Арыс қаласына қарасты Монтайтас ауылдық округінің Шағыр елді мекенінде 2,5 мың шаршы метр аумақты құрайтын спорт және балалар алаңшасы пайдалануға берілді. Бір мыңға жуық тұрғыны бар елді мекенде өткен шараға Арыс әкімі Гүлжан Құрманбекова мен ауыл тұрғындары қатысты.
Шағырлық жеке кәсіпкер Қадырғали Сатымбековтің демеушілігімен іске асырылған жоба аясында бұдан былай қоғам арасында салауатты өмір салтын ұстанатын азаматтар мен спортты жанына серік ететін тұрғындар қатары көбейе түсетін болды.
Жиында сөз сөйлеген Арыс әкімі ұлт саулығын нығайтуға бағытталған игі шараларға қолдау көрсеткен кәсіпкерлерге алғысын айтты.
Жалпы құны 32 миллион теңгені құрайтын нысанда мың шаршы метрден асатын кіші футбол алаңшасы бар. 1 мың шаршы метрге жаяу жүргіншілер жолағы салынып, талапқа сай жарықтандырылған. Сонымен қатар, спорт алаңшасының маңында шағын демалыс аймағы салынған.
Айта кетейік, Арыс қаласы мен ауылдық округтерде 86 воркаут пен ойын және спорт алаңшасы пайдалануға берілген. Бұл — 87-ші нысан. 78 нысан бюджет есебінен, 7-і демеушілер есебінен жүзеге асырылды.