикация бөлімінің басшысы Ерсейт Бұхарбаев ағаш егу кезінде қарағаш, тұт, айлант, терек пен емен талдарын егуге басымдық берілетінін алға тартады. Себебі аталған ағаштардың түрлері қаланың климатына бейім келеді.