Аптаның аяғына таман Төлеби ауданын бетке алып, тауға қарай тартып бара жатқандардың қатары көбейеді. Жеңіл көліктерін «жемдеп» алып жүйткіп бара жатқандардың іздегені – таудың таза ауасы мен миды тынықтыратын тұмса табиғаты. Жылдың қай мезгілінде барсаң да өзінің тамаша табиғатымен тамсандырып тұратын Қасқасуды жердің жәннаты деуге болады.
Алдымызда ұлық мереке – Республика күні келе жатыр. Сонымен қатар, биыл тұмса табиғатымен талайларды таңғалдырған Төлеби ауданына тоқсан жыл толып отыр. Осы мерейлі мерекелерді негізге ала отырып Қазығұрт ауданының әкімі Төлеген Телғараевты сөзге тарттық, деп жазады «Ońtústik Qazaqstan» газетінің тілшісі А.Жайымбетовтің мақаласына сілтеме жасаған 4tagan.kz ақпараттық агенттігі.
– Төлеген Тұртайұлы, Төлеби ауданының торқалы тоқсан жылдығы құтты болсын! Біздің қазақта «Той сылтауымен тон бітеді» деген әдемі сөз бар. Сол айтқандай, тойдың сылтауымен біраз «тонның» бітіп қалғаны белгілі ғой. Әрине, оның бәрін тізіп шығу шарт емес шығар, дегенмен жаныңызға жақын түйілген бір-екеуіне тоқтала кетсеңіз.
– Иә, ауданның тоқсан жылдығы біздің біраз жобаларымызды жүзеге асыруға зор мүмкіндік берді. Жалпы, былайғы уақытта да атқарылып жатқан жұмыстар аз емес. Халық мерекелік көңіл-күйді сезіну үшін әр салаға тиісті тапсырмалар беріп, олардың орындалуын қатаң қадағалап отырмыз. Мәселен, үйіңізге қонақ шақыратын болсаңыз, міндетті түрде аулаңызды сыпырып, жан-жағыңызды тазалап дегендей дайындық жұмыстарын жүргізесіз ғой. Сол сияқты біз де сол жағына басымдық беріп жатырмыз және оны тек тойдың аясында ғана емес, күнделікті өмірде дағдыға айналдыруымыз керек. Біз көркейту, көгалдандыру ісінде үздік деп танылғандарды ынталандыру мақсатында арнайы байқау өткіздік. Халық өте белсенділік танытты, аудан бойынша бес жүзге жуық көшенің тазалығы, тұрғындарының ұйымшылдығы сынға түсті. Әділқазылар алқасының шешімімен үздік деп танылған үш көшеге тарту ретінде балалар алаңшасын салып бердік. Сондай-ақ, «Төлебидің ғажайып өрнектері» атты облыстық өнер фестивалі мен «Туған өлке тарихы» интеллектуалдық ойындары да осы мерейтой аясында ұйымдастырылды. Дәл қазір Республика күніне орай мемлекеттік қызметшілердің балалары арасында «Менің Республикам» атты байқау жүріп жатыр. Мұны ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментімен бірлесіп өткізіп жатырмыз. Мақсатымыз – ауданның 90 жылдығы аясында өткізіліп жатқан шаралардың мазмұнын арттыру, 25 қазан – Ұлттық мерекені кеңінен насихаттау. Мұнда мемлекеттік қызметшілердің он бес жасқа дейінгі балалары аталған тақырыпта эссе, өлең жазады, бейнебаян түсіреді. Бұл, біріншіден, жастардың жазу өнерін шыңдаса, екіншіден, өздерінің туған еліне деген сүйіспеншілігін арттырады. Осы байқау төлебилік талай таланттың тұсауын кеседі деген сенім бар. Міне, осындай іс-шаралар, жаңа өзіңіз айтқандай елдің де, біздің де жанымызға жақын түйіледі.
– Өнер демекші, Төлебиді суретшілер елі деп те атап жатады.
– Мұнда Молдағали Қалдыбаев сынды қылқалам шебері, Тоқболат Тоғысбаев, Ерболат Төлепбай, Құрасбек Тыныбеков және Бексейіт Түлкиевтей кескіндеме өнерінің шеберлері шыққан. Ауданның 37 қылқалам шебері Қазақстан Республикасы Суретшілер Одағының мүшесі болса, бір ғана Қасқасу ауылынан жиырмаға жуық дарын иесі аталған Одаққа мүше. Бұл әлемде теңдесі жоқ құбылыс емес пе?! Сонымен қатар, біздің ауданды ақындар мен әншілер елі деуге де болады. Өзіңіз білесіз, жыр алыбы Қазанғап Байболов бастаған Сатыбалды Тілеуов, дарабоз дарын Мұхтар Шаханов, талантты ақын, қоғам қайраткері Қуаныш Төлеметов, белгілі ақын Сатыбалды Дулатиді де біз мақтан тұтамыз. Ал, эстрада жұлдыздары Нұрлан Өнербаев, Гүлнәр Сиқымбаева, Алтынай Жорабаева, опера әншілері Болат Бөкенов, Гүлзәт Дәуірбаевалардың есімі исі қазаққа мәшһүр. Таяуда ғана жарық көрген фильмде Ахмет Байтұрсыновтың рөлін сомдаған талантты актер Байғали Есенәлиевке де елдің құрметі зор.
– Төлеген Тұртайұлы, бұған дейін Қазығұрт ауданына басшылық еттіңіз. Салыстырмалы түрде алсақ, қандай ерекшеліктер бар?
– Екі ауданнан анау айтқандай ерекшелік байқалып тұрған жоқ. Табиғаты да, тұрғындарының тұрмыстық жағдайы да бірдей. Қазығұрт ауданында ауыл шаруашылығы саласына басымдық берілсе, мұнда туризмді дамытуға мүмкіндік мол. Бұл сала айтарлықтай дамып келеді. Ішкі туризмді айтпағанда, алыс-жақын шетелдерден келетін қонақтар да алдымен Түркістан қаласына аялдаса, одан кейін тау бөктеріндегі біздің ауданға асығады. Яғни Түркістан рухани тұрғыдан тартса, біз таза ауа, тамаша табиғатымызбен қызықтырамыз. Ауданымыз үшін туризм саласы өте үлкен маңызға ие, өйткені, қазіргі туризм бизнесінің 99 пайызын шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері құрайды. Бұл бағытта бүгінгі таңда жетпіс алты нысан жұмыс істеп тұр. Атап айтсақ, бір шаңғы базасы, төрт емдік-сауықтыру орны, жетпістен астам демалыс аймағы мен алпыс төрт саяжай бар. Биылғы сегіз айда 29 174 демалушы келіп, оларға 586 миллион теңгенің қызметі көрсетілген.
– Төлеби ауданының тыныс-тіршілігіне қысқаша тоқтала кетсеңіз…
– Аудан негізінен сүтті және етті бағыттағы мал, биязы жүнді қой, астық, көкөніс, жеміс-жидек өсіруге мамандалған. Леңгір қаласы орталығы болып табылатын ауданда 55 елді мекен бар. Жалпы, 12 ауылдық округтен құралған. Шығысында Талас Алатауы, Майдантал жотасы, оңтүстік-шығысында Өгем, Қаржантау, оңтүстік-батысы Қазығұрт тау сілемдерімен шектесетіндіктін Төлебидің табиғатына тең келетін жер жоқ.
– Ауданда шағын және орта кәсіпкерліктің даму барысы қалай?
– Таулы аудан өнеркәсібінің негізгі бағыты жеңіл және тамақ өнеркәсібі. Бұл бағыттағы аудан потенциалы өте мол. Азық-түлік өнеркәсібінде өнім өндіру көлемі жыл сайын өсіп келеді. Экономиканың басты көрсеткіші болып табылатын жалпы өңірлік өнім көлемі биылғы жылдың сегіз айында 77 млрд. 907 млн. теңгені құрады. Бұл өткен жылғы осы кезеңмен салыстырғанда 5,4 пайызға артық.
Жалпы, ауданда кәсіпкерлік субъектілер саны сегіз мыңнан асып жығылады. Бұл – үлкен көрсеткіш! Олардың өндірген өнім көлемі 29 529 млн. теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 104,3 пайызды құрап отыр. Ал, шағын және орта бизнесті дамыту үшін жыл басынан бері 6100 адамға 3 млрд. 921 млн. теңгенің несиесі берілді. Оның ішінде «Оңтүстік АИО» ЖШС және «Ырыс» МКҰ арқылы 296 млн. 100 мың теңгеге 39 жоба қаржыландырылды.
– Ауданға қаншалықты инвестиция келіп жатыр?
– Мұнда өз бизнесін өркендеткісі келетіндерге мүмкіндік мол екенін адамдар жақсы біледі. Сол себепті киелі аймақтың келешегі кемел деп айтуға болады. Айталық, «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы мен «Кәсіпкерлік қырандары» жобасы арқылы қаржыландыру нәтижесінде жеке кәсіпкер Э.Еспенбетова Диқанкөл елді мекенінде құны 57 млн. теңге болатын «Диқан Тау» саумалы мен сауықтыру орталығын іске қосты. Кешен бір мезгілде 25 отбасын қабылдауға қауқарлы. Сондай-ақ, Көксәйек ауылдық округінде «Сақ» демалыс аймағының құрылысы жүргізілуде. Бүгінгі таңда балық шаруашылығы, тамақтану қызметі және сақ моншасы іске қосылып, төрт адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Балық шаруашылығында үш көл бар, онда карп пен форель балықтары өсіріледі. Ал, Кемеқалған ауылдық округінде орналасқан «Алма-тау» тау курортында бүгінгі күнге қосымша қонақүй және спорт кешенінің құрылысын ағымдағы жылдың қараша айында аяқтап, пайдалануға беру жоспарлануда. Жоба құны 2 млрд. 650 млн. теңгені құрайды. Сондай-ақ, тау туризмін дамыту мақсатында «Қасқасу туристік-рекреациялық кешенінің» жобасын жүзеге асыру мақсатында 2022 жылға инженерлік инфрақұрылым жүргізу үшін облыстық бюджеттен 1 млрд. 50 млн. теңге қарастырылып, жол салу, электр желілерін тарту сияқты жұмыстары басталып кетті. Міне, осы жобалар жүзеге асса, туризм саласы одан сайын өркендеп, жыл соңына дейін 3 млрд. 757 млн. теңге инвестиция тартылып, 25 жұмыс орны ашылмақ.
– Бұл ауданда жайылымдық жерге қатысты проблема, дау көп. Мәселені шешу мүмкін бе?
– Осы өзекті мәселемен тұрғандар қабылдауымда да болды, кездесу-жиындарда да айтылады. Ауыл адамдарының негізгі күнкөрісі малға қарап тұрған соң, әрине ашынады. Бұл жардегі мәселе мынада: демалыс орнын салып, туризм саласын өркендетіп жатқандар бар, одан «табиғаты тамаша жерден жер алып қойсам, ертеңгі күні алдымнан шығады» деген бақай есеппен кезінде көптеген жерді алып, қоршап алып отырғандар бар. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы да бұл мәселеге байланысты келелі ойларын айтып, нақты тапсырма берді. Жайылымдық жерлерді халықтың мұқтажына алу мақсатында биыл комиссия жұмысының нәтижесінде біраз жер мемлекет меншігіне қайтарылды.
– Қазір әкімдер жергілікті халықпен жаңа форматта кездесулер өткізіп жүр. Ашық аспан астындағы алаңқайда өткізілетін басқосуда ашық-жарқын пікір алмасуға мүмкіндік мол. Жалпы, елді не толғандырады?
– Коммуналдық мәселелер жиі қозғалады. Алдыңғы кезекте ауыз су мен ағын су, табиғи газ және жер мәселесі. Аудандағы 55 елді мекеннің 48-і орталықтанған табиғи газбен қамтылған. Қалған жеті елді мекенді табиғи газбен толық қамтамасыз ету үшін республикалық бюджеттен 472 миллион теңге қаралды. Бұйыртса, жыл соңына дейін бұл ауылдар да «көгілдір отын» тұтынатын болады.
Жылдың төрт мезгілінде де тұрғындарды жеткілікті таза сумен қамтамасыз ету мақсатында тиісті жұмыстар атқарылып жатыр. Сондай-ақ, ағынсумен қамтамасыз ету мәселелері бойынша да бірқатар жұмыстар атқарылды. Естеріңізде болса, биылғы ерте көктемде жауын-шашын мол болып, біраз каналдар бүлініп қалған болатын. Зақым келген суағарлар қайта жөнделді. «Қыр» каналының топан су салдарынан жарамсыз болып қалған тұстары қайта қалпына келтірілді. Сонымен қатар, «Атбұлақ», «Озерный», «Планировочный» каналдары және «Кент» магистральды каналының 480 метр жері, аудан әкімдігінің ықпалымен «Қазсушар» республикалық коммуналдық меншігіндегі Тесіктас, Горный камень, Айналма және «Блюскен-1» каналдарының алты шақырымы жөнделді. Ал, Көксәйек, Қасқасу, Қаратөбе, Қоғалы ауылдық округтеріне қарасты сегіз каналдың жеті шақырымға жуық жері, Науытсай, Жаманжар, Аққұмның ішкі және Момынайтас каналдарының 12,5 шақырымы механикалық тазаланды.
– Бабын тапсаң байлықтың бәрі жерде екені белгілі. Әсіресе, Төлеби сияқты жері құнарлы аудандардың егін шаруашылығында да жетістіктері көп шығар?
– Соңғы бес жылдан бері аудан астық және майлы дақылдарды өндіруден алдыңғы үштікті бермей келеді. Биыл да бұл салада біршама өсім бар, оның ішінде егін шаруашылығында 12,4 млрд. теңгенің өнімі өндірілген. Жалпы, ауыл шаруашылығы саласындағы негізгі көрсеткіштерінің орындалу барысы туралы айтсақ, суармалы жердің көлемін ұлғайту жұмыстары бойынша 165 гектарға жетіп, меже 92 пайызға, тамшылатып суару 150 гектарға жетіп, меже 83 пайызға орындалды. Жұмыс өнімді болуы үшін жаңа техника керек екені белгілі. Бұл көрсеткіш бойынша да біз алда келеміз. Яғни ауыл шаруашылығы техникаларын жаңалау 58 бірлікке көбейіп, межені жүз пайызға жеткіздік.
– Мал шаруашылығын дамыту мақсатында түрлі бағдарламалар қолға алынды. Оның орындалу барысы қалай?
– Жаман емес. Нақты жауап беретін болсақ, «Алтын асық» бағдарламасы бойынша 1320 уақ мал алынып, меже 91 пайызға, «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 335 ірі қара мал алынып, меже 111 пайызға, «Құлан» бағдарламасы бойынша 145 жылқы алынып, меже 100 пайызға орындалды. Мал басы артқан соң оны бордақылау, сүт өндіру жұмыстары да жандана түсті. Шағын мал бордақылау алаңдары 64-ке жетіп, меже 100 пайызға, жанұялық сүт өндіру тобы 26-ға жетіп, 104 пайызға ұлғайды.
– Көгалдандыру мәселесі бойынша да бірер ауыз айта кетсеңіз.
– Бұл салада тындырымды тірліктер бар. Атап айтар болсақ, биыл қаладағы көп қабатты үйлердің аулаларын абаттандыру, балалар алаңшаларын салу, жарықтандыру, бейнекамералар орнату жұмыстары қарқынды жүрді. Көркейту жұмыстарынан басқа елді мекендер де шет қалған жоқ. Аудан бюджетінен қырық миллионға жуық қаржы қаралып, оған Сұлтан Рабат елді мекеніндегі спорттық алаңшаны қоршау, Ұзынарық елді мекеніндегі спорттық алаңшаға газон төсеу, Зертас ауылына алаңша орнату, Әңгірата елді мекенінен аллея салу сияқты жұмыстар атқарылды. Сондай-ақ, 46,2 миллион теңгеге орталық саябақ күрделі жөндеуден өтті. Сарқырама елді мекенінің көрікті жерінен қазақтың көрнекті ұлы, қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаевтың еңселі ескерткіші бой көтерді. Айналасы абаттандырылып, жасыл желекті гүлзарға айналды. Оны ауданның елжанды азаматы, жеке кәсіпкер Мұрат Шерім өз қаржысы есебінен салып берді. Жоғарыда айтқанымдай, ауыл-елді абаттандыру мақсатында қолға алынған «Үздік елді мекен», «Үздік көше», «Үздік аула» байқауларын өткізуге де жекелеген азаматтардың зор үлесі бар.
– Іс тетігін кадр шешеді деп жатамыз. Жас мамандарға көңіліңіз тола ма?
– Жастардың арасында жалындап тұрғандары бар. Кейде олардың іс-әрекеті, еңбекқорлығы, елжандылығы еріксіз сүйсіндіреді. Ауырдың астымен, жеңілдің үстімен жүргенді жөн көретін де жастар бар. Ал, мемлекеттік қызмет үнемі ізденісті, тың жобаларды ойлап табуды, елге жол көрсетуді керек етеді. Мемлекеттік қызмет байлық іздеп келетін жер емес, егер байлықты көздесе бизнеске барсын! Бизнес жасаймын, өз кәсібімді ашамын деген талапкерлерге мемлекет тарапынан көптеген мүмкіндіктер қарастырылып жатыр ғой, сол бағдарламаға қатысып, көздеген мақсатына жетуіне болады.
– Сәл күнде күз өтіп, қыс келеді. Басқа өңірлерге қарағанда қысы сәл қаттылау келетін Төлеби ауданы «кәрі құданы» күтіп алуға қаншалықты дайын?
– Қазақ әу бастан «қыстың қамын жаз ойла» деп бекерге айтпаған. Біз де өз тарапымыздан дайындық жұмыстарын бастап жібердік. «Жарық-жол» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің техникасы алдағы маусымға толық дайын деуге болады.
– Жұмыстарыңызға сәттілік тілейміз.