Түркі әлемінің рухани астанасы әрі облыс орталығы мәртебесін алған Түркістанды көгалдандыру, жасыл желекке айналдыру жұмыстары қызу жүріп жатыр. Төрт жыл уақыттың ішінде қала аумағында көптеген көшеттер отырғызылды. Шаһардағы жасыл желекті тұрақты суару үшін қосымша ағын сумен қамтамасыз ету жобалары жүзеге асып жатыр. Келешекте Түркістанның айналасы ну орманға айналады. Әрине, мұның бәрі дәл қазір айтуға ғана оңай. Себебі Түркістанның табиғаты құрғақ, аптап ыстық. Шіліңгір шілдеде қалада 40 градус қалыпты температура саналады. Термометрдің 43-45 граудсқа көтерілетін кезі де болады. Бұған шөлді аймақтың аңызақ желін қосыңыз. Мамандардың айтуынша, климаты құрғақ аймаққа жататын Түркістанда егілген көшеттердің өзге өңірлермен салыстырғанда жерсінуі тым төмен. Әлемдегі жасыл желектің жерсіну көрсеткіші 70 пайызды құраса, Түркістанда бұл 50%-дан аспайды. Мемлекет басшысының тапсырмасыбойынша киелі шаһарды жел эррозиясынан сақтап, экологиялық ахуалды тұрақтандыру және қолайлы климат қалыптастыру үшін қала айналасынан «жасыл» аймақ құрылған. Жасыл желекті күтіп-баптау жұмыстарына айрықша назар аударылған. «Қаланың өкпесіне» айналатын 30 мың гектар аймаққа сан түрлі ағаш отырғызылуда. Әр ағаштың түбіне тамшылатып суару жүйесі жеткізілуде. Қала аумағында ұңғымалар қазылып, су арналары жүргізіліп жатыр. Бірнеше су қоймасы салынуда. Жасыл желектің тамыр жайып, жерсінуі үшін бау баптаған бағбандар тартылған.
Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбеков шаһардағы жасыл желекті күтіп баптау және тазалық жұмыстарының атқарылуын аралап тексерді, деп хабарлайды қала әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған 4tagan.kz ақпараттық агенттігі.
Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбеков шаһардағы жасыл желекті күтіп баптау және тазалық жұмыстарының атқарылуын аралап тексерді, деп хабарлайды қала әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған 4tagan.kz ақпараттық агенттігі.
Әкімшілік-іскерлік орталығындағы гүлзар аумағын, әуежайға апаратын жол бойындағы көгал, Б.Саттарханов даңғылындағы желілік саябақтар және мәдени-рухани орталық аумағының қазіргі жай-күйін бақылап, кемшіліктер бойынша жауаптыларға бірқатар тапсырмалар жүктеді.
Жыл басынан бері жалпы 12,2 гектарға 15 мыңнан астам емен көшеттері, 9000 ш.м аумақта көгал егілді.
Ш.Тілеу, Байбұрт, С.Қожанов, Майкотов көшелері мен Есімхан алаңына түрлі қылқан жапырақты 12 мыңға жуық ағаш көшеттері демеушілер есебінен отырғызылды.
Түркістан географиялық белдеу бойынша шөлейтті аймақта орналасқандықтан қаланың микро климатын өзгерту үшін, қала аумағын толықтай суландыру мақсатында гидрантты жүйемен су жүргізу және егілген талдарды суару жобалары қолға алынып, жүзеге асырылуда.
45 саябақ, гүлзарлар және демалыс аймақтарының жағдайы тұрақты қадағаланып, аяқжолдар мен балалар ойын алаңдарында анықталған кемшіліктер мерзімінде қалпына келтірілуде.
Айта кетейік, Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының мәліметінше, бүгінгі таңда Түркістан қаласының айналасынан құрылған «Жасыл белдеудің» жоспарланған 29 511 гектар жер көлемінің 13 629 гектары орындалды. Орман мекемелерінің тұқымбақтарында 30 млн. көшеттері өсірілуде. Алдағы уақытта көшет санын 50-60 миллионға жеткізу жоспарланған. Сонымен бірге Түркістан – Шәуілдір тас жолының екі жағына 50 шақырым жерді Жетікөл аумағымен біріктіре отырып, анықталған 4000 гектарға жасыл екпе егу жоспарлануда.
Бүгінде Түркістан қаласында 400 гектар жерге жайғасқан 11 саябақ, 5 жасыл аймақ, 25 аллея мен гүлзар және 100-ге жуық көше бар. Әр саябақ креативті әрі ерекше үлгіде салынды. Демалыс аумақтары жарықтандырылып, көпжылдық және гүлді ағаштар егілген. Сонымен бірге қоршаған ортаны жақсарту мақсатында Түркістан облысының елді мекендерінде тұрақты негізде жасыл желек отырғызу бойынша акция өткізіліп тұрады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылы «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына Жолдауында республика аумағында экологиялық жағдайды жақсарту үшін 2 млрд түрлі ағаш көшетін отырғызу белгіленген болатын. Осыған сәйкес облыс әкімдігі Экология министрлігімен бірлесіп, кешенді жоспар қабылдады. Онда 5 жыл ішінде 110 210 га аумақты көгалдандыруға 170 млн көшет отырғызу бойынша тиісті жұмыстар атқарылуда. Сапалы және толық орындау үшін қосымша штат пен техника сатып алынады. Сонымен бірге Түркістан мен оның айналасындағы жасыл желекті ағын сумен қамтамасы ету үшін ауқымды жобалар жүзеге асуда. Түркістан облысын әлеуметтік-экономикалық дамытудың кешенді жоспары аясында маңызды су нысандарының құрылыс-жөндеу жұмыстары аяқталған соң Түркістан қаласына 250 млн. текше метр ағын су келіп, бұл мәселе толық шешіледі. Түркістанды түлетуге аудандар мен басқармалар да атсалысып жатыр. Қала 32 секторға бөлініп, оған бекітілген тиісті әкімдіктер мен басқармалар абаттандыру жұмыстарымен айналысып келеді.